- Негізгі бет
- Тұлға
- Қонаевтың 12 қасиеті...
Қонаевтың 12 қасиеті
Бүгін көрнекті қайраткер, ғалым, академик Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаевтың туған күні. Ол көзі тірісінде де-ақ ерен еңбегінің арқасында халық көсеміне айналып үлгерді. Күллі қауымның «Димекең», «Димаш аға» деп еркелетіп атауынан-ақ оған деген зор ықыластың бар екенін, көпшіліктің арқа сүйегенін аңғаруға болады. Осы орайда белгілі қаламгер, «Алтын қалам» сыйлығының иегері Ораз Қауғабайдың «Қонаевтың 12 қасиеті» атты зерттеу мақаласын назарларыңызға ұсынамыз.
***
Димекеңнің өмірінде және қызметінде «2», «12», «22» деген сандарға байланысты тылсым, сыры жұмбақ жағдайлар өте көп. Димекең 1912 жылы 12 қаңтарда дүниеге келді. 82 жасына қараған шағында 22 тамыз күні (1993) дүние салды.
Өмірінде үлкен қызметке келуі тағы «2» санымен байланысады. 1942 жылы комбинат бастығынан бірден «совмин» төрағасының орынбасары болып, 1952 жылы Академия президенттігіне сайланады. 1962 жылы 12 айда Хрущевке қарсы келіп, бірінші басшылық қызметтен кетуге мәжбүр болады. Арада 12 жыл өткен соң бұрынғы орнына қайта келеді. Алғашқы үлкен Мемлекеттік марапатты, яғни Еңбек Ері атағын 1972 жылы алады. Ал үшінші «Алтын жұлдыз» Димекеңе 1982 жылы берілді. Тізе берсек, Димекең өмірінде «тылсым сан» нысандары жалғаса береді. Ең қайран қалдыратыны – Димекеңнің бойында әл-Фараби даналығы бойынша кемеңгер патшаға тән «12» қасиеттің түгел тоғысқанына көзіңіз жетеді.
Әл-Фарабидің даналығында кемеңгер басшы өзінің сүйек-сыны, сыртқы тұлғасы арқылы ерекше көрінуі керек. Яғни ол адам өте сымбатты «мінсіз, мүсіндей әдемі, иманжүзді болуға тиіс». Димекең жаратылысынан көрікті, бойшаң және жүзінен нұр төгіліп тұратын иманжүзді кісі еді. Кеңестік дәуірдегі мемлекет қайраткерлерінің ішіндегі ең сымбатты, бой жағынан да, ой жағынан да ерекше бөлек тұлға Димекең екені белгілі.
Кемеңгер адамның бірінші қасиетін айттық. Екінші қасиеті туралы дана ол адам «өзіне айтылған сөздің бәрін терең түсінетін және істің жай-жағдайына сәйкес жан- жақты тез ұғып алатын аса зерек болуы керек» - дейді. Димекеңнің зеректігі мен бәрін біліп, сезіп тұратын айрықша қасиеті жөнінде кемеңгер қасында жүрген дананың серіктері қазірге дейін таңдана айтады. Димекең адамның ішіндегісін біліп тұратын, сөзінен не ойлайтынын тез аңғаратын зерек жан еді. Димекеңнің қариялардың сөзін мұқият тыңдап, сол бойынша кеңесіп, мәселе шешетіні көптеген естеліктерде айтылады.
Үшінші қасиеті туралы әл-Фараби былай дейді: «Ол өзі жүрген, көрген, естіген нәрселердің бәрін зердесіне ұзақ сақтайтын, бұлардан еш нәрсені ұмытпайтын адам болсын» - дейді. Димекең зерделілігі өз алдына – есте сақтау қабілеті аңызға айналған. Өзі араласқан оқиғалардың жыл, ай-күні тіпті, сағат, минутына дейін ол кісінің есінде өле-өлгенше сақталған. Қазақстандағы мыңдаған колхоз-совхоздардың, жер-судың және озат шопан, механизаторлардың есімін өмірінде ұмытпаған. Өндіріс, экономикаға байланысты сандар мен цифрларды кез келген жағдайда жаңылмай айтып отыратыны ғалымдардың өзін қайран қалдырған. Димекең естелігінде сүйген жары, өмірлік серігі Зухра Шәріпқызымен қанша жыл, қанша ай және қанша күн бірге болып, өмір сүргенін жарықтық сағатына дейін есіне сақтаған ғой. Төртінші қасиет туралы былай делінеді. «Бірінші басшы терең ой иесі және жадына сақталғандардың бәрін айдан-анық етіп айтып бере алатын шебер әрі шешен болуы шарт».
Димекеңнің естігендері мен көргендерін өте шебер әрі бейнелі тілмен әңгімелейтін хас шешеннің өзі еді. Сөз арасында әдемі әзіл айтып баурайтын.
