- Негізгі бет
- Тұлға
- "Қазақтың Баяны" туған...
"Қазақтың Баяны" туған күн
Қазақ әні – қазақ жанының ғасырлар көшінде шаң баспаған сырлы айнасы, халық рухының ықылымнан тіл қатқан тірі куәгері. Ал сол қазақ әндерінің дүниеге келуіне себепкер болған, оны насихаттай білген, қаймағын бұзбастан өскелең ұрпаққа жеткізе білген азаматтар қашанда ел есінде болады. Бүгінге жеткен көл-көсір ән қазынамызға зор үлес қосып, өнернама тарихында өзіндік суреткерлік болмысымен есімін таңбалаған сирек дарақтың бірі – Мұхит (Мұхамбеткерей) Мералыұлы. Бүгін – сал Мұхиттың дүниеге келген күні.
Әнші Батыс Қазақстан облысының Қаратөбе ауданында туған. Әбілқайыр әулетінен шыққан, Қаратай сұлтанның немересі. Оның туған ағалары Паңгерей, Шәңгерей, Сақыпкерей, Жанша, Жүсіп өнерпаз адамдар болған. Мұхит Орынбор, Қостанай, Жаманқала (Орск), Қазалы, Троицк, Ақтөбе, Арал, Атырау өңірлерін аралап, «Әнші Мұхит», «Сал Мұхит» атанады.
Мұхит Мералыұлы – Батыс кәсіби ән мектебінің негізгі тұлғасы. Батыс өлкенің кәсіби ән мектебі эпикалық дәстүр негізінде дамыған. А.Жұбановтың: “Қазақтың халықтық музыка мәдениетінде, оның ішінде, әннің дамуында жыршылар да үлкен рөл ойнады” деген пікірі ән мен жыр егіз ұғым саналатын осы өлкеге де қатысты. Батыс өңірдегі жыраулық-жыршылық өнердің жергілікті әншілік мектептің қалыптасуы мен өркендеуіне зор әсері болғаны анық. Ғұрыптық фольклор, қара өлеңдерден бастау алып дамыған мәтөк әндер, күлдіргі әндер, сағыныш әндер, қоңыр әндер деп аталатын лирикалық туындылар батыс өлке дәстүріндегі ән жанрының кең тақырыптық ауқымын көрсетеді.
Мұхит әндері – диапазон кеңдігімен, ішкі мазмұнының тереңдігімен қазақ ән өнерін биікке көтерген аса бағалы мұра. Композитор шығармашылығында сол өлкедегі ерекше дамыған жыраулық-жыршылық өнер мен Батыс Қазақстанның сол кезеңдегі шырқау шыңына жеткен күйшілік дәстүрінің ерекше әсері болғаны сөзсіз. Себебі, әннің ішкі табиғатын, болмыс-бітімін, характерін ашуда домбыра сүйемеліндегі айшықты қағыстар үлкен рөл атқарады. Батыс Қазақстан ән-жыр дәстүріндегі домбыра сүйемелі аспапты кәсіби деңгейде шебер меңгеруді талап етеді. Өйткені, күйдегі дәстүрлі қағыстар, оң қол және сол қолдағы әртүрлі әдіс-амалдар ән сүйемелінің негізі болып табылады. Мұхит әндерінің бір алуаны орта диапазонды, қоңыр әндер болып келсе (“Алуаш”, “Дүние”, “Қолжетпес”, т.б.), “Айнамкөз”, “Зәуреш”, “Үлкен айдай” тәрізді туындылары – орындаушылық үлкен шеберлікпен биік шырқап айтылатын, кең тынысты, күрделі әндер.Батыс Қазақстан аймағының ән дәстүрі күні бүгінге дейін жете зерттелмей келгендіктен, осы өңірдегі небір тамаша әнші-композиторлар шығармашылығы елеусіз қалып келді. Бала Ораз, Қиса, Аманғали, Аухат, Сары, Қызыл, Молдабай, Өтеғали, Дәуке, Білек, Ажар, т.б. көптеген әнші-композиторлардың шығармалары дер кезінде жиналмауы себепті, көптеген әндер жоғалып, ұмыт болған. Батыс Қазақстан әндерінің бүгінгі заманға бұзылмай жетуіне зор еңбек сіңірген әйгілі әнші Ғарифолла Құрманғалиев болды. Мұхиттың әндерін оның немерелері Шайқы мен Шынтастан үйреніп, орындаушылық үлгілерін алған Ғ.Құрманғалиев өзінің ауқымды орындаушылық шеберлігі арқасында Қазақстанның Батыс аймағының ежелгі қара өлең үлгісіндегі халық әндерін кәсіби деңгейге жеткізді. Мәселен, ол “Әдемі қыз”, “Дариға” секілді халық әндеріне қайырма қосып, қосымша дыбыстар қолдану нәтижесінде бұл әндерге мол тыныс дарытып, кәсіби деңгейін көтерді. Ғ.Құрманғалиев – Мұхит дәстүріндегі әндердің шебер орындаушысы ғана емес, өзі де көптеген әндер шығарған тамаша сазгер. Маңғыстау әндері жалпы Батыс әндерінен домбыра қағысының, әуен екпінінің жайлығымен ерекшеленеді. Маңғыстау жерінде XІX ғасырда “Жеті қайқы” деген атпен жеті өнерпаз өмір сүрген. Ол өлкеде “қайқы” деген сөз “сал-сері” деген мағынаны білдіреді. Қазіргі кезде Маңғыстау әндері деп айтылатын әндердің басым көпшілігі – әнші-күйшілігімен, ақындық, сазгерлік өнерімен елге белгілі Досат, Өскінбай, Тұрсын, Әділ, Жылгелді, Тастемір, Шолтаман сияқты әнші-композиторлардың шығармалары. Маңғыстау жерінде бұдан басқа Хамит, Бораш, Ақбала, Қазихан, Смағұл, Қарабай, қосыла алмаған ғашығы Ақбөбекке арнаған әндерімен қазақ даласына белгілі болған Қайып Қорабайұлы деген өнерпаздар өткен.
Александр Затаевич «Қазақ халқының 1000 әні» және «Қазақтың 500 ән мен күйі» кітабында Мұхитты«қазақтың Баяны» атап, Қазақстанның батысында Мұхиттың шығармашылығын белгілі ән мектебі деп қарау керек деп жазды. Ол тек әнші, ақын ғана емес, күйшілік өнерімен де танылды. Боғда, Есбай, Тазбала, Сәулебай, Абыл күйлерін өте әсерлі орындап, өзі де күй шығарды. Мұхиттың әншілік, ақындық, күйшілік мұрасын біздің заманға балалары - Шоң мен Нәу, немерелері - Шайхы, Лұқпан, Ғұбайдолла жеткізді. Қазақстан композиторлары Мұхиттың туындыларын өздерінің шығармаларында кеңінен пайдаланды. "Жалбыр" операсындағы "Алуаш" әні, "Қыз Жібек" операсындағы "Үлкен Ораз", "Ер Тарғын" операсындағы "Дүние-ай" дүниелері. Мұхиттың "Айнамкөз" әнін Б. Е. Ерзакович шекті аспаптарға арналған квартетіне қолданған, ал "Зәуреш" әні - Л. М. Шаргородский мен С. И. Шабельский "Симфоньеттасында" пайдаланылған.
Мұхит Мералыұлы әндерінің шығу тарихын мына жерден оқи аласыздар.
Суреттер:vk.com,www.zkolib.kz
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева