- Негізгі бет
- Тұлға
- Mister Youtube man....
Mister Youtube man. Видео көріп жаттыққан чемпион
Бұл – Джулиус Йего, найза лақтырудан әлем чемпионы, 2016 жылғы Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері. Оның чемпиондық атаққа жету жолы өте ерекше. "Менің жаттықтырушым Youtube-тегі видеороликтер болды" - дейді Джулиус. Иә, расымен, кениялық спортшы Youtube видеолары арқасында кәсіби спортшылардан кем түспейтін деңгейге жетіп, чемпион атанды. Табанды еңбегі мен жеңіске деген еш сылтаусыз ұмтылысы үшін спорт әлемінде оны "Mister Youtube man" деп атап кетті.
Кенияда найза лақтырумен көбі айналыса бермейді, мұндағы ең танымал спорт – жүгіру, жеңіл атлетика.
"Мен найза лақтыру үшін туылған шығармын. Өйткені, түйсігім "сен мына балаларды жеңе аласың" деп тұратын. Мен алғаш жасөспірімдер арасында рекорд орнатқанда, өмірім өзгереді деп ойладым. Бірақ Кенияда бұл оңай емес. Елде ол уақытта үйрететін жаттықтырушы болмады. Алаңда жалғыз өзім дайындалдым. Әкем қолдау білдіріп, найза лақтырушы атануыма көп көмектесті. Кенияда көбіне жүгірумен айналысады. Бірақ мен жетістікке жету үшін өзге спортты таңдадым, өзімді солай сынап көргім келді. Жан-жақтан ақпарат іздей бастадым, көп іздендім. Осылайша, мен үшін Youtube кезеңі басталды".
Джулиус Ян Железны, Питкямяки және Андреас Торкильдсен сияқты Олимпиада чемпиондарының видеоларын көп қараған екен.
"2004 жылға дейін тек таяқ лақтырып жүрдім. Сол жылы алғаш Афинадағы Олимпиадада норвегиялық Андреас Торкильдсен әлемдік рекорд иесі Ян Железныды жеңгенін көргенде менің найза лақтыруға деген көзқарасым өзгерді. Мен интернет-кафеде Торкильдсен, Железны және Питкямякилердің видеоларын сағаттап қарап отырдым. Видеодағы спортшылардың қалай жаттығатыны, лақтыру техникалары маған шабыт беретін. Соларға қарап жаттығуымды түрлендіріп, залда да қосымша дайындала бастадым. Иілгіштік қабілетімді дамытып, лақтыру қашықтығын ұлғайта бердім. Менің жаттықтырушым өзім және Youtube-тегі видеороликтер болды".
Ол Жалпыафрикалық ойындарды жеңгенде ғана жаттықтырушымен дайындала бастады. Бірақ жаттығуларының көбінде өзі жалғыз жаттыққан.
Джулиус ең алғашқы халықаралық жүлдесін 2010 жылы Найробидегі Африка чемпионатында алған еді. Одан кейін 2011 жылы Жалпыафрикалық ойындардың чемпионы, Африканың 2012, 2014 жылғы чемпионы, 2015 жылғы әлем чемпионы, 2016 жылы өткен Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері атанды.
Джулиус Йегоның әлем чемпионы атанғаны сәті
Бейжіңдегі Әлем чемионатында Джулиус найзаны 92,72 метр қашыққа лақтырып, өте жақсы нәтиже көрсетті. Әлемдік рекорд Джулиустың пірі Ян Железныға тиесілі (98,48). Оның көрсеткіші рекордтан кейінгі үшінші көрсеткіш болды.
2012 жылы спортшы Финляндияда жаттығу үшін экономикалық қолдауға ие болды. Онда ол жаттығу бағдарламаларын меңгеріп, соны кейін Кенияда қайталап, дайындала бастады.
"Мен Джулиус үшін қуаныштымын, мен кейін Youtube-тен оның видеоларын көріп дайындалатын шығармын", - деп қалжыңдайды атақты фин спортшысы Теро Питкямяки.
Қазір Джулиус Дохада өтетін 2019 жылғы Әлем чемпионаты мен 2020 жылғы Токио Олимпиадасына дайындық үстінде.
Massaget.kz