Түркі халықтарының, соның ішінде қазақ халқының, байырғы мәдениетінің тарихында айрықша орны бар ұлы ақын, пәлсапашы Қожа Ахмет Яссауи 1093 жылы туылған. Ғұлама, әулиенің бүгінгі ұрпаққа жеткен көлемді шығармасы — "Диуани хикмет" (Хикмат - жинақ) кітабы. Бұл еңбектегі хикметтердің мәні, философиясының өзегі – адам. Ал автор адам “кемелдікке” жетуі үшін қажетті білімді игеруі керек және өзін-өзі тануы қажет дейді. Ендеше түркі мәдениетінде өзекті орны бар еңбектің негізінде алынып, ұрпаққа мол мұра болып қалған ойлы ой орамдарын назарларыңызға ұсынамыз.
* Кекірейген кердеңдерден қаш.
* Қам көңілдің қайғысына дауа бол,
Жолда шаршап шалдыққанға сая бол.
* Ғаріптерге көңіл бөл.
* Құран ұстап оңдырмас жалған ғалым.
* Әмәнда сауап жаса.
* Тасжүрекке құдай назар салмайды.
* Жан пидасыз құр «һу-һу» - бәрі жалған.
* Өзі, сөзі тазаны қолдайды Жаппар-Аллам.
* Халқыңа қызмет ет,
Ізгілерге ізет ет,
Жаны жақсы жайсаңдарға құрмет ет.
* Әуейілік, пендешілік – бір жат іс.
* Тәуба қылмай, сауда қылғаннан сақтағай.
* Не болса да – сабыр қыл.
* Шариғаттың шарты – иман.
* Күнәдан қорық.
* Нәпсің тынса – пейілің кеңір.
* Не көрсең де – Құдіреттің қалауы.
* Қайғы-уайым әр нәрседе абай болуға үйретеді.
* Шын мүсәпірге – тақ пен бақтың өзі зындан.
* Тағат қылмай өңмеңдеуден түк өнбес.
* Құштарлықтың сыры – алуан.
* Алла дерті сатылмайды.
* Ғашық патша да, ғашық пақыр да жауласа алмас.
* Ғашықтық, құштарлық дертіне дауа болмас.
* Пасық сөзден тұла бойға шаншылар мұң.
* Сүйсең – хақты сүй.
* Нәпсі көп жүгіртіп, хақты ұмыттырады.
* Кімді көрсем қызмет қылып құлы болдым.
* Білгіш болсаң – өзіңе,
Ғашық болсаң – өзіңе.
* Сөз де надандардың көңіліне жол таба алмайды.
* Көзі жанып тұрмағанның ғашық болдым дегені бекер.
* Жан бермеген махаббат – тұрлаусыз махаббат.
* Нағыз махаббат қысқа ғұмырыңды ұзартады.
* Құштарлықтың бейнетіне де төзу керек.
* Нәпсіңді тиғың келсе – қорлыққа да көнуге тура келеді.
* Ниетсіз, құлықсз, қиналыссыз сөздің салмағы жоқ.
* Көңілің тойсын қанағатқа.
* Жақсыларға қызмет көрсетіп, жақсы атан.
* Ит дүниені қызықтама.
* Бейнеттен қашпа.
* Қызмет еленбей қалмайды.
* Ғашық емес – құштарына жан бермеген,
Диқан емес – кетпен шауып нан бермеген.
Ғашықтардан жөн сұрап әуре болма.
Тақуа болма, тентек болма – ғашық бол.
* Алланың ақ жолынан өзге жолда қайран жоқ.
* Ғашық болсаң – таза бол.
* Кісі малын қымқырып, ары азғандар оңбайды.
* Ынсапсыздар өздерін өмір бойы шәкіртке санайды.
* Іші қулыққа толының, көкірегінде ары жоқтың жүрегі дірілдемейді.
* Нағыз тәліп (шәкірт) кісінің іші толы дүрлерге.
* Жаман тәліп зікіршіл боп төс қағар,
Көздерінен жас тамбас.
* Құр мақтанға құмартып, тұрғызба биік күмбездер.
* Дүние фани – өткінші.
* Имансыздар өздерін өлмейтіндей көреді.
