Заманауи архитектура кімді болса да қызықтыратыны сөзсіз. Тәуелсіздік Монументі, Ақорда Резиденциясы, Қазақстан қонақ үйі тәрізді тәуелсіздік танымынан хабар беретін сәулет өнері туындылары халқымыздың мақтанышына айналған. Алайда бұл зәулім өнер ғимараттарын тұрғызуға күш салған сәулет майталмандары жайында не білеміз. Алдарыңызға қазақ сәулет өнерінің танымал тұлғаларының бірнешеуін ұсынып отырмыз.
Ақмырза Рүстембеков – халықаралық байқауларда бірнеше рет марапатталған, Қазақстанның басты символына айналған «Астана-Бәйтерек» жобасының жетекшісі әрі идея авторы. Ақмырза Рүстембеков Алматы қаласындағы «Silk Way» сауда орталығының, сонымен қатар Алматы мен Бішкек қаласындағы көптеген тұрғын үйлердің авторы.
Шоқан Матайбеков. 2005-2007 жылдар аралығында Астана қаласының бас архитекторы болып қызмет атқарды. Көптеген танымал сәулет нысандарының авторы, соның ішінде «Тілеп қобыз сарайы» салтанат сарайы, «Сулы-жасыл бульвар» көпфункционалды кешені, «Солтүстік шұғыласы» атты тұрғын үй кешені, министрлер үйі, Астана қаласындағы эталон орталығы кешені мен басқа да құрылыс нысандары аталмыш автордың идеясынан туған. Сәулетшілердің ой-қиялынан туған кез келген ғимарат, құрылыс, шындап келгенде, өнер туындысы саналады, ал өнер – сәулет өнері деп аталады. Шоқан Матайбек есімі шетелде де танымалдыққа ие.
Сұлтан Баймағамбетов. Алматы қаласы сәулет департаментінде 16 жыл басшылық қызметін атқарды, қаланың бас сәулетшісі болды. Қазақстан президенті резиденциясының, Алматы қаласындағы Орталық мешіт пен Алматы Әуежайының, «Нұрлы Тау» көпфункционалды кешенінің, Жамбыл Жабаев пен Абылай Хан ескерткіштерінің, өзге де оңтүстік астананың көптеген сәулет кешендерінің авторы.
Болат Құспанғалиев. Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ деректеріне көз жүгіртсек, Болат Құспанғалиевтің 2000 жылы архитектура саласында докторлық диссертация қорғай отырып қазақтың алғашқы сәулетші докторы атанған ғалым екендігін көреміз. Аталмыш тұлғаның басқаруымен әрі жетекшілігімен 20-дан астам жоба орындалған. Олардың қатарында «Хайвилл Астана» көпфункционалды тұрғын үй кешені, Астана қаласындағы «Белый Лайнер» әкімшілік-тұрғын үй кешені, «Алматы қала» ("Apple Town") көпфункционалды тұрғын үй кешені сәулет құрылыстары бар.
Тоқтар Ералиев – жаңа астананың алғашқы бас сәулетшісі. «Нұрлы Тау» көпфункционалды орталығы, стратегиялық зерттеу институты, Алматы қаласындағы «Рахат Тауэрс» (қазіргі «Алматы Тауэрс») ақпараттық технология паркі мен бизнес-орталығы жобаларының авторы, Ауған соғысына қатысқан қазақстандық шаһид жауынгерлерге арнап тұрғызылған ескерткіш жобасының бірлескен авторы.