Бүгін – Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жастар театрының актрисасы, Қазақстанның халық әртісі, «Құрмет» орденінің иегері Роза Әшірбекованың туған күні.
Роза Әшірбекқызы 1938 жылы 15 сәуірде Көкшетау облысы, Еңбекшілер ауданы, «Үлгі» (бұрынғы «Казгородок») ауылында дүниеге келген. Көрсе көз тоятын сұлу табиғатты, қасиетті осы бір өлкеде өсіп-өнген Ақан сері, Біржан сал, үкілі Ыбырай, Балуан Шолақ сынды қазақтың өнер алыптарының сарқытындай боп, сонау 60-шы жылдары театр өнеріне Роза есімді бір нәзік гүл келіп қосылды. Бүгін сол аяулы қызымыз 75 жасқа толып отыр.
Ол 1960 жылы қазіргі М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының жанындағы Ә.Мәмбетов ашқан алғашқы студияны тәмамдаған. Содан бері Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында 50 жыл бойы табан аудармай тер төкті. Аты мен затының қазақ театры өнерінің тарихында өшпес әріптермен жазылып қалатынына бек сенімдіміз.
"Шұғаның белгісі"
Роза Әшірбекованың алғашқы рөлдері: Ж.Жұмақанов, Ә.Тәжібаевтың «Қарагөз қарындасымында» Анна, М.Әуезовтың «Жас Абайында» Тоғжан, С.Мұқановтың «Мөлдір махаббатында» Бәтес, «Ботагөзде» Ботагөз, Б.Майлиннің «Шұғасында» Шұға, Т.Ахтановтың «Махаббат мұңында» Ләззат, Ш.Айтматовтың «Арманым - Әселімде» Хадиша, «Бетпе-бетте» Сейде, М.Кәрімнің «Ай тұтылған түнінде» Шафақ, Ә.Тәжібаевтың «Монологтарында» Мәншүк, Т.Әбдіктіңтің «Біз үшеу едік» шығармасында Дариға, Ш.Уәлихановтың «Қос Анарында» Ақбөпе т.б.
Актрисаның шығармашылық өмірі жастар мен балалар театрының өсу-өркендеуі жолымен тұтастай байланысып жатыр. Ол сахналаған қойылымдардың барлығы дерлік сол театрдың ең үздік туындыларының қатарында. Актриса шеберлігі де біртіндеп өсіп отырды. Лирикалық, романтикалық бағыттан біртіндеп психологиялық көңілді терең ашудың хас шеберіне айнала бастады. Өзінің қиял көкжиегінің кеңдігімен трагедиялық, комедиялық, драмалық кейіпкерлердің ішкі жан-дүниесін бір-біріне ұқсастырмай даралай ойнай білді. Әлі де ортамызда өнер көрсетіп жүр. Оның дарыны мен шеберлігі ұлттық драматургиямыздың төл туындыларында ғана емес, орыс және әлемдік классикалық драматургия негізінде қойылған спектакльдерде жарқырап көрінді. Ол сомдаған Мольердің «Скапеннің айласындағы» Глецинте, Б.Брехтің «Әйдік апайындағы» Иветта, Брунштейннің «Том ағайдың лашығындағы» Бала, Шекспирдің «Гамлетіндегі» Гертруда, А.Н.Островскийдің «Адам аласы ішінде» қойылымында Мамаева, А.П.Чеховтың «Шағаласындағы» Аркадина рөлдері актрисаның ерекшелігін көрсетеді. Аты аталған рөлдер Р.Әшірбекованы трагедиялық қуаты мол зор сахна суреткері ретінде, нәзік сезімді, терең психологиялық тебіреністерге еркін бара алатын дарын иесі екендігін де аңғарта білді.
"Ай тұтылған түн"
Профессор Маман Байсеркеұлы Роза Әшірбекова туралы былай деп жазады:
«Гамлет» трагедиясын сахнаға шығарған кезімде Розаның өзгелерден ерекше бір қасиетін: өз ісіне есеп беріп отыратын талапшылдығын, кемшілігін түзеу жолында қандай қиындық кездессе де, жеңуге тырысатын қайсарлығын байқадым. Өзге ұлт өкілдерінің психологиялық толғанысын, ішкі қайшылығын, әлеуметтік сипатын, адамдық болмысын табуға жан-тәнімен кірісетін. Аударма шығармалардағы күрделі бейнелерді меңгеруге Р.Әшірбекова өмірлік тәжірибесінің үстіне көп ізденудің, оқып білудің, мәдени шеңберін кеңейтудің нәтижесінде жетті. Ол үнемі дүниежүзі әдебиетінің озық үлгілерін, өнер жайындағы жаңалықтарды қалт жібермей оқып отырады. Сондықтан рөл дайындау үстінде режиссердің нұсқауымен шектелмей, спектакльдің шешімдеріне ой жүгіртіп, пікір таластырып, пьесаның сахнада дұрыс ойналуына жанашырлық көрсететін. Көбінесе Шекспир кейіпкерлерін сомдау актерден өзгеше көркемдік бейнелеу құралдары мен актерлік шеберліктің басқаша қыр-сырын, әдіс-тәсілін талап ететін анық. Әсіресе, Гертруданың ішкі сезімінің алақұйын иірімдерін, күйініш-қайғысын, өзегін өртеген өкінішін табиғи берді. Менің байқағаным, ол қай рөлге болсын аса жауапкершілікпен қарайтын актриса. К.С.Станиславскийдің «кішкене рөл болмайды, кішкене актер болады» деген сөзін үнемі жадына ұстай жүріп, әр бейненің психологиялық астарын ашуға бар күшін сарқа жұмсайтын жан».
Роза апамыздың қашанда жүзі жарқын, күлкісі мен сыңғырлаған даусы тұла бойыңды елжіретіп жібереді. Әрине, өмірінде орны толмас қиын кезеңдерді өткерді, бірақ қанша дегенменде сахнаның аты сахна болғандықтан театрын баз баяғыша сүйіп жүр. Онымен сахналас, үзеңгілес болған әріптестері қатарында А.Қалтаев, А.Кенжеков, С.Саттарова, М.Құланбаев, А.Құланбаев, Б.Құланбаева, М.Бақтыгереев, Ч. Зұлқашев, Ә.Өмірзақова, К.Өмірзақов, Қ.Жәкібаев, Ж.Бектасова сияқты аталарымыз бен апаларымыз бар.
Роза Әшірбекова қазіргі таңда театр репертуарында жүріп жатқан О.Бөкеввтің «Атау кере» қойылымында (реж.Н.Жақыпбай) Нүрке ананың рөлін ойнайды. Сонымен қатар театр репертуарына жаңадан қосылған Ж.Солтиеваның «Сағым қуғандар» драмасында Апа рөлімен, балаларға арналған М.Ахмановтың «Наурыз-думан» ертегісінде Әже рөлімен көрерменін қуантып жүр.
75-ші көктемін халқымен қарсы алып отырған Роза Әшірбекованы мерейтойымен шын жүректен құттықтаймыз!
Жолдаған: Гүлнәз Әділғалиқызы
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева
Сурет: театрдың баспасөз қызметі