Уақыт болмай жеке бас қамына
Келіппін жетпіс бестің асқарына
Ес жиып, ел алдында есеп беру -
Пендеге парыз шығар жаста мына.
Барымды бағалайтын сендерсіңдер,
Кәдеге асты ма, әлде аспады ма?
Төрімде отырыңдар толқын-тасып,
Орнатып ай мен күнді аспаныма.
Жетпіс бес жасты тілеп жетпегенге,
Жүз тілеймін бұл жастан асқаныңа.
Соңғы уақытта балалар поэзиясы, лирика, сатира, ән мәтіндері, аударма және әдебиеттің өзге салаларында белсене атсалысып жүрген қаламгерлеріміздің бірі Абдрахман Асылбектің 75 жылдық мерейтойына арналған салтанатты кеш автордың осы бір өлең жолдарымен басталды. Өмірінің ұзақ жылдарын қажырлы еңбек пен пайдалы іске арнаған ақынды құттықтауға келген халықтың көңіл-күйі де көтеріңкі.
Абдрахман Асылбек 1970 жылдан бері Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. 2007-2008 – 2009 жылдары Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі ұйымдастырған "Астана-Бәйтерек", "Тәуелсіздік толғауы" конкурстарының бірінші және екінші орын иегері, көптеген республикалық конкурстардың жүлдегері. Мұқағали Мақатаев атындағы әдеби сыйлыққа ие болған.
2008 жылы А. Асылбек қазақ ән өнеріне сіңірген еңбегі үшін ҚазАҚ - Қазақстан Авторлары Қоғамының Алтын төсбелгісімен марапатталған. 30-дан астам түрлі кітаптардың авторы.
А. Асылбек жазған "Жар-жар" әні 1959 жылдан бері үйлену тойларының беташары ретінде айтылып келеді. Аталған әнді мерекелік кеште Индира Расылхан мен "Асу" тобы орындады.
Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары Абдрахман Асылбек көптеген сазгерлермен бірлесе отырып, сүбелі туындыларды дүниеге әкелді. Әсіресе, Сейдолла Бәйтерек, Ермек Елгезек, Ескендір Хасанғалиев, Бейбіт Оралы, Нұрлан Еспанов, Жеңіс Сейдоллаұлы, Серік Сыздық, Ерғали Көшенов, Арман Асыланбек, Байдалы Рыспамбек, Медеу Арынбаев, Алтынбек Қоразбаев сынды сазгерлермен бірлесе жазылған әндері көпшілікке танымал.
Оларды Қазақстанның белгілі өнер шеберлері жиі орындайды.
Осы 75 жылдық мерейтойда А. Асылбекке туып-өскен жері Жамбыл облысының құрмет грамотасы мен Талас ауданы жұртшылығының алғыс хаты табыс етілді. Және де ақынға "Талас ауданының құрметті азаматы" атағы берілді.
Ақынды құттықтауға келген эстрада жұлдыздарының арасында Ескендір Хасанғалиев, Біржан Хасанғалиев, Жұбаныш Жексенұлы, Медеу Арынбаев, Жеңіс Сейдолла, Гүлнәр Сиқымбаева, Гүлнұр Оразымбетова, Алма Аманжолова, Өмірқұл Айниязов, Гауһар Қаспақова, "КZ" тобы т.б. бар.
"Мәңгі бірге болайық" атты мерейтойлық кештің шымылдығы Алма Аманжолованың орындауындағы "Елге сәлем" әнімен жабылды.
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева
Сурет: Айгерім Сматуллаева