- Негізгі бет
- Тұлға
- Медет Шотабаев: «Итальяндықтар...
Медет Шотабаев: «Итальяндықтар мені kazako деп атайды»
Медет Шотабаевтың музыкалық карьерасы студенттік кезде басталған еді, кейін «Астана Опера» театрында жалғасты.
Жетекші солист Медет Шотабаев жақында итальяндық театр басшылығымен Дж. Вердидің «Луиза Миллер» операсында Рудольфтің партиясын үш мәрте орындау жөнінде келісімге отырған еді. Piacenza және Ferrara қалаларындағы алғашқы орындаулар өте табысты өтті. Соңғы сапар әртіске нендей жетістік әкелді, болашаққа қандай мүмкіндік берді, осы жайында толығырақ тарқатсақ.
- Итальяндық Ferrara қаласында 10 қаңтарда өткен қойылым алдыңғысынан еш кем болған жоқ. Рудольф партиясын әлемнің жетекші театрлары қатарына кіретін итальяндық театрларда орындадым. Аталған спектаклді шырқамағаныма екі ай болғандықтан, шамалы уақыт ішінде бәрін еске түсіруге тура келді. Итальяндық көрермен – қызуқанды халық, әншілерді жақсы қабылдайды. Олар әрбір итальяндық жатқа білетін атақты тенорлық «Еске алу» ариясын өте мұқият тыңдады. Залда операны жібермей тамашалайтын, барлық әншілерді білетін көрермен жиналды. Осы тұрғыдан алғанда, Италияда ән салған өте қиын, себебі мұндағы әрбір адам опера өнерінің майталманы дерсің.
- Өз тыңдарманыңыздың, көрерменнің энергетикасын сезесіз бе?
- Әрине, тіпті, бір арияны немесе речитативті шырқағанда көрерменнің назарын бақылауда ұстап тұрғандай, онымен ойнап тұрғандай сезім болады және бұдан да өзіңше бір ләззат аласың. Мен олардың өзіммен бірге дем алып отыратынын сеземін. Италияның табиғатының өзі ән салғызады. Ылғал ауа дауыс желбезегіне жағымды әсер етеді. Ертемен тұрған бойда ән салғым келеді, себебі күн жарқырап тұрады. Бірақ тақырыптан ауытқымайық. Мен әлемнің барлық театрында өнер көрсететін ұстазым - Leo Nucci маэстромен ақылдасып, әр нотамен жұмыс жасап, қойылымға мұқият дайындалдым.
- Рудольф партиясын орындау сізге не береді?
- Бұл алға жасалған үлкен қадам. Себебі мен бұл партияны Италияда сонау заманнан келе жатқан адамдармен дайындадым. Мен үшін өмірімдегі осы сәттер өте маңызды. Мен, тіпті, әнді басқаша шырқайтын болдым, техникалық тұрғыдан шыңдалдым, кезінде мен үшін қиын көрінген ариялар қазір жеңіл сияқты, мен даусымның жеңілдегенін сезінемін. Қашанда алға ұмтылып, жұмыс жасап, үнемі ізденісте жүру керек.
- Орындауыңыз көңіліңізден шықты ма?
- Шырқаған сайын шыңдаламын. Әр жаңа орындаудан кейін өзімді бұрынғыдан сенімді сезінемін. Біз сахнада арияны құр орындап қана тұрмай, ойнауымыз керек, жаттанды сөздерді айтып қана қоймай, шырқаған әнімізді сезіммен жеткізуіміз керек. Бізбен жұмыс істеген кезде ұстаздарымыз өмірде басымыздан кешкен сәттерді іздейтін, қуанышты сәтті орындау керек болса, бастан кешкен қуанышты есіңе түсір, шынайы ойна, деп ақыл айтады.
- Актерлық шеберлік – бұл жоғарыдан берілген сый ма, әлде қажырлы еңбектің нәтижесі ме?
- Біреу туғанынан солай, енді біреуде қабілет болады, алайда сол қабілетті дамыту керек, мен осы өз-өзімен жұмыс істеуі керек адамдардың қатарына жатамын. Аталған операны шырқаудың қиындығы оның көне итальяндық тілде жазылғандығы.
- Соңғы сапар сізге нендей пайда әкелді?
- Спектакльден кейін маған «Гофман ертегілері» операсын орындауды ұсынды, қойылым Mezzo телеарнасы арқылы көрсетіледі. «Луиза Миллер» жобасының ұйымдастырушысы Кристина Ферари үнемі бізді қолдап жүреді. Келісімді ұсынған да сол. Спектакль аяқталғанда, жаныма келіп былай деді: «Мен саған сыйлық жасайын деп едім, ол - «Гофман ертегісі» операсының партиясын орындау жөніндегі келісім». Бұл француздық музыкаға жазылған өте қиын партия. Франция мен Италия бірлескен жобада төрт қалаға сапарға шығу көзделген. Мен бұрын-соңды француз қойылымын орындаған емеспін.
- Шет елде жалғыз болған қиын ба?
- Жақсы адамдар кез келген жерде кездеседі. Айталық, сеньор Роберто мен Алтынай Маханбетжанова есімді ерлі-зайыпты бар, олар Алматыда да, Италияда да тұрады. Италияға барған сайын мен солардың үйінде болам. Сеньор Роберто үнемі маған болысады, құжаттарымды реттеуге көместеседі. Ол операға берілген жандардың бірі, мейірімді адам, маған ылғи көмектесіп, қойылымдарымнан қалмайды.
- Италиялықтардың қазақстандықтарға деген көзқарасы қандай екен?
