- Негізгі бет
- Тұлға
- Қорқақтық пен сатқындықтың...
Қорқақтық пен сатқындықтың арасы бір-ақ адым...
Сірә, сонау жаңбырлы ормандардың түкпіріндегі елдер мен таулы-қыратты аймақтардағы адамдардың барлығы да ұлы Пикассо туралы естіген болар. Әрине, оның шығармашылығы бәріне бірдей ұнай бермейді, бірақ, талантты мойындау керек, тіпті, суретшінің дұшпандарының өзі оны сыйлаған екен.
Бүгін – осы есімі аңызға айналған француз суретшісі Пабло Пикассоның дүниеге келген күні. Ол осыдан 132 жыл бұрын, яғни, 1881 жылы Испания жерінде дүниеге келген. Суретші ғұмырында барлық сынақтан өтті. Ол кедейліктің де, байлықтың да, соғыстың да, бейбіт өмірдің де, әйел мен әлемнің махаббаты мен мақтауының куәгері. 2009 жылы The Times журналы Пикассоға соңғы 100 жылдағы "ең мықты суретші" деген атақ берді. Оның өмірі мен сәттілігін қайталау мүмкін емес, алайда, үйренетін, жиренетін тұстарымыз жетіп жатыр. Ендеше, Пикассо туралы ең қызықты мәліметтермен таныс болыңыз.
– Паблоны туыла салысымен өлдіге санады, ол өте әлжуаз, аурушаң болған. Анасының толғағы да ауыр болып, медбике баланың өлі туғанын хабарламақ болғанда, Пикассоның темекіге әуес көкесі таңғажайып әрекет жасайды. Ол өлі мен тірінің арасында жатқан жиенінің жанына келіп, темекісін тұтатады. Аз уақыттан кейін бала темекі иісінен әсер алып, жылай бастайды. Дәрігерлер оның тірі екенін сонда ғана білді.
– Шоқындыру кезінде Пикассоға 23 сөзден тұратын есім беріледі: Пабло Диего Хосе Франсиско де Паула Хуан Непомусено Мария де лос Ремедиос Сиприано де ла Сантисима Тринидад Мартир Патрисио Руис және Пикассо.
– Болашақ суретшінің айтқан ең алғашқы сөзі – "PIZ". Ол испан тілінен аударғанда "қарындаш" деген мағынаны білдіреді. Суретші әкесі ұлын 7 жасынан бастап сурет өнеріне баули бастайды. Неге екенін, Пабло 13 жасқа толғанда әкесі өзінің әуесқойлығынан бас тартты. Ал шәкірт ұстазынан озып, биік белестерді бағындыра білді.
– Паблоның ең алғашқы кәсіби суреті 9 жасында салынды. Суретте корридаға қатысатын салт атты бейнеленген. Ал 15 жасында өнердегі үздік туындысы – алтарь алдындағы туыстары бейнеленген суретті салады.
– Суретші бала кезінен өте күйгелек болған деседі және осы мінезінен көп таяқ жейтін. Оның бұл қасиеті өскен сайын ұлғая түсті, бірақ, шығармашылығына кері әсерін тигізген емес, керісінше, оң өзгерістер әкелді. Суретшінің өте қорқақ болғандығы да жиі ауызға алынады. Анасы ылғи да: "Сен жауынгер боласың да, генерал дәрежесіне көтерілесің, ал монах болсаң, Папа атанасың" деп сенім білдіреді екен. Пабло сенімді ақтамады. Ол әскерге бармас үшін әкесіне пара бергізеді, ал Кубадағы көтеріліс кезінде тауға барып тығылып қалған. Тіпті, шашын алдыруға жүрексініп, жасөспірім шаққа жеткенше шашын ұзын етіп өсіреді.
– Пикассо өзінің заттарын ешкімге бермеген: киімімді берген адамға айналып кетемін деп қорыққан деседі. Ол шалбарлары мен жемпірлерін жыртылғанша киген екен. Жыртық киімдерді де ұзақ уақыт бойы тастамаған.
– Паблоның ең алғашқы табысты жұмысы Париж қаласындағы Pere Menach атты көпеспен келісімшартқа отырғаннан кейін басталды. Ол осы жұмыс барысында 750 мың доллар айлық алған.
– 1909 жылы Пабло Пикассо мен оның досы кубизмді ойлап тапты. Әрине, бұл атауды олар емес, суретшінің картиналарында кубиктердің көп екендігін байқаған бір сыншы таққан.
– Пикассо өте бай болған, ол өзінен кейін жарты млрд. долларға бағаланатын мүлік тастап кетті. Ал оның суреттерін бағалаудың өзі қиын. Бүгінде кейбір туындылары жүз миллион долларға сатылып жүрген көрінеді.
– Пабло әйелдерін қолғап секілді ауыстырып отырған. Ол еш қиналмастан әйелдерін өмірінен сызып тастап, мүлде көрмегендей болып жүре берген екен, оны әйелдердің қандай күйде қалғандығы қызықтырмаған. Осы қылығы үшін айыптағандарға: "Ешбір қанден (пудель) басқа бір қанденге ұқсамайды. Әйелдер туралы да осыны айтар едім" деп жауап береді екен.
– Оны замандастары "жақсы шебер, бірақ нашар адам" деп бағалаған. Қорқақтық пен сатқындықтың арасы бір-ақ адым. Бір күні Пикассо өзінің ең жақын досы Гийоманы сатып кетеді. Оларға "Мона Лиза" картинасын ұрлады деп айтып тағылған. Екеуін де Франциядан алыстату жазасы күтіп тұрды. Пикассо тергеуге шақырылғанда барлық кінәні досының мойнына салып береді. Кейіннен картина табылады да, Гийоманың кінәсіздігі дәлелденеді.
Тіпті, бір күні сыған әйел Паблоға: "Сен ешкіме бақыт әкелмейсің" деген кесім айтқан екен. Ол бұл сөздің жалған екендігін тағдырға да, адамға да дәлелдеген жоқ. Өзін кінәлі санау сезімі Пикассоға таныс болмады. Бірақ, ол мақсатына жетті: бай болды, атақты болды, ұзақ әрі қызықты өмір сүрді. Біреулер үшін "жақсы шебер", екіншіге "нашар адам", үшіншіге "ұлы суретші" ретінде танылды. Біздер осы үшінші топтың қатарындамыз. Ол біздер үшін, біздің ұрпақ үшін теңдесі жоқ дүниелерді өмірге әкелген "ұлы суретші" болып қала бермек.
Туған күніңмен, Пабло Пикассо!
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева
Сурет: mincultrk.ru, vk.com