- Негізгі бет
- Тұлға
- Мартин Лютер Кингтің...
Мартин Лютер Кингтің сөзі. Менде арман бар
Қара нәсілділердің құқығын қорғаушы, Нобель сыйлығының иегері Мартин Лютер Кингтің 200 мың адамның алдында сөйлеген атақты "Менде арман бар" сөзін жазушы Есбол Нұрахметтің аударған нұсқасын ұсынамыз.
Есбол мен Скорсезе немесе таксист пен киллер
***
Бүгін мен сіздермен бірге біздің Отан тарихына бостандық үшін ұлы шеру ретінде енетін осы оқиғаның қатысушысы болғаныма қуаныштымын. Жүз жыл бұрын, бүгінгі күні символикалық бейнеде біздің төбемізде көтеріліп тұрған монументтің – ұлы америкалықтың қолымен құлдарды азат ету туралы манифеске қол қойылды. Әділетсіздіктің отына күйген миллиондаған еріксіз құрбандар үшін сол тағдыршешті бұйрық зарыға күткен бақыт шамындай еді. Сол бұйрық азапты тұтқынның басындағы қара түнектің соңғы нүктесін қоюға нұрлы үміт сыйлады.
Бірақ жүз жыл өтсе де Негр баяғысынша еріксіз. Жүз жыл өтсе де Негр тағдыры баяғысынша бөлектеудің қатыгез соқпағы мен кемсітудің шынжырында ақсаңдап келеді. Жүз жыл өтсе де Негр баяғысынша шет-шегі жоқ материалдық байлық мұхитының ортасындағы жалқы ғана жоқшылық аралында өмір сүріп келеді. Жүз жыл өтсе де Негр өз елінде жетімдік көріп америкалық қоғамның жиегінде езіліп жүр. Міне, біз осы құлақ естіп, көз көрмеген бұзақылықты жария ету үшін осында жиналдық.
Отанымыздың астанасына біз уәде етілген қарыз үшін жиналдық. Конституцияның және Тәуелсіздік декларациясының әйгілі сөзін құрастыра отырып, біздің республикамызды құрушылар әрбір америкалықтың алдындағы ұзақ мерзімдік міндеттеменің векселіне қол қойды. Бұл міндеттеме ешкімді бөлектемеуді, әрине, ақ пен қара теңдігін, өмірден бөліп алынбайтын құқықты, бостандықты және бақытты өмірге деген ықыластың кепілдігін уәде етті.
Америка, шүбәсіз, өзге өңді тұрғындары алдындағы өзінің міндетін орындай алған жоқ. Америка өзінің қасиетті міндетінен бас тартып, Негрге қамтамасыз етілмеген чекті, "шот қаражаты жеткіліксіз" деген белгісі бар чекті ұстатты. Біз әділет банкінің қауқарсыздығына сенуден бас тартамыз. Біз бұл мемлекеттің ұлы мүмкіндіктер қоймасының қаражаты жеткіліксіз екеніне сенуден бас тартамыз. Міне, сондықтан бізге бостандық қазынасы мен әділет қорғанының есігін ашып беретін сол чектің есебін жасау үшін осында жиналдық.
Міне, сондықтан Америкаға толғақты мәселенің өткірлігі туралы ескерту үшін біз осы қасиетті жерге жиналдық. Көңіл жұбатудың сән-салтанаты мен құлдықты біртіндеп күшінен қалдыру транквлизаторын біздің қалтамыз көтермейді. Өмірді демократияның сертіне айналдыратын сағат соқты. Бөлектеудің қараңғы және суық зынданынан босап, нәсілдік әділдіктің нұрлы жолымен жүретін сағат соқты. Отанымызды нәсілдік ескішіліктің оппа құмынан алып шығып, берік бауырластық топырағында нық тұратын сағат соқты. Құдай-тағаланың барша құлдары үшін әділдікті шын жүзеге асырудың сағаты соқты.