Белгілі қоғам қайраткері Димекең «қара сөздің қаймағы еді ғой» деп естелігінде жазады. Димекеңнің бойында ақындық қасиет болған. Студент кезінде өлең жазған. Димекеңнің шешендігі Төле би мен Бөлтірік шешеннің «сөз киесін» елестетеді. Димекеңнің өзінің естелік кітабында ел ішінде сирек айтылатын мақал-мәтелдер мен қанатты сөздерді орынды жерінде қолданады.
Кемеңгер басшының бесінші қасиеті «ғылым-білім мен өнерге жаны құштар, әр күн сайын оқып үйренуден шаршап-шалдықпайтын адам болуы керек» екен.
Димекең туа біткеннен ғылым мен өнерді терең түсініп, ғылым жолында еңбектенген білімпаз еді. Қонаев ғылым саласында жаңалық ашқан және болжам жобалары нақты іске асып, өндіріске енген инженер-ғалым еді. Техника ғылымдарының докторы Қонаевтың бұл саладағы еңбегі өз алдына. Қаныш Сәтбаевтан кейінгі Академия президенті Димекеңнің ғылым әлемінде өзіндік ізденіс жолы болды. Академияға Димекең басшылық еткен жылдары «қазақ ғылымында» даму болды. Димекең елуінші жылдары Қытайға барған сапарында Қазақстандағы геология ғылымы туралы баяндама жасайды. Қапшағай теңізінің өмірге келуі Қонаевтың ғылым жетістіктерін пайдаланып, ғылыми болжамдар мен жоба зерттеулерді еске алуының нәтижесі еді.
Өзі ғалым Димекең ғалымдар үшін қолдан келгеннің бәрін жасады. Ал, өнер мен мәдениетке дәл Димекеңдей жанашыр басшы болған жоқ. Димекең дәуірін өнер адамдары мен жазушылар қазір «алтын ғасыр» деп атап жүр.
Димекең театрға жиі барды, ақын-жазушылардың жаңа шығармаларын оқып, авторларға өз пікірін айтып, олармен етене жақын араласты. Ғылым мен өнер саласын дамытудағы Димекең еңбегі ұшан-теңіз. Димекең естелігінде ғылымның «тылсым сырлары» жөнінде терең ойлар айтады. Ғалым Қонаевтың бай кітапханасында атақты ғалымдардың кітаптары толып тұр.
Кемеңгер елбасының алтыншы қасиеті жөнінде ұлы философ: «Тағамға, ішімдікке, сайран-сұхбат құруға келгенде қанағатшыл болу керек» - дейді.
Димекең тағамды талғап, тек адал асты ғана жеген. «Пейіш жемісі» алма жеу әдеті еді. Өйткені алманың ағзаға пайдасы мол. Арақ-шарап ішу Димекеңе жат болды. Шарапқа (коньяк) аузын тигізгені болмаса алмайтын. Анда-санда тек «ырымын» жасап, дос- жарандарының көңілі қалмау үшін осылай ететін. Басында темекі тартқаны рас. Денсаулығына байланысты дәрігерлердің кеңесіне көніп, шылымды үзілді-кесілді қойып кетеді. Димекең у-шу қала өмірін ұнатпаған. Той-думанда шалқып сайран салған жоқ.
Қонаев барлық жағынан қанағатшыл болып, көзінің тірісінде шын әулие атанды. Жетінші қағидада айтылғандай Димекең «жаратылысынан сауық құмарлықтан аулақ болды».
Демалысын таза ауада серуендеп, табиғат аясында өткізуді бұлжымас әдетке айналдырды. Аңшылық, саяткерлік салт және мергендік өнер Димекеңнің көзі жұмылғанша тастамаған ермегі әрі көңілді демалысы еді.
Сегізінші қағидада кемеңгердің шындықты сүйіп, жалғандыққа қарсы тұруы жөнінде айтылады.
Димекең өтірік-өсек айтқандарды жек көрді. Жалған сөйлегендерді ұнатпады.
Димекең Колбиннің (сол кездегі бірінші басшы) өзі туралы жалған сөйлеп, Мәскеуге өтірік айтқан өресіздігі мен екіжүздігін кешірмей кетті. Желтоқсан оқиғасына байланысты Димекеңді Колбин орынсыз кінәлап, айыптаған болатын.
Димекеңнің үстінен арыз жазып, өзі тасада тұрған белгілі партия қайраткері кейін арыздағы айтылғандар өтірік болып шыққанда Қонаевқа жалынып, кешірім сұрайды.
Тоғызыншы қағидада жазылғандай Димекең «жаны асқақ және ар-намысын аса ардақтайтын адам» еді.
