Ди Каприо қырық жасына дейін үйленіп, әке атанады деп бір кездері қомақты сомаға бәстескен Леоның жақын достары Тоби Магуайр мен Кевин Коннолли жеңілгендерін мойындаулары керек шығар. Лео әлемнің ең әдемі сәнбикелерімен кездеседі, бірақ әлі де сүрбойдақтар қатарында.
Соңғы кездері Ди Каприо сән әлемінің жас жұлдызы — 21 жастағы Тони Гаррнмен кездесіп жүр. Бірақ бұл қарым-қатынасы да ұзаққа бармайтын сыңайлы. Бұған дейін актер Жизель Бундхен, Бар Рафаэли, Эрин Хитертон сынды үздік сәнбикелермен махаббат құрса да, қарым-қатынастары жаңа деңгейге өтпей қалып жатты. Леонардоға отбасын құруға уақыты да жоқ сияқты. Ол біресе Брэд Питтпен «Уолл-стрит қасқыры» фильмінің сценарий құқығын алу үшін талас-тартысқа түсті — екі продюсер де оны сатып алуды армандады, ақыр аяғында Ди Каприо жеңді. Ал кейін бес жыл бойы идеяны іске асыру үшін сүйікті режиссері Мартин Скорсезеге қаржы іздеді. Лео кейіпкерінің прототипімен — 90-шы жылдары жанжалды сауық кештерін ұйымдастырумен аты шығып, айлакерлігі үшін төрт жыл түрмеде отырған бұрынғы табысты брокермен біраз уақытын өткізді. Король (Ди Каприоны Голливудта дәл осылай атайды) бұл фильмде өзінің ең үздік рөлін сомдады деп болжайды. Және бәлкім, осы жылы, 40 жасында, ол бұрыннан лайықты «Оскарға» қол жеткізіп қалар?
Сұхбат өтетін Нью-Йорк қонақүйлерінің біріне Леонардо балдаққа сүйеніп, ақсаңдап келді.
— Лео, не болды? Қазір түсіріліміңіз жоқ сияқты, демек өндірістік жарақат емес...
— Дұрыс айтасыз. Бірнеше ай болды, жұмыссыз жатырмын. Көптен бері мұндай болмап еді — өте сирек болатын нағыз демалыста болдым. Ал аяғымды Лос-Анджелестегі үйімде шығарып алдым — Нью-Йорктен жөндеу жұмыстарын бақылауға барып едім. Шағын жөндеу жұмыстарын ұйымдастырғанмын. Архитекторға тапсырма берейін деп, террассаға шығып бара жатқанда кілем төсемге сүрініп кетіп, тобығымды шығарып алдым. Күлкілі болса да, жағдай осылай. Қатты ауырады.
— Биыл жасыңыз қырыққа келеді екен. Үйленіп, отбасын құрып, бала тәрбиелеу жоспарыңызда жоқ па?
— Үйленбеген күннің өзінде маған көптеген жауапкершілік пен міндеттер жүктелген. Менің жұмыс кестеммен, айлап түсірілім алаңында жүруіммен байыпты, тұрақты қарым-қатынас құру қиын. Мен алдын ала ештеңе айтқым келмейді. Әсіресе жеке өміріме қатысты. Болашаққа зер салмай өмір сүріп келемін. Күн сайын. Уақыт өзі көрсетеді. Гэтсбиді ойнағанда не үйрендім, білесіз бе? Оның үміттене алатын қасиеті бар еді. Менің ойымша, бәрімізге керегі сол — үміт. Бәлкім, Гэтсби шынайы өмірге сай келмеген шығар, бірақ көбіміз, оның ішінде мен де шынайы өмірге сай келе бермеймін.
Тони Гаррнмен
— Мартин Скорсезе соңғы жылдары дәл сіздің ерекше дарыныңыз бен құлшынысыңыз кино түсіруге шабыттандырып жүр деп айтыпты және сіздің арқаңызда, ұлғайған жасына қарамастан, тағы бес фильм түсіруім мүмкін депті...
