ҚазТАГ-ты көркейткен кемеңгер

ҚазТАГ-ты көркейткен кемеңгер
Фото: massaget.kz, inform.kz

Кеңес Одағы дәуірінде Қазақстандағы басты идеологиялық мекеменің бірі ҚазТАГ-қа (қазіргі "ҚазАқпарат" ХАА) биліктің көзқарасы ерекше еді. Солай бола тұра ғасырлық тарихында агенттік өрлеу мен құлдырау кезеңдерін бастан кешіргені анық.

Тікелей Мәскеудің ықпалындағы ҚазТАГ әрқилы себептермен кей жылдары ТАСС-тың көлеңкесінде қалып келген кездері де болатын. Әйтсе де, кей жылдары оның беделі одақ бойынша көтеріліп, дүрілдеген дәуірі де өтті. Әсіресе 1970-1980 жылдары ҚазТАГ тарихындағы ерекше кезең еді. Бұл кезең сондай-ақ мемлекет және қоғам қайраткері, қазақтың қайсар қаламгері Кәкімжан Қазыбаевтың ҚазТАГ-қа басшылық жасауымен де байланысты. Бүгін Кәкімжан Қазыбаевтың дүниеге келген күні.

Кәкімжан Қазыбаев 1929 жылы 10 мамырда Талдықорған облысы Сарқан ауданы Бақалы ауылында туған. Екінші дүниежүзілік соғыс басталғанда есепші болып, еңбекке ерте араласады. 1947 жылы Ақсу қазақ орта мектебін бітірген соң, Қазақ мемлекетік университетінің журналистика бөліміне оқуға түседі. Университетте оқып жүргенде-ақ "Лениншіл жас" газетіне жұмысқа тұрды. Жас қаламгердің бойына біткен зеректігін де осыдан аңғаруға болады. "Лениншіл жастан" соң Алматы облыстық "Жетісу" газетінде оншақты жыл бас редактор орынбасары қызметін атқарады.

Кәкімжан Қазыбаев ҚазТАГ-қа 1974 жылы басшылыққа келген екен. Қатаң идеологиялық қыспақта тұрған осы кезеңде ҚазТАГ-тың басшысы тұрмақ қатардағы қызметкеріне де ерекше талап қойылатын. Ал басшы болуы үшін тұлға бойындағы идеологиялық сергектікті айтпағанда қазақ және орыс тіліне бірдей жүйрік жазатын сауатты, жауапкершілігі жоғары әрі іскерлігі мен өресі биік адам болуы тиіс. Бұл талаптың бәрі де Кәкімжан Қазыбаевтың бойынан табылатын. Сондықтан да Қазақ телеграф агенттігінің Бас директоры қызметінде оның еңбегі жемісті болды: аз жылда агенттікті көркейтті, кемеңгерлігін де көрсетті, терең білімін де танытты.

Кәкімжан Қазыбаев ҚазТАГ-қа келісімен ең бірінші кезекте екі мәселені шешуді жолға қояды. Біріншісі – мекеменің материалдық-техникалық базасын жақсарту. Жоғары жаққа сөзін өткізе жүріп, Бас директор ҚазТАГ-ты сол жылдардағы ең мықты заманауи техникамен жабдықтауға қол жеткізді. Шапшаң хабар тарату үшін қажетті жылдамдығы бұрынғыдан бірнеше есе артық шетелдік телетайптар (минутына 200 сөз оқитын) мен су жаңа магнитофондар алдырды. Мұның өзі съездерден, жұмыстың аса қауырт кездерінен ақпарат тарататын журналистің, аудармашының жұмысын жеңілдетті. Ал түпкі нәтижеде телетайптан хабар күтетін теле-радио жаңалықтары мен мерзімді баспасөз уақытында шығып, оперативтілік үдеді.

