Белгілі журналист Ләйлә Сұлтанқызы редакциямызда қонақ болып, Массагет сайтына сұхбат берді. Бала тәрбиесі жөнінде ой-пікірін, өмірлік тәжірибесін және болашақ журналистерге айтар ақыл-кеңесін осы сұхбаттан оқи аласыздар. Идеал ана болудың басты белгілері? Аналық құқықтан айырылған аналар, мүмкін, жаман шығар. Ал енді тәрбие беру әр ананың көрегендігіне байланысты. Тәрбие неден құралады? Сананың биіктігінен, білімінен, шыққан ортасынан, анасынан алған тәрбиесінен... Осының ішінен ең жақсысын өз баласының бойына сіңіреді. Әр ана баласын мен көрмеген қызықты көрсе екен, мен жемеген тағамды жесе екен, мен кимеген киімді кисе екен деп өсіреді. Мына ананың берген тәрбиесі нашар болған дегенді естиміз. Ал ананың жаманы болмайды, тәрбиеге келгенде ғана сұрақтар болуы мүмкін. Ата-ана өзі көрмегеннің бәрін баланың алдына тосып, балаға барлық жағдай жасалған сайын, ол ештеңеге құлықсыз болып кетпей ме? Оның шегі қай жер екенін ешкім дөп басып айта алмайды. Ресейдің бір белгілі психологы Әр отбасының өзінің конституциясы бар деген. Ол конституция толығымен орындалуы керек, ешқашан бұрмаланбауы қажет. Балаға ес кірген кезде ол өзінің айтарын сол конституцияда көре алуы тиіс. Балаңыздың пікірін сұрайсыз, күніне 20 рет еркелету, әкем үйде жоқ кезде мен бастық боламын, 10 минут телефон ойнаймын, 20 минут далада ойнаймын деген бала өзінің арманын айтады, соны біз саралай отырып, конституцияға енгіземіз. Шектен тыс еркелетіп жіберу дегенді де дұрыс түсінуіміз керек. Жапондар 6 жасына дейін баласының бетінен қақпайды. Біз қой, тәйт, ұят болады деп өсіреміз. Еврейдің тәрбиесін, жапонның тәрбиесін оқып аламыз, қазақы тәрбиені де бергіміз келеді осылай өзімізге өзіміз қарсы шығамыз. Бала біздің айнамыз. Оларға біз идеалмыз. Әр ата-ана баласына тәрбие берер кезде бірінші өзін түзесін, өзі жақсы болса, бала жаман болмайды. Баланың өзін-өзі бағалау деңгейін көтеру үшін не істейсіз? Оның мықты екенін күн сайын айту керек. Сен әлемдегі ең көрікті, ең ақылды, ең иманды, ең жақсы баласың. Мен сенің анаң болғаным үшін мақтанамын. Маған тағдыр сендей бала бергеніне рақмет. Сен қателік жіберең де, бұзықтық жасасаң да бәрібір кешіремін. Бірақ менен жасырма деймін. Балаға мықты екенін күнделікті құлағына құя отырып, оның өз қателігін өзі мойындайтын деңгейге жеткізу қажет. Ата-ананың алдында баланың құпиясы болмауы тиіс. Балам, сенікі дұрыс па осы, қалай ойлайсың? деп сұрап, өз әрекетіне баға бере алатындай етеміз. Сонда қандай жағдай болса да көмектесетін бірінші ата-анасы бар екенін біліп жүреді. Әрдайым баланың қасында емеспіз. Жердің қай түкпірінде жүрсе де, балада артымда арқа сүйейтін әке-шешем бар деген сенім болады. Жай ғана теледидардан жарқылдап жүру үшін журналист болғысы келетін іні-сіңлілеріңізге не айтасыз? Мен бұл тенденцияны байқаймын. Бірақ осылай армандай тұра премьер министрінің, ақпарат министрінің, мемлекет хатшысының кім екенін білмеуі мүмкін. Журналист болатын адам таңның атысы, кештің батысы инстаграмда, фейсбукте отырмай, арасында кітап оқып, ізденуі керек. Адамдар рахат өмір осылардікі деп ойлайтын шығар. Теледидарға шығудың да түрлі құпия сырлары бар, ол да оңай емес. Кейде мен өзіме Экраннан кетсең, нөлден бастайтын болсаң, қолыңнан не келеді, Ләйлә? Еден жуасың ба, біреудің папкасын көтересің бе, әлде сценарий жазасың ба? деп сұрақ қоямын. Осындай сәтте өзімді үнемі дайындаумен боламын, тіл үйренуім, қосымша сценарий жаза алуым, продюссер болуды үйренуім керек. Экрандағы ғұмырың тез бітіп қалады. Екі күн эфирге шықпасаң, халық сені ұмытып қалады. Қолыңнан келетін басқа істер де көп болуы керек. Қазіргі журналистердің, жастардың білімсіздігіне қарап таң қаламын. Жай ғана экранға шыққым келеді дейді. Әдемі киініп алып шыға бер. Экранға алып шығатын адам да ақымақ емес қой. Ол да біліміңе, қабілетіңе қарайды. Ал оны трендке айналдырған өзіміз. Сұхбатыңызға рақмет!