Massaget.kz порталында – жаңа бастама. Белгілі журналист, "Балапан" телеарнасының директоры, "Менің екінші кітабым" атты туындының авторы Ләйлә Сұлтанқызы Сеңгірбекова портал оқырмандарын пайдалы кеңестерімен, тың идеясымен қуантпақ. Осы бастаманың мақсаты мен негізі туралы Ләйлә Сұлтанқызымен сұқбаттасқан болатынбыз. Назар салыңыздар.
– Жаңа кітабыңыз шықты, құттықтаймыз! Кітабыңыз сіз туралы айтады, ал сіз кітабыңыз туралы не айтасыз?
– "Менің екінші кітабым" 12 жасымнан бері жазылып келе жатқан жеке күделіктерден жинақталған автобиографиялық туындым деп атасам болады. Онда менің басымнан өткен өмірім, тағдырым, естеліктерім баяндалады. Сонымен қатар, өмірлік тәжірибемнен түйген оқырманға берер кішігірім кеңестерім де қамтылған. Жалпы бұл кітап тілге жеңіл, оқуға оңай, көрерменге жақын деп ойлаймын. Қыз-келіншектер өзіне қажеттісін осы кітаптан алады деген үміттемін.
– Теледидардағы журналист Ләйлә үйде қандай ана?
– Аллаға шүкір, екі ұлым бар. Қанша жұмысым көп болса да, қос ұлыма, сүйікті жарыма арнайы уақыт бөліп отырамын. Бала тәрбиесіне ерекше ден қоямын. Әрбір ана өз баласының болашағына алаңдайды ғой. Оның армандарын, мақсаттарын бірге қалыптастырғысы келеді. Біз бірге армандай аламыз. Балаға армандауды үйрету керек және арманына шек қоймаған жөн деп ойлаймын. Бала өзінің балалығымен тәтті. Қазіргі уақытта балаларым бірі 7, бірі 9 жаста болғаннан кейін біздегі қызығушылықтың бәрі ойынның төңірегінде қалыптасып жатыр. Мүмкін біраз уақыттан кейін бізде де мәселелер басталар. Мәселе деп айтқым келмейді, өйткені біз кез келген жағдайды бірлесіп шешуге тырысамыз. Менің түсінігімдегі дұрыс тәрбие – ол баланың ойын, мүмкіндігін, қиялын шектемеу.
– Massaget.kz порталымен серіктес болуыңызға не себеп?
– Массагет сайты оқырманы көп, өзіндік ерекше орны бар танымдық портал. Жариялаған мақалалары, блогтары, сұқбаттары қызықты, жан-жақты, еркін форматта, әр түрлі аудиторияға арналған. Оқырманға берері мол, интернет қолданушылардың қызығушылығын, сұранысын қанағаттандыратын, әсіресе, жастар мәселелерінің шешімін табуына көмектесіп жүрген қазақша сайттардың бірі ғой. Бір кездері өзіміз де осындай порталдарда жеке парақшасын ашып, жазба жариялайтын, ақыл-кеңесімен, өмірлік тәжірибесімен бөлісетін танымал адамдармен достасқымыз келетін. Серіктес болуымның бірден-бір сыры осы деп ойлаймын.
– Болашақта "Бойжеткен" айдарында оқырмандарымызды қандай ақпараттармен қуантасыз?
– Сіздермен жұмыс жасарда порталдағы түрлі айдарларыңызды шолып шықтым. "Әйел Бақыты" жобасының авторы болғандықтан әрі қыз-келіншектер аудиториясымен тығыз жұмыс жасайтындықтан «Бойжеткен» айдарына бірден көзім түсті. Яғни, жаныма жақын, көзіме жылы көрінді. Бірден менің "темам" дедім. Бұл айдарда барлық бойжеткенді мазалайтын сұрақтарға бірге жауап іздеуге, мәселенің шешімін бірге табуға тырысамыз. Сонымен қатар, түрлі пайдалы кеңестермен бөлісеміз деген жоспарымыз бар.
– "Бойжеткен" айдарында "Аспаздық" атты айдарша бар. Түрлі сұқбаттарда "Ас үйдің қожасымын" деп жүрсіз. Осы айдаршаға өз мәзіріңізді ұсынуға қалай қарайсыз?
– Өз үйімде асхананың ханшайымы екенім айдан анық қой. Бірақ өзге елдердің ас мәзіріндегі тағамдарын ерекше дайындаймын деп айта алмаймын. Кәріс, үнді, италиялық асханалар ұнайды. Өзіміздің елдегі асханаға келер болсақ, үйде анам үйреткен мәзір бойынша, дәмді тамақтарды дайындауға тырысамын. Ерекше сүйіп жейтін асым – маш көжесі. Оның жасалу құпиясын анам екеуміз ғана білеміз. Мүмкін болашақта осының құпиясын бөлісермін сіздермен.
– Қыздарға түрлі бағытта кеңес беріп жүрсіз. Басым көпшілігі махаббат, жігіттер туралы білгісі келетін болар. Сіздің ойыңызша нағыз қазақ жігіті қандай болуы керек?
– Нағыз қазақ жігітінің қандай болуы керек екенін әрбір қазақ қызы қалыптасып қалған стереотиптермен сипаттағысы келетін шығар. Бірақ мен одан бас тартқым келеді. Тура арманыңдағыдай жігіт еш уақытта жолықпайтынымен немесе сенің ойыңнан толықтай шығатын адамның кездеспейтінімен келісуіміз керек. Батырлар жырындағы жігіттердің сипатын, бейнесін қазіргі жігіттерден таба қоймаспыз. Бұл сөзіммен қазіргі жігіттердің бәрі жаман дегім келмейді. Жігіттің жамандығын жасырып, жақсылығын асыру біздің – арулардың қолында. Сондықтан, нағыз қазақ жігітін қолдан жасап алу тек қана қыздарымыздың мойнында екенін естен шығармауымыз керек деген пікірдемін.
– Қазақ контентін дамыту үшін не керек деп ойлайсыз?
– Қазнетті дамыту үшін біз алдымен қазақша ойлап, қазақша сөйлеуді сәнге айналдыруымыз керек. Әсіресе, қазақша көркем сөйлеуді жастар арасында көбірек насихаттағанымыз дұрыс. Сонда ғана қазақша сөйлейтіндердің үлес пайызы, саны арта түседі. Санасы, көкірегі ояу, қазақ тілінде таза сөйлейтін жастардың заманы келеді деп ойлаймын. Қазір де біртіндеп соған қарай келе жатырмыз ғой.
– Порталымызда "Мақсатыңа Массагетпен бірге жет" атты байқау өтіп жатыр. Қатысушылардың дені журналист болғысы келеді. Болашақ журналистерге қандай кеңес бересіз?
– Әр сұқбаттың дәстүрлі сұрағы. Екінің бірі журфакты тәмамдауы мүмкін. Бірақ журфак бітіргеннің бәрін «журналист» дегенмен келіспеймін. Қазіргі уақытта журналистерге қойылар талап, айтылар сын көп. Осы уақытқа дейін де талай сұқбаттарда айтып жүрмін. Журналист жан-жақты, білімді, білікті, табанды, бәсекеге қабілетті болуы керек. Соңғы уақытта көп сынға ұшырап жатқан «журналистік этиканың» шеңберінен шықпау керек.
– Сүбелі сұқбатыңызға көп рақмет! Ынтымақтастығымыз нығайып, оқырмандарымызды бірге қуантамыз деп сенеміз!