Екінші мәселе - қызметкерлердің жағдайын жасау, қаламы ұшқыр журналистерді ҚазТАГ қатарына тарту. "Ол заманда маған жұрттың бәрі өз ісіне беріле қызмет ететіндей көрінетін. Шынымен де солай еді. Кәкең де ерте кетіп, кеш келетін. Өзі үшін қам жемесе де, қызметкерлерінің жұмысына, жағдайына ұдайы алаңдап отырушы еді. Орталықтан хабар күтетін ҚазТАГ журналистері мен аудармашылары ол кезде түннің бір уағына дейін кеңседе жүретін. Түнде жолаушылар көлігі тоқтап қалатындықтан кейбірі мекемеге қонып қалып та жататын. Осы жайт Кәкеңе қатты батып жүрді. Қызметке кіріскеннен кейін, Министрлер Кабинетіне дейін шығып, жұмысшыларына арнайы көлік алдырды. Сүйтіп түнде жұмыстан шыққандарды үйді-үйіне жеткізіп тастайтын болды. Бұның өзі сол кезеңдегі өлшеммен алсақ, әркімнің қолынан келе бермейтін шаруа еді", - дейді жазушының жары Орынша Қарабалина.

Бұл ғана емес, Кәкімжан Қазыбаев ҚазТАГ-та бірталайдан жұмыс істеп жүрген қызметкерлерге үй бергізіп, журналистердің жалақысын Украинаның РАТАУ агенттігінің дәрежесіне жеткізеді. Осыдан келіп ҚазТАГ төңірегіне кіл мықты аудармашы мен қаламы жүйрік журналистер жамағаты топтасты. ҚазТАГ шын мәнісінде министрлік деңгейіндегі мекемеге айналды. Есімдері елге белгілі Жұмағали Смағұлов, Нұрмахан Оразбек сынды қаламгерлер басшылықпен қоян-қолтық араласа жұмыс істеді. Жоғары жалақы, жақсы қаламақымен қоса Қазыбаевтың қолғабысы әлбетте ҚазТАГ қаламгерлерін де қанаттандырды. Бас директордың өзі де қызметкерлермен ақылдасып, олардың пікірімен санасуды, жастарды жігерлендіріп отыруды дағдыға айналдырған. Ақылдаса келе журналистер де біртіндеп ақпарат таратудың соны сүрлеуіне көше бастады. Мәселен, бұрын ресми органдардан түскен қысқа-қысқа қарабайыр материалдармен шектеліп келген ҚазТАГ енді жаңалыққа негізделген талдау материалдарын да баспасөзге ұсынатын болды. Нәтижесінде сол тұстағы газет беттеріне көлемді-көлемді ҚазТАГ материалдары жиі шыға бастады. Біртіндеп ақпарат таратудың өзіндік асыл арнасы қалыптасып, ҚазТАГ хабарларының дәстүрге айналған ғұрпы бекіді.

Осылайша, Кәкімжан Қазыбаев аз жылда ҚазТАГ-тың бойына қан жүгіртті. Орталықтағы ТАСС-пен ҚазТАГ-тың қарым қатынасы жақсарды. Одақ көлемінде жарияланған жүлделі орынды ҚазТАГ-тың жеңіп алатын кездері көбейді. Одақтас елдердің агенттіктерінен тәжірибе алмасуға ұсыныстар түсіп, қызығушылық артты. Осының бәрі қаламгердің қайраткерлік қырын да көрсетеді.

Түйіндей айтсақ, Кәкімжан Қазыбаев биыл 100 жылға толып отырған ҚазТАГ-тың ғана емес, жалпы қазақ журналистикасының қадамын аштырып, кетігін бүтіндеген тұлға. Ал мемлекетшіл қайраткердің сол кездегі жоғарыда біз сөз еткен ерен еңбегін, оның қажырлы қызметін өзінің жазып қалдырған мына бір естелігі де айғақтай түседі:

"...1982 жылдың 10 марты. ҚазТАГ-тың қарбалас жұмысымен тағы да ой үстінде отырғанмын. "Кремлевка" зың ете қалды. Жалма-жан ала қойдым. Димекеңнің қоңыржай ашық даусы.

– Қазыбаев, шұғыл жұмысың көп пе? Егер саябыр болсаң маған келіп кетші.

Жүрегім дір ете қалды. "Қандай шаруамен?" деп те сұрап үлгермедім. Неше түрлі ой келді. Неде болса бара көрейін. ҚазТАГ-та түрлі-түсті фотоцех ашу жөнінде мәселе қойып жүр едім, соның қамы ма екен?! Бұл шынында да пісуі жеткен іс-ті. Қазір жай – фото өткеннің ісі. Кітаптар, альбомдар шығарарда слайдаға, түсті фотоға сұраным өте көп. Баспалар, мекемелер бізді мазалайды. Республикадағы ең бір жедел орталық, ең бір ұрымтал мекеме. Осы арада түсті фотоны да дұрыстап жолға қойса, бұл істен көп пайда келтіруге болады.

