1. Ұлы импрессионист шығармашылығы карикатурадан басталған
Шығармашылық жолының бастауында Моне карикатуралық суреттер салу арқылы жан баққан. Ол мектепке барғанды ұнатпайтын. Жас бала үнемі Гавр жағалауында суреттерін 15-20 франк бағасына сатып жүретін.
Бір күні Моне карикатурасы сатылатын дүргіршекте тіршілік тынысын өзгерткен ерекше адаммен жолығып қалады. Ол пейзажист Эжен Буден болатын. Монені алғашқы пленэріне (ашық аспан астында сурет салу) алып шыққан да сол кісі еді. Клодтың айтуынша, оны суретші қылған да сол Эжен Буден болатын. "Көзім алдымнан перде ашылғандай күй кештім! — дейтін Клод Моне. — Көркем суреттен құдіретін бір-ақ сәтте ұққандай болдым".
2. Көркемсуретке ғашық қылған тұлға
Суретшілер ашық аспан астында салған кескіндемелерін шеберханаға алып келіп, соңғы нүктесін сол жерде қоятын. Бірақ, Моне суретті үнемі пленэрде аяқтағанды ұнататын. Шеберханаға алып келген кезде, оның туындысы әлдеқашан аяқталып, толыққанды картина болып тұратын.
"Сурет салу үшін табиғатқа аттанған кезде, — дейтін қылқалам шебері, — көз алдыңызда тұрған ағаш, үй, дала секілді нақты дүниелерді ұмытыңыз. Оларды көгілдір түсті шаршы, алқызыл түсті төртбұрыш, сары сызық ретінде қабылдаңыз. Сол көріп тұрған нақты заттарға іштей түс пен қалып бере отырып ой өрбітіңіз. Сонда бәрі оңды болады".
3. Бір ғана муза. Камилла
Шебердің музасы болған арудың есімі Камилла болатын. Кейін ол Моненің жұбайына айналды. Оның "Камилла" ("Жасыл көйлектегі әйел") аталатын картинасы суретшінің танымалдығын арттырды.
4. "Импрессионизм" терминінің пайда болуы
Клод Моне мен оның Огюст Ренуар, Альфред Сислей, Фредерик Базиль секілді достары Париждік салонда тек тарихи тақырыптағы суреттер қойылатынына наразы болатын. Олар "дәл қазіргі сәт" деген ұғым шеңберінде өмір сүріп, соны қағазға түсіргенді жөн санайтын. Оларға өздері өмір сүрген заман адамдарының тағдыры қызығырақ көрінетін.
Кейін Моне, Ренуар, Сислей мен Базиль өздері жеке шығармашылық бірлестік құрып, 1874 жылы алғашқы көрмесін ұйымдастырады.
Осыдан кейін осы суретшілер толқыны "импрессионисттер" аталып кетті. Оның атауы Моненің "Әсер. Күннің шығуы" (Impression, soleil levant) картинасына байланысты қойылды.
5. Ең қымбат картина
Жұбайы Камилла қайтыс болғаннан кейін, Моне балаларымен Жеверниге көшіп кетеді. Жаңа мекенде Моне өзінің жаңа құмарын табады. Ол бағбаншылық болатын.
Үйінің аумағын гүлмен толтырып, құлпыртып жіберетін. Әсіресе, Клод өзі әрлеген су тоғанын ерекше күтіп, баптайтын. Суретші Живернидегі бағын көптеген картиналарында суреттеген.
"Лалагүлді тоған" ("Пруд с водяными лилиями") – Клод Моне картиналарының ішіндегі ең қымбат бағаға сатылған туынды.