- Негізгі бет
- Тұлға
- «Менің атым Қожа»...
«Менің атым Қожа» фильміндегі Қаратай 90 жаста
Бүгін қазақ театр және кино өнерінің дара жұлдызы, Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының іргетасын қалаушылардың бірі Мәкіл Құланбаев 90 жасқа толды. Мәкіл Иманәлі темір ұстасының отбасында дүниеге келген. Отан соғысы басталып, Алматыға Мәскеуден өнер ошақтары көшіп келіп жатты. Жаңа оқу жылы басталғанда мектеп-интернатқа келген, қаталдау көрінген орыс апай жаңа ашылған театр училищесіне балалар іздеп жүргенін айтып, бұлардың этюд жасауларын сұрайды, оны қалай жасау керегін түсіндіреді.
Көзілдірікті әйелге не керек екенін мұғалімі қазақша айтып бергенде бала Мәкіл сәл ойланып, шыбын ұстауға кіріседі. Балалық сенгіштікпен жоқ шыбынды көз алдына елестетіп, аңдып жүріп қағып алады. Ұстаған шыбынымен бірге өзінің болашақ мамандығын уысына түсіргенін бала Мәкіл, әрине, білген жоқ. Осылайша ол өнер әлеміне сүңгіп кетті.
Мәкіл Құланбаевтың театр училищесіндегі алғашқы ұстазы Ольга Пыжова болыпты. Театр өнеріне кәсіби баулыған ұстазы Асқар Тоқпанов. Жас актердің сахнадағы алғашқы рөлі Ғабит Мүсірепов «Қозы Көрпеш – Баян сұлуындағы» – Қодардан бастау алды. Кейін Мұхтар Әуезовтің «Еңлік-Кебегіндегі» – Есен, «Ақан сері – Ақтоқтыда» – Науан хазірет сияқты үлкен рөлдерді шебер ойнап, өзін шыңдай түсті. Көрерменге жақсы таныс Қожаның өзі анасына қайта-қайта келіп жүрген бөтен еркекті ұнатпай, оны сыртынан келемеждеп жүреді. Ал Қаратай болса Милатжан бір үйге бір еркек керек қой дегенді жиі қайталаған сәтін көрермен ұмытпаған болар.
Осылайша Мәкіл Құланбаев «Менің атым Қожа» фильміндегі Қаратай рөлі арқылы кеңінен танылды. Одан кейін «Қилы кезеңде», «Атаманның ақыры» сынды оннан аса көркем фильмде түрлі рөлдерді сомдады. Ал кішкентай Алпамыстың атасы болып ойнайтын Мәкіл Құланбаев мүлде бөлек актер боп шыға келеді. Нағыз ақсақал дерсің. Балаға ертегі айтқанда тіпті құбылып кетеді.
Мәкіл Иманәліұлы кинода елуге тарта рөлдерді сомдапты. Ал теледидар мен радиода жүріп 500-ден аса рөлдерге дубляж жасаған. Мәкіл ағаны замандастары актердің кейпіне біртұтас еніп кететін дейді. Ертегі айтатын Ерден ата мен Жұмбақбай атаның даусын естіп өскен кешегі балалар да сағынып жүрген болар.
Дереккөз: baistars.kz
Н. Үсенова