Димекең бұған дейін үй мәселесін (мекемеге), жедел байланыс жайын (телетайптарды) шешіп берген. Транспорт та жөніне келді. Осы мәселелердің қайсысы жайында болсын, бір байқағаным, Димекең істі терең білген, оның мүддесін жанашырлықпен ойлаған адамды мейлінше ұната ма деп қалдым және табан астында істі тапсыратын адамға тапсырып, бас аяғыңды тұйықтап, өзіңді күткеніңнен арман разы етіп жібереді. Қанаттанып, қайраттанып қайтқанмын. Тосыннан қоятын сұрақтары да бар. Сол мәселеге байланысты сен күтпеген қырды анықтап алады. Дайын болмасаң састырып тастайды.

Сондай жағдайға душар болмайын деп, қанша валюта керек, ол цех қанша бөлмеге сияды, Москвада бұл мәселені шешуге қатысатындар кімдер – бәрін тәптіштеп өзімше дайындап алдым. Былай десе – былай, былай десе – былай деп жауап бермекшімін. Алайда қанша өзіңді дайындағанмен ол кісінің кабинетінің табалдырығын аттағанда ойыңдағыңның бәрінен айырылып қалатының болады. Бұған дейін сан рет солай болған-ды. Ондайды ол кісі бірден сезеді де өзіне тән жарқындықпен сөз бастап, сені қалыпқа түсіріп алады. Қал-жағдайыңды сұрайды… "Есіңді жиған" кезде, "Ал келген шаруаңды айт" — дейді. Жақсы хабарды жаны ұйып тыңдайды. Өзіңді құптап, жетектеп ала жөнеледі. Біраздан соң тіпті еркінсіп кетесің. Тағы да бір нәрсені сұрап, бір мәселені шешіп қалғың келіп тұрады. Бірақ ар жағыңнан қанағат тізгіні тежеңкірейді. Жайыңды тапқан адамның қанағатсыздықпен жанына тиіп алма дейді.

Бұл жолы да тек түрлі-түсті фотоцехтың жайын айтуға ғана бекініп келе жатырмын. Қас қылғандай, табалдырықтан аттай бере ойым бытырады да кетті. Димекең орнынан тұрып, салалы саусақты қолын беріп, алдымен өзі амандасты. Мен де жалма-жан қол беріп, нұсқаған орындыққа отырдым. Аузыма сөз түспеді.

– Осы сен ҚазТАГ-та істегеніңе қанша жыл болды?

– Алдымыздағы ноябрьде сегіз жыл толады.

– Көп отырып қалыпсың ғой…

Мынау күтпеген сұрағым. Маңдайымнан суық тер шып ете қалды. Сосын Димекең әңгіменің бетін кілт басқа жаққа бұрды да, жалпы идеологиялық жұмыстың жайына ауысты. Әр-әр кадрлар жөнінде пікір сұрады. Мен білгенімді жасырмадым. Әр сала жайлы өз түйгендерімді шамам келгенше жеткізуге тырыстым. Мұндай тақырыпқа бұрын ешқашан сөйлесіп көрген емеспіз. Бір жағы сенім, бір жағы сынау да шығар деп ойладым. Бұрын әркім-әркімнен байқау ретінде өз тұжырымын жұрт пікірімен салыстырып отыратын әдеті бар дейтінді еститінмін. Кең толғанып жатуға менде шама болған жоқ. Жүрегімде не тұрса, тілімнен сол шықты. Қулануға да, сақтануға да құлқым бара қоймады.

– Сен ертеңге дейін ойланып, обкомдарға идеология жөнінде секретарьлыққа жарайтын бес адамның тізімін әкеп берші. Осы майданда талайдан келе жатырсың ғой.

– Жарайды, Димеке!

Фотоцех жайына қалды. Өз ойыммен өзім болып кете бардым..."

inform.kz

Н. Үсенова