Атыңнан айналайын Қарқаралы,
Сенен бұлт, менен қайғы тарқамады...
Осынау текті де кекті ән-өлең ХХ ғасырдың басында Алаш аспанында қалықтады. Әлі де шырқалады, шырқала да береді. Ежелден қасиет қонған, киелі Қарқаралыны әлдилеген бұл трагедиялық туындының иесі – Мәди Бәпиұлы. Ол – өз дәуірінің ерекше тұлғасы. Аз жазса да, саз жазған саңлақтың бірі.
Мәди Бәпиұлы – халық ақыны, әнші-композитор, Қаз дауысты Қазыбек бидің ұрпағы. Қарағанды облысында туған. 1880-1924 жылдар аралығында өмір сүрді.
Ақан сері, Біржан сал, Балуан Шолақ, Үкілі Ыбырай сияқты саңлақтармен кездесіп, өнеге алған. Жала жабылып, абақтыға түскен. Түрмеде елін, жерін сағынып, әділетсіз заманға налыған Мәди "Қаракесек" әнін шығарды. Бұдан басқа оның "Үшқара", "Шіркін-ай", "Мәди" атты әндері бар. Олардың дені кейін "Қаракесек", "Ер Тарғын", "Қыз Жібек" қазақ операларында пайдаланылды.
Мәди 1916 жылы азаттық жолындағы халық көтерілісіне үн қосты. Патшаның жергілікті әкімдерінің озбырлығын әшкерелейтін жырлар толғады. Мәдидің ән мәтіндерінен басқа өлеңдері әлі де жинақталмаған. Оның шығармалары туралы Ахмет Жұбанов зерттеу еңбектерінде, Әлжаппар Әбішев "Найзағай", Әйіп Бектасов "Мәди" атты кітаптарында жазды.
Күрескер-ақын, композитор туралы шығармаларда оның ішкі жан дүниесімен бірге сыртқы кескін-пішіні де біршама бейнеленген. Әлжаппар Әбіше романында "Мәдидің тұлғасы арыстанға ұқсайтын. Ат жақтылау келген басы шекелі екі иығына екі кісі мінгендей... Бір көрген адамды сиқырлап өзіне тартып алатын деп жазса, Кәрім Сауғабай "Мәди" повесінде: "Қою қара мұртты, орта бойлыдан сәл еңселілеу" деп кескіндейді. Ал Сапарғали Ләмбекұлы "Қаракесек" поэмасында: "Қыран көз ту қиырдан шалатұғын, іңірде қызыл шоқтай жанатұғын", - деп бейнелеген.
Мәдидің шығармашылығы дегенде, ең алдымен оның сегіз қырлы, бір сырлы сері екендігі анық байқалады. Ақындығы, сазгерлігі, әншілігі – бір биік таудан бұлқынып, жарыса аққан үш өзенді көз алдыңа әкеледі. Дәл осылай ағысты үш өзен қосыла келе таланттың тамаша теңізіне айналған.
Мәди – әнші
Ол өз әндеріне қоса Абайдың, Біржан сал мен Ақан серінің, Жаяу Мұсаның, басқа да халық композиторларының шығармаларын шебер орындаушы болған.
Мәди – ақын
Ол – "Қарқаралы", "Қаракесек", "Үшқара", "Шіркін-ай", тағы басқа көптеген ән мәтіндерінің иесі. Ел арасында тарап кеткен өлеңдері бар болуы да бек мүмкін.
Мәди – композитор
Ол жоғарыда айтылған өлеңдерге ән шығарушы. Замана дауылы соғып, аспан асты, жер үсті аласапыран өзгерістерге толған дәуірде дүниеге келіп, қамшы сабындай келте ғұмыры қуғын-сүргінде өткен Мәдидің әндеріне тұңғыш рет ғылыми баға беріп, нотаға түсіріп алған А.Затаевич екендігі Зарқын Тайшыбайдың "Алтын бесік – ән орда" (Қарағанды, 1998 ж) кітабында жан-жақты суреттелген.
Мәди – сері
Ол әйгілі Сегіз сері, Біржан, Ақан сері тәрізді қазақ ән өнерінің алтын ғасырын жасаған, ән-өлеңді өзі шығарып, өзі орындайтын таланттардың озбырлыққа, әділетсіздікке көнбейтін өршіл тұлғалардың соңғы тұяғы.
Мәди – шебер
Ол өз киімін, етігін өзі пішіп тігетін, ер тоқымын өзі дайындап, қару-жарағын, басқа да қажетті заттарын өзі соғып, әзірлеп алатын зергер болған.
Мәди – батыр
Ол шабынған бураны шөкесінен түсіретін қамшыгер, бес-алты қарсыласына шамасы жететін ержүрек, құралайды көзге атқан мерген, 30-40 қадам жердегі қуғыншыларды таспен тізеден ұрып аттан құлататын жауынгер екендігін деректі шығармалар мен ескінің есті сөздерін бүгінге жеткізген құйма құлақтар айғақтайды. Оның үстіне байлығы мығым, байланысы күшті мықтылармен талмай айқасуы, алдынан қатер күтіп тұрғанын біле тұра Қарқаралы түрмесіне жабылған Мұстақымды құтқаруға жан сала кірісуі Мәдидің батылдығын, жау жүрек батырлығын паш етеді.
Мәди – күрескер
Ол қазақ елінің азаттығы мен дербестігі жолында ұлы майданға шыққан арыстардың қатарында болған күрескер.
Мәди – шешен
Оның ой ұшқырлығын, кестелі сөз орамдарын паш ететін сөздер аз сақталғанмен, Ақайдың Қасенімен қақтығысуы, Қақабаймен шарпысуы оның шешендігіне куә болады. Сондықтан Мәди мәйекті, құнарлы, мазмұнды сөздерге шебер болған, ден қойған деуге негіз бар.
Мәди – ойшыл
Ол дала аристократтарының отбасында дүниеге келіп, жастайынан мұқтаждық көрмей өссе де, ақсүйектер қызықтайтын махаббат лирикасын төңіректемей, шығармаларына әлеуметтік-саяси тақырыптарды арқау етуі, қоғамдағы қайшылықтарды түсінуі, оқиғалар мен құбылыстарға философиялық талдау жасау дәрежесіне жетуі осының айғағы.
Мәди – қыр даланың қыраны. Ол Кенесары, Наурызбай сынды басы ноқтаға сыймай кеткен жауынгер көшпенділердің ұрпағы, қаһарман қазақ нояндарының соңғы тұяғы.
Пайдаланған әдебиет
1. "Тарихи тұлға тағылымы". Аймақтық ғылыми-конференция материалдары, 2005 ж.