Италияда Леонардо да Винчидің "Мона Лизасында" бейнеленген әйелдің сүйектері табылды. Бұл туралы The Daily Mail хабарлады.
Лиза Герардинидің (Lisa Gherardini) сүйектері Флоренциядағы қасиетті Урусла (Convent of Saint Ursula) шіркеуінің астынан қазылып алынды. Осы тұста археологтар табылған қаңқа атақты суретшінің туындысындағы әйел екендігіне сенімді екендіктерін айтуда.
Тарихшылардың айтуынша, Герардини жібек мата сатумен айналысқан атақты саудагер Франческо дель Джокондоға тұрмысқа шыққан. Содан кейін Лиза дель Джокондо атанған ол 1542 жылдың 15 маусымында дүние салды. Оның өліміне күйеуінің қазасының уайымы себеп болған деседі.
Ғалымдар Герардини сүйегін іздестіруді 2011 жылы бастаған болатын. Сол кезеңдерде аталған шіркеудің астынан әйел адамның бас сүйегі мен қабырға, омыртқа сүйектері табылған еді. Жақын арада археологтар қаңқаның барлық бөліктерін тауып, оларға ДНҚ анализын жасауға бел буып отыр.
"Мона Лиза". Леонардо да Винчи
Тексеріс нәтижесі Герардинидің ұрпақтарының ДНҚ-сымен сәйкес келсе, табылған сүйектер арқылы оның бет әлпетінің компьютерлік моделі жасалатын болады.
Дайындаған: Еркебұлан Қайрахан