Димекеңнің кісілік адамгершілік бекзаттық қасиеті және тәрбиесі өнеге. Мұны халық жақсы біледі.
Хрущев Димекеңді бірінші басшылық қызметтен алып, қорлап, ар-намысына тигенде Қонаев: «Мені енді басшылық жұмысқа қоймаңыз. Инженер-геологпын. Геология институтына кетейін» дейді. Хрущев «Сіз бізге әлі де керек адамсыз» деп еріксіз «совминге» төраға етіп тағайындады.
Димекең – ар-намысына кір шалдырмаған дана. Қарапайымдылығы мен кісілігін жоғалтқан жоқ. Зейнетте жүргенде де өзін төмендетпеді. Сондықтан көзінің тірісінде «әлемге әйгілі әулие» атанды. «Оның жаны жаратылысынан пасық істердің бәрінен жоғары, игі істерге ынтызар болуға тиіс» деп оныншы қағидада айтылғандай Димекең игі істердің ұйтқысы, жасампаздықтың жолбасшысы еді.
Әл-Фарабидің он бірінші «қағида-қасиетінде» «Әділетсіздік пен озбырлықты жек көретін адам болсын» деген жолдар дәл Димекеңнің өзіне арналып айтылғандай әсерде қалдырады.
Қызметтен қуылып, партиядан шыққан талай бастықтардың «Қонаев қабылдауында» болып, әділ шешімді сол кісіден көріп, көсем жайында тебірене айтқандарын көп естідік. Димекең саясатқа байланысты сотталып кете жаздаған ақын Олжас Сүлейменовті арашалап алды. Мәскеуде қиянатқа қарсы ұстанымын айтты, ақынды ақтады.
Димекең бар болмыс-бітімімен әділдікті сүйді, өктемдік пен озбырлыққа жол берген жоқ. Мүлт кетіп, пендешілікке барған кездері болған шығар. Қатты кетіп, біреуді ренжіткен де болар. Бір қайран қалдыратын нәрсе халық арасында Қонаев туралы бір қаңқу сөз, реніш, өкпе жоқ. Өйткені Димекең – өте әділ болған кісі. Бұл жағынан Димекең – бүгінгі ғана емес, келер ұрпаққа да үлгі болатын кемеңгер. Осы жерде бір оқиғаны айта кету жөн болар. Димекеңнің інісінің ұлы жас бозбала бірде қызып алып, оның күзетшісінің біріне жөнсіз тиіседі. Күзетші сыбағасын береді. Оның үстінен біреулер «үлкен кісінің» туысына «қол жұмсады» деп арыз жазады. Шағым Димекеңе де жетеді. Күзетшіні шақырып, шындықты білген соң: «Сенікі дұрыс. Сазайын беріпсің» деп кінәламай қайта оны қорғайды.
Әл-Фарабидің он екінші қағидасында, яғни басшы қасиеті жөніндегі тәмсілінде мынадай жолдар бар: «Өзі қажет деп тапқан істі жүзеге асыруға келгенде шебер- шешімпаздық танытып, бұл шақта қорқыныш пен жасқану дегенді білмейтін бірбеткей, батыл, ержүрек болуы міндет» дейді. Мұнда айтылатын көсемге тән батылдық пен ержүректік Димекеңнің бойында туғаннан бар еді. Атасы Қонайдың батыр, қорқуды білмейтін ержүрек қазақ болғаны белгілі. Оның бойындағы қасиет шөбересі Димашқа да дарыған ғой.
О баста тау-кен инженері Қонаев Қоңыраттағы кеніште «қауіпті қопарылыстар» жасау жұмысына жауапты болады. Жазым, жазымыш болып тұратын жерде Димекеңнің қорықпай тәуекелге барған кездерін халық біле бермейді. Қапшағай су қоймасын салу жөніндегі Димекеңнің батыл шешімі мен іскерлігі тарихта өшпестей болып жазылып қалды. Медеу шатқалында тау жарып, қопарылыс арқылы бөгесін жасау «жоспар – шешіміне» басында кейбір ғалымдар «Алматыға қауіп төнеді» деп бұған қарсы болды. Димекең айтқанынан қайтпады. Соңында үрей қорқынышты елестеткен «қопарылыс әрекеті» сәтті болып тауда бөгесін жасады. Медеудегі кейінгі сел-тасқын (1973 жыл) кезінде Димекең басын бәйгеге тігіп, су көкке шапшыған бөгеттің үстінде өзі жүрді. Өміріне қауіп төніп тұрғанын елемей, тасқын су бойында жұмысшылар мен мамандарға кеңес берді. Медеудегі оқиғаға байланысты Кеңес Аухадиев өз естелігінде Димекеңнің халқы үшін бәріне баруға даяр шын ұлт перзенті екеніне көзі жеткенін айтады.
О.Қауғабай
О. Сансызбай