Эстрадада жүрген әншілердің арасында қазақы колориті бар әнші, ҚР мәдениет қайраткері Құдайберген Бекіштен сұхбат алуды жөн көрдік. Өнердегі 30 жылдық мерейтойының алдында қандай да бір сырын бөлісіп, оқырман қауыммен қауышып жатса, құба-құп.
- Құдайберген аға, әншілік өнерде жүргеніңізге неше жыл болды?
- Әншілік өнерде жүргеніме бақандай 30 жыл болыпты. 200-ге тарта әнім бар. Әншілік табиғаттан келеді. Оқығаның да, тоқығаның да жақсы, дегенмен әншілік адамға табиғаттан келеді. Мен ес білгелі ән айтып келе жатырмын. Осы жақында ғана Қызылорда қаласында үш концерт беріп келдім. Көрермен көп болды. Сонда үлкен кісілер «сені бұрыннан тыңдаушы едік» деп айтып жатыр. Осы өнер жолымда қаншама қиындықтар кездессе де, өнер жолын тастаған емеспін.
- Жүргенов атындағы Өнер академиясында ұстазсыз ғой?
- Иә, осы академияда оқып, 1984 жылы аяқтадым. Актерлік-музыкалық шебер деген мамандықта оқыдым. Ал енді осында ұстазбын. Ұстаздарыммен бірге келе жатырмын. Қазіргі дәрістерім кино мамандығындағы балаларға өте пайдалы десем болады. Былтыр ғана магистратураны бітірдім. Адам өмір бойы тоқтамай еңбек етуі тиіс. Білімім жетеді деп тоқтап қалса адам тоқырайды.
- Бала Құдайберген қандай еді? Анаңыз қалай еркелетіп атаушы еді?
- Шынын айтсам, еркелік көрмей өстім. Қиыншылықты көрдік. Қара су мен қара нанның дәмін татып, өмірді таныдық. Шамалы бұзықтау болғаным да рас. Қызылорда облысы, Жалағаш ауылында туып, өстім. Әкеден ерте қалдық, ана байғұс басын тауға да, тасқа да шағып жеткізді ғой. Оқытты. Таңғы төрт-бесте тұрып, үйге от жағудың өзі біздің мойнымызда еді. Мектепте үштік пен төрттікке оқыдым. Бірақ мен тек қана бестікке оқиын дегенім жоқ. Әдебиет, тарих, ән пәндерінен тек бестікке оқығаным да жетті. Анамның қатал мінезінің арқасында өмірде мойымай, қорықпайтын болдық. Өмірдің өзі күрес қой, бұлай болмаса, өмірдің өзі мәнсіз, қызықсыз. Өнерден де өз жолыңды таба алмайсың деп ойлаймын. Сол үшін өнерді сүйіп, шыншыл бола білу керек. Ал бүгінде өзімнің жолымды тапқан әншімін деп айта аламын.
- «Сын түзелмей, мін түзелмейді». Сын қандай болуы керек?
- Сын айтамын деп бет жыртысудың қажеті шамалы. Жүйесімен, жақсы айтылған сын болса қабылдаймын. Адам сынсыз өспейді ғой. Маған әлі күнге дейін сын айтылады. Күнде айтылады. Сын айтылса, өшіп емес, өсіп жатқаның. Сынды міндетті түрде қабылдаймын.
- Ал қазіргі жастардың бағыты қалай? Қазіргі әншілерге айтарыңыз...
- Жастың аты жас. Егер жастың рухани байлығы болса, естияры болса жақсы. Әрбір әннің рухы болуы керек. Біздің жігіттеріміз сері, қыздарымыз сұлу болған. Тіпті қыз балаларымыз да қиын-қыстауда батырларының жолын түзеп отырған. Батыр болған жігіттерден тек рухты ән шығуы керек. Мәселен, МузАРТ, Жігіттер, Меломен топтарына ризамын. Олардың адамгершілік қасиеттері де өте жоғары. Жекелеген әншілердің ішінде Жұбаныш Жексенұлы, Мәдина Сәдуақасова, Алтынай Жорабаева, Айгүл Иманбаеваларды атай аламын. Бұларда қазақилық бар, қазақы рух бар. Ал енді, не басқаның емес, не қазақтың тілінде емес дүние жасайтын әншілер бар. Мүмкін, олар да іздену үстінде шығар. Оларды сынап-мінегеніміз дұрыс емес.
- Шығармашылықта қандай да бір жоспарлар бар ма?
- Қазір креативті, жаңашыл ой-идеялар үстіндемін. Үлкен концерт берілді. Айтылмаған әндерім де айтылды. Халық жақсы қабылдады. Қошемет көрсетіп отырды. Тойға бара қалсам, осыдан ақша таба қалсам деген ойдың жетегіне ермеймін. Жеңіл-желпі әндерді мен де айта аламын, бірақ ондай деңгейге түсу менің ісім емес. Ал кейінгі кезде біз халықты да жеңіл дүниелерге үйретіп алғандаймыз. Талғамсыздық жайлады. Эстрадада көркемөнерпаздар мен кәсіби әншілер араласып кеткен. Кімнің кім екенін білмейсіз. Тақырыпқа оралсақ, келесі жылы Республика Сарайында отыз жылдығымды атап, үлкен концерт беруге дайындалып жатырмын. Әндер жазылып жатыр. Осылай.
- Әңгімеңізге рақмет!
Әңгімелескен: Ардақ Құлтай
Сурет: Әншінің жеке мұрағатынан