Кунг-фу төбелес өнерінің ең бір белгілісі Брюс Лидың үйі сатылғалы жатыр. Осы жаңалықты ести сала, аңыз-адамның артындағы жандар мен бүкіл әлемдегі көрермені сатушыларға қарсы екендіктерін мәлімдеп үлгерді. Себебі де жоқ емес, себебі бұл үй «айдаһар ұлының» мұражайына айналады деп күтілген еді.
Үйдің қазіргі егесі Ю Панлинь Гонконг билігінің мұражай салуға рұқсат бермегендігін айтып ақталып, соңында нысанның 23 миллион долларға сатылатынын жария етті. 90 жастағы миллионер Панлинь жергілікті билік мұражай соғуға қолдау көрсетпегендіктен, оларға өкпелі екенін де жасырмады. Ал мұндай көлемді ақшаны ол табиғат апатынан аман қалған, көмекке мұқтаж жандарға аудармақ ниетті.
Бизнесмен алғашқы кезде үйді тағы да үш қабатқа биіктетуді жоспарлаған екен. Ол онда Брюс Ли киноларын көрсететін заманауи кинотеатр және төбелес өнерінен жаттығу жасайтын зал, кітапхана қоюды армандап келген екен.
Қазіргі уақытта 460 шаршы метр аумақты құрайтын зәулім үйде сағат сайын (1 сағат – 25 доллар) төленетін қонақ үй бар.
Дайындаған: Ардақ Құлтай
Сурет: bruceleedivinewind.com