* Имансыздың көңіл көнегі ешқашан толмайды.
* Аштан өлер болсаң да – нәмартқа міндет артпағын.
* Тәубесі жоқтың – көңілі арам.
* Өз көркіңді өзің малдана берме.
* Алланы айтып тәуба қыл, алланы ойла.
* Жаны сергектің – тәні сергек.
* Менменнің барар жері – тамұқ.
* Тәкаппар тозақта күйеді.
* Бетпақ болма.
* Нәпсіге ерме.
* Нәпсіге ерген қор болады.
* Тәубасы бардың – нұры бар.
* Өткендердің ғибрат ісін ал ойға.
* Жақсыдан ғибрат ала бергеннің ісі оңға басады.
* Ғашықтық оты жан мен тәнді бірдей өртейді.
* Ғашықтық – ұлық базар.
* Шын ғашықты көрсең қуан.
* Ғашықтыққа көз жасың ғана куә.
* Жеңіп кетпей жеңілтек құр құмарлық,
* Аллаға аусын ғашықтың ырқы барлық.
* Шынайы ынтызарлық – ғашықтың бақыты.
* Мен айтпадым, алла өзі уәде берген,
Құтқарам деп азаптан келсе пендем.
* Құштарлықсыз хақ тағаланың жүзін көре алмайсың.
* Құштарлық – дария түбіндегі ғауһар тәрізді.
* Кердеңдік – пиғылы бұзылған пасықтың ісі.
* Пейіл бұзылған кезде – ораза, намаз, тазалық ұмыт қалады.
* Бай малына мәз.
* Менмен бай құдайға да ауыз салады.
* Дүниеқоңыздың ішіне шайтан кіреді.
* Ақ көңіліңмен алла дегеніңді тәңірі біледі.
* Не көрсең де – тәңірі ісі.
* Ғайбат айтып әркімдерді тілдеу – надандық.
* Арың сақта, болсаң да малға кедей.
* Жан жылуын өшірме.
* Мұратқа жолын тапқан жетеді.
* Уа дариға арманмен өтер өмір.
* Білінбесін мінезіңнің кілтіңі.
* Жамандық ойлама.
* Қиын да болса түзу жолмен жүр.
* Бос үмітке алданба.
* Ғашықтық жол – ауыр жол.
* Өзім болдым демегейсің.
* Ұстазыңа бар ықылас-ниетіңмен қызмет қыл.
* Ұстазына қызмет қылмаған – надан.
* Ойдағың оңай орындала бермейді.
* Өтірікшінің орны – тозақ.
* Ойдағың оңай орындала бермейді.
* Жалған сөйлеген имансыз қалады.
* Ғашықпын деп көп ішінде кеуде қақпа.
* Шын ғашықтық – ұлы іс.
* Құр қалғанды алла да құп көрмейді.
* Нақақ жалаға қол қойған қазы, имамдар өздері шығарған үкімдердің астында қалады.
* Арам жеген әкімдер, параға құныққандар өкініш отына өртенеді.
* Таңдап тәтті жегендер де, атлас-қамқа кигендер де, алтын таққа мінгендер де бір күн жермен-жексен болады.
* Көңілі көзсіз кәззаптардан сақтасын.
* Бар ықылымнан таппадым таза жанды.
* Білімнен бейхабарлар алланы да білмейді.
* Дінсіз жанда иман жоқ.
* Бұл заманның бос кеуде шайқылары,
Жиырма беске жетпей-ақ сарқылады.
* Парықсыздар өздері жақсы-жаманның не екенін білмей жатып мәнсіз біреулерді жер-көкке сиғызбай мақтайды.
* Жарым ақыл жарлылар өзгелерді иландыру үшін әулиелердің терме-нақылдарын теріс пайдаланады.
* Сайқалдығы сайтаннан да асатын жүзіқаралар кездеседі.
* Мұндарлардың маңына жоламағайсың.
* Алланы таныған – өзін де табады.
* Құдайдан қорыққан ынсапшыл келеді.
* Жамандыққа жақсылықпен жауап бер бұл – пайғамбарымыздың өнегесі.
* Жетім, пақыр, ғарыпты жебей жүргейсің: бұл – пайғамбарымыздың өнегесі.