— Біз Марти екеуміздің киноға көзқарасымыз бірдей. Әзіл-қалжыңымыз да бірдей. Өзіндік ерекшелігі бар, және біреулер үшін тым анайы боп көрінуі мүмкін. Бізге не ұнамайтынын нақты білеміз — бұл өте маңызды. Және эксперимент жасаудан қорықпаймыз. Және менің ойымша, Марти түсірілім алаңында дәл бұлай бұрын-соңды шаттанып көрген емес. Бірақ, мен сіздерге айтайын, Марти түсіре алатын және мен қатысқым келетін фильмдерді түсіру үшін біздің заманымызда ақша табу оңай емес. Скорсезе сиквелдер мен триквелдерге душар болатын блокбастерлерді шығармайды ғой.
— Сіздің қаржылық жағдайыңыз 200 миллион долларға бағаланды — дәл осынша соманы «Уолл-стрит қасқыры» фильміндегі кейіпкеріңіздің прототипі Джордан Белфорт жұрттан жымқырды. Қалай ойлайсыз, ол бақытты болды ма?
— Жоқ, мен олай ойламаймын. Ақша мен бақыт өзара еш байланыспайды. Ақша есірткі іспеттес, адамдар ішімдік пен есірткіге әуес болғандай кейде ақшаға да әуес болып жатады. Мен талай бай адамды кездестірдім, бірақ ішкі негізі жоқ, өмірлерінің мәні жоқ, шынайы қызығушылықтары, жалпы шынайылық жоқ. Ал нәтижесінде қанағаттанбағандық сезімі мен мағынасыздыққа ұрынады. Бірақ ашкөздік — адамзатқа тән қасиет. Әрдайым солай болған. Ең бастысы — бұл табиғи жаман қасиеттің жоғары ұйымдасқан жалпы адамдық кейіптен жоғарылап кетпеуін қадағалау керек. Басқа адамдардан биіктеуге тырыспау, әлеммен, өзіңмен үндестікте өмір сүруге ұмтылу. Біз не дегенмен, жер бетіндегі ең саналы жануармыз ғой. (Күлді).
Ди Каприо және Мартин Скорсезе
— Сіздің кейіпкеріңіз инвесторлардың ақшасын тамаша жымқыра алатын айлакерлігімен ғана танымал болған жоқ, ол сонымен қатар ақшаны түрлі жанжал мен сауықтарға керемет жұмсай да алды...
— Оның ақылға қонатын-қонбайтын күнәлары бола тұра қалай өліп қалмай аман шыққанын түсінбеймін. Шындығында, Белфорттың барлық іс-әрекеті менің қиялыма сыймайды. Ол бүгінгі әлемде болып жатқан барлық жамандықтың символы сияқты. Белфорт — ал мен онымен біраз уақыт бірге болдым — маған ессіз қалауларын қалай іске асырғандығы жайлы барлық егжей-тегжейді айтып берді. Тіпті кейбір оқиғаларын тыңдаудың өзі ұят. Мен қатты ұялдым. Бірақ есесіне сол ессіздіктерді экранизациялау қандай қызық болды десеңші! Белфортқа айналған сайын, өзімді ессіз сезіндім. Және түсірілім алаңындағы атмосфера да сондай болды — ессіз. Күнде бір шытырман оқиға. Солардың бірі, кейіпкерім өзінің және қонақтарының көңілін көтермек болған кездегі көрініс. Ол үйретілген шимпанзелерді алдыртып, киіндіріп, аяқтарына ролик коньки кигізеді де, кезекті кештердің бірінде оларға брокерлерге ұтыс билеттерін таратқызып қояды. Режиссер де жануарларды алдырту үшін