Толғақты мәселенің еленбеуі және өзге өңді халықтың батылдығын бағаламауы біздің Отан үшін өліммен тең. Бостандық пен теңдіктің сергек күзі келмейінше, қара өңді халықтың наразылығын растаған бұл аптапты жаз аяқталмақ емес. 1963 жыл – жылдың соңы емес, басы. Егер ертең мемлекет ештеңе болмағандай жұмысына шықса, сонда кім де кім Негр бүгін жиналған ашуын шығарып, ақыры тынышталады деп ойласа қатты қателеседі. Негр өзінің азаматтық құқына ие болмайынша Америка тыныштықты да, татулықты да көрмейді. Көкжиектен жарқыраған бостандық шұғыласы көрінбейінше, көтеріліс құйыны алда Отанымыздың негізгі қағидаттарын шайқалта түсетін болады.
Әділет сарайына бастайтын жылы табалдырықта тұрған өз адамдарыма да айтарым бар. Күн астындағы өзіміздің заңды орынымзға жете отырып, жаман қылықтарға айыпты болмақ емеспіз. Бостандық шөлін өшпенділік пен кекшілдік тостағанынан жұтып қандырмақ емеспіз.
Иә, біз күресімізді ылғи да адамгершілік пен тәртіп астында жүргізуіміз керек. Иә, біз өзіміздің шығармашыл қарсылықтың озбырлық ойпаңына құлауына жол бермеуіміз керек. Қайта-қайта физикалық күш пен рухани күш біріккен қарсылықтың асқақ биігіне көтерілуіміз керек. Негритяндық халықтың көкірегін кернеген ерлік рух бізді барлық ақ тәнді бауырларымызға сенбеуге алып келмеуі тиіс. Олардың көпшілігі – соның куәгеріндей бүгін олар да осында тұр – олардың тағдыры біздің тағдырмен егіз екенін түсінді, олардың бостандығы біздің бостандықтан бөлек емес екенін түсінді. Бұл жол жалқы жүруге тым ауыр болмақ.
Бұл жолда, тек алға жүреміз деп қана сөз береміз. Шегінерге жол жоқ. Егер кімде кім азаматтық құқық қорғаушыларға: "Енді қашан тынышталасыңдар?" деп сұраса, Негр қашан тәртіп қызметкерлерінің мағынасыз қатыгездігінің құрбаны болудан құтылмайынша, біз тынышталмаймыз. Біздің ауыр бейнеттен қалжыраған тәніміздің қаладағы және жол бойындағы қонақ үйлерде демалуына жол берілмейінше біз тынышталмаймыз. Негр тек кішкентай геттодан үлкен геоттоға ғана көше алатын жағдайдан арылмайынша біз тынышталмаймыз. "Тек ақ тәнділерге арналған" деген мейірімсіз жазудан біздің балаларымыз тұлғалық қасиеті мен өз құнын сезінуден айрылуы тоқтамайынша біз тынышталмақ емеспіз. Миссисипидегі Негр дауыс беру құқына ие болмайынша, Нью-Йорктегі Негр әлдекімге сеніп дауыс бермейінше, біз тынышталмақ емеспіз. Жоқ, тынышталмаймыз, қашан әділет пен туралық бастауының бұлағы селдей тасымайынша, біз тынышталмақ емеспіз.
Иә, сіздердің біріңізді бұл жолға кедейлік пен ауыртпалықтың желі айдап келгені маған анық. Енді біріңізді бостандыққа деген құлшыныстарыңыз себебінен қуғындаудың күшті дауылы мен тәртіп сақтаушылардың қатал бораны сілкілеп осы жолға салды. Сіздер – жасампаздық жолындағы азап ардагерісіздер. Бейнет түбі зейнет боларына сеніңіздер.
Миссисипиге қайтыңыз, Алабамаға, Оңтүстік Каролинаға, Луизианаға қайтыңыз, Отанымыздың солтүстік қалаларындағы лашықтарға және геттоларға қайтыңыз, шығар жолдың бар екенін және бәрі жақсы болатынын біліп қайтыңыз. Торығудың түпсіз тұңғиығына малынбайық.
Достарым менің, қазіргі және болашақтағы қиындықтарға қарамастан, бүгін сіздерге айтарым: "Менде баяғыша арман бар!" Тым тереңде америкалық арманмен тамырласқан арман.
Әйтеуір бір күні бұл халық өз сенімінің шынайы мағынасын түсініп, дүр сілкіне түрегеледі деп армандаймын. Біз жалпылық теңдік ешқандай да дәлелдеуді қажет етпейді деп берік сенеміз.
