Құрманғазы мен Дина қашан кездесті?

Құрманғазы мен Дина қашан кездесті?

Ахмет Жұбановтың дерегіне сүйенсек, күйші Құрманғазы мен Динаның әкесі Кенже Шалұлы дос-жар адам болған екен. Сәуірбек Бақбергеновтің "Дина" кітабында Құрманғазы Кенжені алғаш рет Теке жәрмеңкесінде палуандар күресінде көргенін жазады.

"1870 жылы Құрманғазы Кенженің ауылына келіп, он жасар керемет домбырашы бар дегенді естиді де, Кенженің үйіне келеді. Кішкене қыздың домбырасын тыңдап, халық исскуствасын дамытатын тағы бір адамның дүниеге келгеніне шексіз қуанады. Құрманғазы Кенжеден атақты домбырашылардың сайысы болатын жерлерге Динаны ертіп жүруге рұқсат сұрайды. Өзінің айтуы бойынша, Дина тоғыз жыл бойы, яғни он сегізге толғанға дейін Құрманғазымен жиі кездесіп, жиындарға еріп барып жүреді, көптеген атақты домбырашылармен кездеседі" деп жазады Ахмет Жұбанов.

Батыс Қазақстан облыстық "Октябрь туы" газетінің 1957 жылы 27 тамызда шыққан №171 (8418) санында Мәжит Жадановтың "Халық композиторы туралы естеліктер" атты мақаласы басылған. Онда автор Жаңақалада тұратын 85 жастағы Мырзағали Кәшеновтің Құрманғазы туралы естелігін келтіреді:

"Мен Құрманғазы Сағырбаевты Динаның әкесі Кенже деген қарттың үйінде көрдім. Ол кезде мен жаңа атқа шабатын 8-9 жасар бала едім. Құрманғазы толық денелі, сақалды, едәуір жасқа келіп қалған, басында қара елтіріден тігілген дөңгелек бөркі бар адам екен. Бірақ үстіндегі киімі жұпыны. Сондықтан болса керек, байлар оған "Көктулақ" деген қосалқы ат қойыпты. Құрманғазы Кенженің үйінде отырып жан сезімін оятқандай әсерлі күйлерін тартты және осы сапарында Динаға домбырасын беріп кетіпті" дейді.

Мырзағали Кәшенов 1872 жылы туған болса, жоғарыдағы оқиға 1880-1881 жылдары болса керек. Егер күйші 1861 жылы туған десек, бұл оның бойжеткен, 19-20 жасқа келіп қалған кезі.

Бір қызығы, Динаның 1938 жылы "Социалистическая Алма-Ата" газетінде басылған "Учитель" мақаласында "Құрманғазыны алғаш көргенде менің жасым отызда болатын" деп жазады. Күйшінің айтуынша, сол кездің өзінде Құрманғазы 60 жас шамасындағы қарт болған. "Ұлы ұстазбен достығым 11 жылға созылды, әр кездескен сайын күй өнерінің тереңіне бойлап, көп нәрсе үйрендім" дейді Дина.

Егемен Қазақстан

 

Қ. Слямбек