ассистенттерін Флоридаға жібереді. (Күлді). Осы үшін бізді «жасылдар» қыспаққа алды, бірақ, шын айтамын, біз маймылдарға жаман ештеңе істеген жоқпыз! Ал әр түсірілім күні аяқталғанда, барлық ессіздікті, шаң сияқты қағу керек болды. Әйтпегенде ақыры жаман болатын еді. Уолл-стрит әлемі, қаржы пирамидалары мен оған қатыстының бәрі Голливудқа өте ұқсас. Дәл солай өміріңді әп-сәтте қиратып алуға болады. Ал мен мансабымның ұзаққа созылғанын қалаймын. Есірткінің қай түріне болсын, — билік, ақша немесе рұқсат етілмеген заттарға әуес болсаң, — ұзаққа бармайсың. Мен 13 жасымнен кинобизнесте жүрмін, жақсы білемін деп айта аламын. Есірткімен жақын танысуыма көптеген мүмкіндік болды. Онымен қоса мен Лос-Анджелестің ең кедей әрі қауіпті ауданында өстім ғой. Ол жақты Шприцтер аллеясы деп атайтын. Бірақ ешқашан қоршаған ортама сіңісіп кетуді қажетсінген емеспін. Көпті көрдім. Жастайымнан өте байқампаз болып өстім.
— «Уолл-стрит қасқыры» фильмінде әдеттен тыс ашық көріністер көп екен. Дублердің көмегіне жүгіндіңіз бе?
— Жоқ. Бәрін өзім жасадым. Барлық жерде өзіммін. Көрермендерге ұнаймын деп үміттенемін. (Күлді). Мұндай жұмысты қолға алғаннан кейін ұялдың не, ұялмадың не, маңызы жоқ. Мен ессіз капиталисті сомдадым ғой!
— Сізді «Ромео + Джульетта» фильміне түсірген, ал жақында «Ұлы Гэтсби» фильміне де шақырған режиссер Бэз Лурманн, сіздің бұрын да және қазір де қарсылық білдіргендігіңіз жайлы айтты. Сізді біраз көндіру керек болыпты, өйткені кейіпкерлеріңіз жарқыраған, сымбатты адамдар болу керек депсіз...
— Неге? Әрине, әлемнің ең тартымды еркектерінің тізімінде көш бастап тұру керемет! Бұл үлкен абырой. Кімге ұнамайды дейсіз? (Күлді). Гэтсби сымбатты еркек болуы керек еді, әйтпегенде ол адамдарды басқара алмайтын еді. Бірақ ол әлемдегі бір ғана әйел үшін барлығын істеді, жетістікке жетті. Ол — ұлы арманшыл, және оның Дэзиі де — арман. Маған фильмдегі Гэтсбидің сүйіктісіне әрең дегенде қол жеткізіп, құшағына алып тұрып, кадрдан сыртқары қарап тұратын жері қатты ұнайды. Түсінесіз бе? Ол әлемді баға жетпес әрі шынайы ету үшін армандарын іске асырғысы келді. Дәл осы үшін мен ақыр аяғы осы рөлді ойнауға келісімімді бердім. Мені махаббат картиналарын, романтикалық қарым-қатынастарды ойнаудан қашады депті — олай емес. Актер ретінде мен үшін жалғыз критерий — кейіпкерімнің бейнесін сомдауда ішім пысып кетпесе болды. (Күлді).
— Әйелдер сізді жақсы көреді, бұл түсінікті де. Мұндай жағдайда, белгі берсең болды, кез келгені құшағыңа орала кетеді деп айтады. Бұл рас па, әлде ұнатқан қызыңыздың жүрегін жаулайтын кездер де болды ма? Сыйлықтар ұсынып, романтикалық кештер ұйымдастырып, және т.с.с...
