Қазақтың "Бозторғайы" дүниеге келген күн!

Қадым замандардан бері қарапайым халықты ерекше тағдыр иелерінің өмірі қызықтырып, іс-әрекеттері таң қалдырып  келеді. Тіпті, олардың есімдері ел аузында үзілмей айтылатын әдемі аңызға айналып жататындығы ақиқат. Тәңірдің сондай бір ерекше сыйына ие болған, көзі тірісінде-ақ халық арасында аңызға айналған таланттардың бірі – Мейрамбек Бесбаев.

Осыдан жиырма жылдай уақыт бұрын өзінше мұңға, қасіретке толы «Бозторғай» әнін адам жанын түршіктіре, алпыс екі тамырды идіре шырқап, қазақы тыңдарман жүрегіне жеткізе білген қара домалақ баланың бейнесі халық жадында біржола сақталып қалды. Дәл осы сәттен бері қазақтың «Бозторғайы» өнер әлемінің биігінен, киелі сахна төрінен көрініп келеді.

Мейрамбектің де өнер патшалығын бағындырудағы баспалдағы - ауылдағы Несіпқұл атты алғашқы ұстазының жас шәкіртінің бойынан талант ұшқынын байқап, Алтынбек Қоразбаевтың қолына әкеліп тапсыруынан басталады. Арда азаматтарымыздың бірі А. Қоразбаев Тоқтар мен Мейрамбектей дарынды ұлдарының қолына қазақтың киелі қара домбырасын ұстатып, әнге шөлдеген талайдың сусынын қандыра білді десек, артық айтқандық емес.

Осы арада 15 жасар «Бозторғайды» режиссер Қ.Қасымбеков «Қоштасқым келмейді» фильміне шақырады да, таланттың басқа қырынан көрінуіне мүмкіндік туады. Мейрамбектің орындауындағы «Алғашқы махаббат» атты сырлы сезімге толы ән талай ғашықтың жүрегіне шипа бола білді.

1993 жылы Құрманғазы атындағы консерваторияның «Халық әндері» кафедрасына оқуға түсіп, бір жылдан кейін Т .Жүргенов атындағы театр академиясының «Актер, драма, кино» факультетіне ауысады.

Жоғарғы оқу орнын тәмамдаған соң, жылдармен жинақталған азды-көпті тәжірибесінен кейін Мейрамбектің ән әлемінде бағын сынап көруге жасаған талпынысының нәтижесінде өмірге «МузАРТ» жобасы келеді. Өзінің құрылған сәтінен бері МузАРТ тобы асқан танымалдылыққа ие болып, жыл өткен сайын биік белестерді бағындырып, бұқара халықты әсем әндерімен әлдилеуден шаршаған емес.

Қайталанбас қоңыр дауысымен тыңдарман жүрегін жылытып жүрген қазақтың «Бозторғайы» дәл бүгінгі күні ғұмырындағы 36-күзін қарсы алып отыр. Массагет ұжымы Мейрамбек Бесбаевты туылған күнімен құттықтай отырып, шығармашылық табыстар мен жанұя бақытын тілейді.

Суреттер:kazmusic.kz,kairat.ucoz.com,video.mail.ru

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева