- Негізгі бет
- Тұлға
- Княжна Тараканова —...
Княжна Тараканова — алтын ғасырдың авантюрист аруы
Княжна Тараканова... Жаны көркем өнерге жақын адамдар үшін бұл атау Третяков галереясындағы Флавицкийдің керемет картинасын еске салары анық.
Петербордың Петропавл қорғанындағы түрме... Тор арасынан сел толассыз ағып жатыр. Түрменің жұпыны көрінісімен ешқандай үйлесімділік таппай тұрған қымбат көйлектегі сұлу бойжеткен сәлден соң судың астында қалатын кереуетке мініп, амалсыздықтан сілейіп тұр.
Еуропаның серілері бұл сұлу үшін барын да, тіпті жоғын да сарп етуге даяр еді. Алайда, қырмызы қыздың қақпанына түскендер оның шын мәнісінде кім екенін білмеді. Ол өлім аузында жатқанның өзінде шындықтың бетін ашпай, құпия күйінде көз жұмды.
Оның есімдері көп еді — Франк ханым, Шель, Тремуйль, Али-Эмете, принцесса Владимирская, Элеонора, принцесса Азовская, принцесса Елизавета Владимирская — бүкілресейлік княжна, ал, бізге мәлім княжна Тараканова есімін өзі ешқашан қолданбаған. Алтын ғасырдың авантюрист аруының құпиясын ашуға талпынған талай тарихшы естеліктерінде осы атаумен берілгендіктен, бізге де солай жеткен екен.
Оның кенет қайдан пайда болғаны беймәлім. Бұл оған қатысты құпиялар тізбегінің тек бастамасы ғана еді. Тараканова біресе Гент, біресе Лондон, біресе Парижде жүретін, оның енді қайдан шығарына адам көзі ілеспейтін. Жүрген жерінің бәрінде қоғам қаймағының белгілі өкілдері ес-түссіз ғашық болып, қалай қармағына ілініп, қалай құр қол қалғандарын өздері де сезбей қалатын. Еуропада жас авантюрист қыздың әсем бейнесі, қоңыр көздері, қара шаштарына тәнті болмаған адам қалмады.
Қайдан келгені белгісіз, өткені тұман бикеш өзін орыс императрицасы Елизаветаның ұрпағымын деп жариялап, еуропадан жақтастар жинай бастайды. Императрицаның шынымен де 1744 жылы туған тағдыры белгісіз Августа Дараган есімді қызы болған екен. Бұл жалған есім иесін зерттеушілер Дараганға ұқсатып Тараканова деп атап кетсе керек. Кейбір адамдар оның сыртқы келбетінің расында да Елизаветаға ұқсас екендігін көретін.
Бұл сыбыс көп ұзамай Ресейге де жетеді, тағы үшін қорқа бастаған Екатерина ІІ осындай түсініспеушілік тудырған адамды ұстап алып келуге өзінің фавориті Алексей Орловты аттандырады. Еуропаға орыс кемесінің келіп тоқтағанын естіген Тараканова еш күдіксіз Орловқа өзінің жақтасы болуды ұсынады. Оған керегі де сол еді.
Сол кездегі Ресейдің ең келбетті әрі білімді атқа мінері граф Орлов аруға сезімін білдіріп, сеніміне кіреді. Енді Тараканова мен Орлов қол ұстаса элиталық жиындарға, беделді адамдардың үйлеріндегі қонаққа, операға бара бастайды. Сондай кештердің бірінде авантюрист ару контр-адмирал Самуил Грейгтің кемесін аралап көруге ниет білдіргенін пайдаланып, Орлов оны кемеде тұтқынға алады. Өзінің талайды тамсандырған сұлулығы мен жігіттердің жүректерін жаралаудағы мінсіз мансабына кәміл сенімді болған бикеш бәрі өзі ойлағаннан басқаша аяқталарын сезбеді. Тараканова ханым Екатерина ІІ қолына түскеннен кейін абақтыға жабылады. Одан кейінгі тағдыры, дәл оған дейінгі тағдыры секілді құпия, шытырман оқиға мен жалған ақпараттарға толы.
Тараканованың тағдыры Константин Дмитриевич Флавицкийдің картинасындағыдай аяқталған болуы әбден мүмкін...
Тыныш түзу өмір жолынан гөрі, аватюраға толы тағдырды таңдаған басқа да бикештер секілді, княжна Тараканова бейнесі де түрлі заман ақындары, суретшілері, музыканттарының қиялына бірнеше ғасырлар бойы қайта-қайта оралып, туындыларына арқау болды. Мыңжылдықтар музасы болған бикештер хақында әлі талай әңгіме қозғаймыз, құрметті оқырман.
А. Оралқызы