— (Күлді). Сенесіз бе, менің жүрегім махаббаттан бір емес, бірнеше рет жараланған. Сыйлықтарға келер болсақ, мен өзімді жомарт адам санаймын, бірақ мұндай жағдайларда гауһарлар мен ерекше сыйлықтардың қажеті жоқ деген принцип ұстанамын. Кейбір еркектер әйелдерге дәл осы керек деп қателесетін сияқты. Нағыз әйелдерді, қол жетпес әйелдерді, ақылды әрі табысты әйелдерді мұндай дүниелер тіпті қызықтырмайды. Нағыз әйел үшін ер адамың жанында өзін жайлы сезіну маңызды деп ойлаймын, тіпті сенімдімін де. Сондықтан қарым-қатынаста құрбыларымды бастан-аяқ құнды заттармен қаптамай, шынайы қалпымды сақтауға тырысамын.
— Қалай болғанда да, достарыңыздың дерлігі ең бірінші жомарттығыңыз бен шынайы дос бола алатындығыңызды алға тартады. Кейт Уинслет, мысалы...
— Кейт — жақын құрбыларымның бірі. Мен оны жақсы көремін. Біз бір-бірімізге бәрін айтамыз. Біз қысылмай, бірге күліп, бірге жылай да аламыз. Негізінде, «Титаникке» түскенде екеуміз де бала едік қой, бірақ сол кездің өзінде Кейт маған ересек әрі дана көрінетін. Джеймс Кэмеронның талаптары мен түсірілім кезіндегі қиындықтарға шыдай алмай талай рет оның иығында жылағанмын. Айтпақшы, Кейт болмаса — ал мен оны «Титаникке» дейін де танитынмын, — мен ол фильмге түспес те едім. Кейт маған хабарласып, Кэмеронға келісімін бергенін айтты. Ал мен ол кезде «Буги стиліндегі түндер» фильмінің түсіріліміне дайындалып жүргенмін. Онда да ойнағым келсе де, бас тарттым. Содан бері Кейтпен жақын достасып кеттік, күнде сөйлесіп тұруға тырысамыз. Доспыз — бірақ ғашықтар емеспіз. Кейт маған өзін байыппен қабылдауға жол бермейді, бұл да керемет. Ол ғажап адам. Және ол некеге сенеді. Мен оның бұл қасиетіне тәнтімін, оның таусылмас сеніміне. Және жеке өмірін қайта-қайта құра алғанына. Бұл біздің бизнесте ең қиыны, тіпті біреулер үшін мүмкін емес те. Ол үшінші рет тұрмысқа шыққанда алтарьға жетелеп апаруға қуана келістім. Және егжей-тегжейдің бәрін құпияда ұстадым. Басқаша мүмкін емес те еді. Кейт ғашық, бақытты, жарқырап жүр және жақында сәбилі болды — мен ол үшін қуаныштымын.
Леонардо Ди Каприо және Кейт Уинслет
— Ал досыңыз Тоби Магуайрдың балалары сізді Лео ағай дейді екен...
— Иә, мен олардың кіндік әкелерімін. Және олар әлемдегі ең керемет балалар. Мен олармен бірге уақыт өткізгенді жақсы көремін.
— Шын айтыңызшы, осы жылы «Оскар» күтесіз бе? «Уолл-стрит қасқыры» фильмі үшін? Әйтпесе күлкілі жағдай туындап жатыр: Лео Ди Каприо жыл сайын бір, тіпті кейде екі оскарлық жұмыстар ұсынады, бірақ киноакадемиктер номинацияға іліктірсе де, елемейтін сияқты. Бұл жолы қалай болар екен...
— Жүлде тағайындайтын адамдардың ойлары мен ниеттерін бақылай алмайтынымды бұрында-ақ түсіндім. Және бұл ортада манипуляция жасау да орынсыз, бәрі көрініп тұрады. Сондықтан менің жауабым мынау: жоқ, бұл жолы қалай болатынын болжағым да келмейді.
Лео Тоби Магуайрдың қызымен
— Бірақ армандайтын шығарсыз. Мойындаңызшы?