Әйтеуір бір күні Джорджияның қып-қызыл дөң-белестерінде баяғы құлдар мен құл иеленушілердің бүгінгі ұрпақтары бауырластық асын бөліп ішеді деп армандаймын.
Әйтеуір бір күні әділетсіздік жалыны қаусатқан, жан төзгісіз езгіге тұншыққан Миссисипи штаты да бостандық пен әділдіктің гүлзар бағына айналады деп армандаймын.
Әйтеуір бір күні таңда менің төрт балам адамдарды терісінің өңіне емес, қайта моральдық сапасына қарай бағалайтын елде таңғы ұйқысынан күліп оянады деп армандаймын.
Менде бүгін сондай арман бар.
Әйтеуір бір күні қатал нәсілшілдердің штаты, штаттың ісіне қол сұқпау туралы сөзге көпес, конгресс заңының күшін мойындамайтын губернатордың штаты Алабамада, әйтеуір бір күні қара нәсілді ұл-қыздар мен ақ нәсілді ұл-қыздар аға-қарындастай қол ұстасып бірге жүреді деп армандаймын.
Мен бүгін осылай деп армандаймын.
Әйтеуір бір күні әрбір аңғар толып, әрбір дөңес биіктеп, әрбір тау аласарып, ойлы-шұңқыр жол тегістеледі, бұралаң жол тураланады, Құдай-тағаланың жәрдемімен, баршамыз сол күнді көреміз деп армандаймын.
Бұл – біздің үміт. Бұл мені оңтүстікке оралтатын сенім. Осы сеніммен біз торығу жотасын үміт тасымен тас-талқан етеміз. Осы сеніммен біз алауыздықтың бей-берекет айғай-шуын бауырластықтың сұлу симфониясына айналдырамыз. Біз осы сеніммен әйтеуір бір күні азат болатынымызды біле отырып, бірге еңбектенеміз, бірге дұға тілейміз, бірге күресе аламыз, еріксізден бірге қажимыз, бостандық үшін бірге қасқайып тұра аламыз.
Сол бір күн әйтеуір келеді... Құдай-тағаланың барша құлы: «Отаным менің, мен сендегі бостандық еркесі, әкем жұмақ еткен жер төсі, саған ода арнаймын, атамның асқақ өлкесі, сенің биік таулырыңның бөктерін, бостандық қоңырауы тербесін!» дегенді өзгеше мағына беріп шырқайтын сол күн келеді!
Егер Америкаға ұлы держава болуды жазған болса, онда тек осы сөзді ақиқатында жүзеге асыру арқылы ғана болмақ. Иә, таңғажайып Нью-Гемпшир штатының биіктерінде бостандық қоңырауы сыңғырласын. Ірі Нью-Йорк штатының тауларында бостандық қоңырауы сыңғырласын. Пенсильваниядағы кербез Аллеган жоталарында бостандық қоңырауы сыңғырласын.
Колорадодағы мұз құрсанған Жартасты шыңдардың биігінде бостандық қоңырауы қағылсын.
Калифорнияның пішінді бөктерлерінде бостандық қоңырауы қағылсын.
Әсіресе Джорджидағы Тастақты жоталарда бостандық қоңырауының үні естілсін.
Теннесидегі Лукаут тауында бостандық үні естілсін.
Миссисипидің барлық дөңес-белдерінде және төмпеш-томарына, барлық бөктерлерімен қоса бостандық қоңырауы сыңғырласын.
Бостандық қоңырауы сыңғырласын және ол тек сыңғырлайды... қашан біз оның сыңғырлауына жол берсек, қашан біз оның барлық ауыл мен қыстақтан, барлық қала мен штаттан сыңғырлауына жол берсек қана сыңғырлайды. Сонда ғана біз сол бір күнді, Құдай-тағаланың барша құлының, ақ пен қараның да, иудеи мен еврей еместің де, католик пен протестанттың да қол ұстасып, байырғы шіркеу әніндегі "Біз азатпыз, мінеки! Азат болдық, ақыры! Шүкір етеміз, әке, саған, біз азатпыз, мінеки!" сөзін бірлікте шырқай алатын сол күнді жақындата түсеміз!
Т. Раушанұлы