- Өкінішке орай ма, әлде жоқ па, ол жағын білмедім, бірақ ол жақта мені ешкім атыммен атамайды. Мені «kazako» (ит. қазақ) деп атайды. Барлық қойылымдар жайлы баспасөз жақсылап жазады, спектаклден кейін мені бәрі дерлік танып жатты. Тіпті, мейрамханаға барсам, маған үнемі: «O! Ciao, kazako», «Сәлем, қазақ! Сен не жейсің?» дейді. Бір күні репетиция барысында қайта-қайта қателесіп қоя бердім, бір қателестім, дирижер жарайды деп қайтадан бастайды, сосын екінші, үшінші рет солай болды. Содан соң ол қолына екі шөлмек алып: «Қазір жіберіп қаламын!», - деді. Сөйтті де: «Ұлтың кім?»,- деп сұрады, мен - «kazako» деп жауап бердім. Соңғы кезде менен итальянша сирек сұхбат алатын болып жүр. Камераның алдында аздап абыржитыным бар, ал көпшілік алдында сөйлегеннен қысылмаймын. Конференция кезінде тура солай болды, ол жерде әр солист өз пікірін айтуы керек еді, кезек маған жеткенде сайрап қоя бердім, көңіл-күйім өте жақсы болатын. Мұндай ұйымның бар болғаны өте жақсы екенін атап өттім, себебі біз өткен екі айлық курс жас әнші үшін өте пайдалы. Және де мен барлық сұхбаттарымда қазақ екенімді, сонау Қазақстаннан, «Астана Опера» театрынан келгенімді айтып жүремін.
Жаңа әріптестерімді бір ғана сұрақ мазалайды. Олар әншілерге жасалатын жағдай туралы білгісі келеді. Мен бізде бәрі жақсы екенін, пәтер бергенін айтам, сондай кезде шетелдік әріптестерімнің бізде жұмыс істегісі келіп кетеді. Мен одан сайын қуанамын, Қазақстан үшін мақтанамын.
- Қазір немен айналысып жатырсыз?
- Қазір «Қыз Жібек» операсындағы Төлеген партиясына дайындалып жатырмын. Себебі, қазақ операсын орындағым келеді. Мен үшін бұл өте маңызды.
- Шығармамен жұмыс жасағанда неден бастайсыз?
- Егер туындыны бұған дейін орындамасаң, алдымен репертуармен танысу керек. Егер білсең, бұрын шырқасаң, қиын емес. Білмесең, либреттосын жаттау керек. Шығарманың тарихымен танысу қажет. Бәрін жетік түсініп, бағалап, өз тұжырымыңды жасауың керек. Сосын мен жазбаларды тыңдаймын, кім қалай орындады дегендей, себебі, әр орындаушы өзінше шырқайды. Алайда біреудің орындағанын дәл солай қайталау мүмкін емес, неге десеңіз, адамдар әртүрлі, тіпті дауыс тембрі ұқсап тұрса да, әркімнің орындауы өзінше шығады. Және мен біреуге еліктеуге тырыспаймын. Мен вокалдық қиындықтарға тап болғанда ғана басқа орындаушылардың бейнетаспасын алып тыңдаймын. Ең жақсы орындаған әншіні тыңдаймын да, оның күрделі тұстарда қалай шырқағанын байқаймын. Осылайша, өзімнің нотамды табамын.
- Сахнадағы бәсекелістікке қалай қарайсыз?
- Менің мақсатым – ән салу! Бәсекелестік барлық жерде бар, Италияда да бар, алайда басты мақсат – лайықты өнер көрсету. Бәсекелестік жоғары болатын конкурстарға қатысқанда мен бар көңілімді соған аударып, ойға шомылып, бұл сайыс деп елестететінмін, алайда мұндай тәжірибеден ештеңе шыққан жоқ. Сонда барып, әнді бар ынтаңмен, жүрегіңмен айту керек екенін, шырқағанда содан ләззат алып, соңғы рет ән салып тұрғандай шырқау керектігін түсіндім. Сәттіліктің жолынасонда ғана түсесің.
- Сапар барысында есте қалған қызық оқиғалар болды ма?
- Иә, 2006 жылы Италияда оқып жүргенде байқамай төлқұжатымды киіммен бірге жуып жіберіппін, содан Қазақстан елшілігіне хабарласуға тура келді. Елшіліктегілер төлқұжаттағы фотосы бар бірінші бет сау ма деп сұрады, мен сау екендігін айттым, "онда ештеңе етпейді, жарай береді", - деп сабырға шақырды. Үйге қайтатын кез - жаз да келді. Маған алдымен Римге жетіп, сол жақтан ұшаққа отыру керек еді. Тіркеуге жақындағанда төлқұжат сұрады, барымды бердім. Тексеріп тұрған қыз таң қалып: "Мұндай төлқұжатты қабылдамаймыз", - деді. Қарсы жақта өзіміздің қазақтарымыз тұрған, олар бәрін естіп қалып, мәселеге араласты, сөйтсем, Қазақстан елшілігінде істейтіндер екен. Мен бар мән-жайды түсіндірдім, кешке дейін сыртқа шығатын төлқұжат жасап берді.
– Сіз үшін толыққанды өмір сүрудің мәні неде?
- Мен үшін толыққанды өмір сүру – махаббатқа толы жүрекпен өмір сүру.
Бүгінде Медет Шотабаев итальяндық Ravenna қаласында өнер көрсетуде. Талантты әншіге табыс тілейміз!
Сурет: "Астана Опера", dailynews.kz
Дайындаған: Анар Мұстафина
A. Mustafina