— Мойындаймын, актерлік саладағы әріптестеріңнің қолынан жүлде алу мәртебе. Және бір уақытта бұл міндетті түрде болуы керек. Дәл осы фильм үшін «Оскар» алғым келетінін жасырмаймын. Мен оны басынан аяғына дейін мәпелеп шығардым. Менің өмірімде мұндай фильмдер екеу — «Авиатор» және «Уолл-стрит қасқыры». «Авиаторды» түсіру үшін сегіз жыл кетті. «Қасқырға…» өмірімнің бес жылын жұмсадым. Бұл фильмдер жарық көру үшін қолымнан келгеннің бәрін жасадым, жанымды салдым және менің еңбегімсіз ештеңе де шықпас еді деп нақты айта аламын. Бұлай сөйлеуді жек көремін, бірақ бұл картиналар — менің балаларым. Мен алғаш рет 19 жасымда «Гилберт Грейпті не толғандырадымен» номинацияға іліктім. Сол кезде залда отырып, жеңімпазды анықтайтын сәтті күткен кездегі қымсынуым, қорқынышым, алақанымның терлегені, бәрі есімде. Жанымда жақындарым отырғаны жақсы болды — мен әке-шешеммен барғанмын. Есімде, анам дәретханаға шығып кеткен, ал мен дәл ол шығып кеткен сәтте атым номинанттар тізімінде аталып кете ме деп үрейлендім. Құдайым-ай, одан соң оны қайта ішке кіргізбей қойған, ал мен қорқыныштан қарлыққан даусыммен: «Ол менің анам, ал мен — номинантпын!» - деп күзетшінің назарын аудартпақ болдым. (Күлді). Қайтесіз, ата-анам да абыржып, не болып жатқанын өздері де түсінбеді-ау деймін. Анам қайта-қайта менен сұрайды: «Жалпы не болып жатқанын өзің түсінесің бе?» Ал мен сенімсіздікпен: «Иә. Түсінемін», - деп қоямын. Бірақ дауыс беретін адамдарды, — олардың менің жұмысыма деген шынайы көзқарастарын ешқашан білмей кететін шығармын.
Ди Каприо анасымен
— Жақында сіздің қайырымдылық қорыңыз Непалдағы жолбарыстардың популяциясы үшін үш миллион доллар қаржы бөліпті...
— Мен кішкентай кезімнен жануарларды жақсы көремін. Жәндіктерді де, және жалпы жануарлар әлемінің барлық түрі мен түр тармағын. Бірақ жолбарыстарды ерекше жақсы көремін. Қорымыздың арқасында Непал Ұлттық саябағында бұл асыл тұқымды хайуандардың саны бірнешеге артты. Былтыр түрлі жануарлар мекендейтін жерді сақтап қалу үшін 38 миллион доллар қаржы жинай алдық. Елдер маған күледі, екіжүзді дейді. Мен зиялы қауымға жатамын ғой, демек, көптің пікірінше, мен мұның бәрін өзімді жарнамалау үшін, сән үшін, ішім пысқандықтан жасайды екенмін. Ал мен жай ғана өз ұстанымдарыммен өмір сүргім келеді. Үйімде күн панелдері, гибридтік көліктер пайда болғалы соларды ғана пайдаланамын. Иә, жұмыс бабымен жеке ұшақтарды пайдалануға тура келеді, бірақ тұрағымды толықтай «жасылдар» заңы бойынша жасағанмын.
Сурет: hellomagazine.com, leodicaprio-s.tumblr.com, popcultureperversion.com
Түпнұсқа: 7days.ru
Аударған: Анар Мұстафина
Оқи отырыңыз:
Том Хэнкс: «Балаларымның алдында өзімді ұятты сезінемін»
Бритни Спирс: «Ұлдарымнан өзім құбыжық жасап жүрмін!»
Наоми Уоттс: «Бір мезетте Диана маған өзін ойнауға рұқсат бергендей болды»