Қазақтың қаны бар шетел өнерпаздары

Ресей шоу-бизнес өкілдерінің арасында әкесі қазақ, не бізге жиен болып келетін өнерпаздар баршылық. Олар тегіне қарамастан тағдыр сыйлаған мүмкіндікті пайдаланып, өнер әлемінің биік сахнасына шыға білді. Өз мақсаттарына жетуде оларға қазаққа тән қайсарлық пен қызуқандылық, инабаттылық пен биязылық бір септігін тигізген де болар?

Ресей түгілі, Голливудты мойындатқан режиссер, продюсер Тимур Бекмамбетов Атырау қаласының тумасы. Әкесі - Нуруахит Бекмамбетов "Гурьевэнерго" энергобасшылығында басшылық қызметтерді атқарған, ал анасы - Мира Богословская "Прикаспийская коммуна" облыстық газетінің редактор орынбасары болған. Тимур Нуруахитұлы бір сұхбатында оған американдықтардың ұнайтын, әсіресе Лос-Анжелесті ұнататынын айтқан. «Бұл қала маған Маңғыстауды еске салады. Онда да түрлі ұлт өкілдері тұрады. Онда корей кварталдары да, қытай және басқа да кварталдар бар. Толықтай интернационал қала, бұрынғы Маңғыстау сияқты» деген екен.

Ресейдің танымал режиссері Егор Кончаловский асылдың тұяғы десек болады. Әкесі Андрей Михалков-Кончаловский көптеген шедевр фильмдерді дүниеге әкелген дарынды режиссер. Ал анасы Наталья Аринбасарова біраз фильмдердің кейіпкерін ашқан танымал қазақ актрисасы. Егор Кончаловскийдің анасына деген құрметі ерекше және ол әрдайым қазақстандық жобаларға қатысып, кинофестиваль шақыртуларынан қалмайды.

Ал Наталья Аринбасарованың екінші жолдасы Николай Двигубскойдан туған қызы Екатерина Двигубская да актриса, сценарист, режиссер. "Бедная Настя", "Москва, я люблю тебя!" сынды фильмдерді дүниеге әкелген. Сонымен қатар, көптеген фильмдерде ойнап, актерлік қырынан да танылып жүр. 

«РУДН» КВН командасының капитаны, қазірде танымал продюсер, Сангаджи Тарбаев анасының қазақ ұлтынан екенін бірнеше сұхбаттарында айтқан. Тегі қалмақ Сангаджидің балалық шағы Батыс Қазақстан облысында, анасы Мақпалдың ауылында өткен екен. Сангаджидің бойынан әрдайым кішіпейілділік пен инабаттылық, тәрбиелікті байқауға болады. Бұл да қазақ анасының қосқан үлесі болар.

Альбина Джанабаеваны көбі татар ұлтынан деп ойлайды. Алайда, ол бір сұхбатында қанында әкесінен дарыған шығыстың, яғни қазақтың қызуқандылығы бар екенін айтқан болатын. Әкесі Борис Джанабаев геолог болған, ал анасы Марина Джанабаева – үй шаруасындағы әйел. Ресми емес деректер бойынша Альбина Ресей шоу-бизнесінің метрі Валерий Меладзенің жүрегін жаулап, оған ұл бала туып берген қазақ қызы.

Әкесі қазақ, шешесі орыс Бари Алибасовтың есімі қазіргі уақытта аты-шулы шоуларда көп аталатынымен, 90-жылдардың басында оған жетер продюсер жоқ еді. Әйгілі «На-На» тобын дүниеге әкеліп, күллі жұртты хиттерімен билеткен Бари Кәрімұлы өзінің туып-өскен жерін ешқашан ұмытқан емес. Тіпті Шар станциясындағы өзі оқыған мектебінің мерейтойына концерт қойып беріп, ауыл тұрғындарын бір марқайтып қайтқан.

Сурет: mamaspapas.ru, peoples.ru, showbizdaily.ru

Дайындаған: Анар Мұстафина