* Өтірікшілерді жек көр: бұл – пайғамбарымыздың өнегесі.
* Адал жанды пенделерге сен: бұл – пайғамбарымыздың өнегесі.
* Заман азар уағында – патша айналар залымға.
* Тарихты білмегендер адалдық жолымен жүре алмайды.
* Бәле келсе – сабыр ет: бәрі тәңірінің ісі.
* Мал-мүлік жидым деп мәз болма – жан кеткенде кетеді.
* Ата-анаң, бауырлар қайда кетті – ойланшы,
Төртаяқты ағаш та саған да бір күн жетеді.
* Кісі ақысын жеме.
* О дүниеге ешкім де саған жолдас боп ермейді.
* Ғашықтың күйіп-жануы – қалауы дейді құдайдың.
* Ғашық бол, қалтқысыз адал ғашық бол.
* Пенденің кемел жасы – қырық.
* Арамзамен сырлас болма,
Олай етсең баспайды ісің оңға,
Бастан-аяқ батумен пәле-сорға.
* Ғалымдарға кітап керек,
Софыларға михраб керек,
Мәжнүндерге Ләйлі керек.
* Дүниеге құл болма.
* Мейірімі жоқ менмендерге қаспын мен.
* Ақ ниетімен ақ-адал дәмін ұсынғандарға ақ пейілді бол.
* Махаббат дәмін татпаған, жар сүйіп, қызығын көрмеген, үйін ойлап дүние таппаған, ойсыз-қамсыз шайтандыққа бой алдырғаннан иман қашады.
* Әзәзілдің арбауына көнбе.
* Тапқаның болса – ғарып-пақыр, жетім-жетіслермен бөліс.
* Нәпсіқұмар лас пиғылды жеңген тәңірі жолына түседі.
* Қолыңнан келсе кеудеңде шырақ жандыр.
* Кітап аш та – мәнін ұқ.
* Әділ сөйлеп, адал жүр.
* Жалғанқұмар, суайт сопыны жүндей түт.
* Аяқ-қолыңды жерге түсірмей мақтағандарға қуанба.
* Шын сүіспеншіліктің не екенін білмеген жан жолда қалады.
* Шын мүбәрак жанның бағы жанар.
* Бір алладан басқа жәрдемші жоқ.
* Жасырсаң ұйқы қашса, бейнет баспа.
* Ойсыз, мұңсыз уақыт зая.
* Тағаттылар табар рахат.
* Тағат жәннатқа да жол табады.
* Көңіл құсы қияндарға қонады.
* Күнә – дерт.
* Нәпсісі үшін қыр шарлаған итке ұқсағаннан – өлген жақсы.
* Жарандармен қоян-қолтық араласпасаң, жылуын да сезбейсің.
* Қайғы-уайым қиналтар талай жанды,
Үйретер әр нәрседен абайлауды.
* Мінәжатқа шын құлықсыз тұра салма.
* Ғажап қой ішпек-жемек рахат үшін.
* Ұрыншақтың – дауы көп,
Жамандардың – жауы көп.
* Көпке топырақтай төселіп қызмет қыл.
* Қысыр сөзге жолама.
* Безбүйректің сенің іштегі дертінде еш жұмысы болмайды.
* Ынсапсыздарға ұят-аят деген болмайды.
* Сырты – сұлу, іші – арам.
* Тәні тәрбиелінің жаны жәннатта болады.
* Ақырзаман адамдары үйлерін өрнектеуге күйкі тірлікті күйттеуге әуес келер.
* Тәубасы жоқ, көңілі арам пасықтарға тар лақатта қатты азап қасіреті бар.
* Күнә қылсаң – тәубеңе кел.
* Ғашықтық – дүниедегі ең қиын түйін.
* Жан-жара, көңіл – нала.
* Дау – арам.
* Ынтасыздың күні қараң.
* Тойымсыздық – теріс нәпсі.
* Опасыз дүние жима.
* Мінәжат сырын қиналған білер.
* Тарихат тапқан тазарар.
* Ақиқат алауы да өрттей алады.
* Асылдарды әрқашан жадыңда ұста.
* Мадақтар болсаң, шын асылды мадақта!
Н. Үсенова