Кеңес үкіметінің және Қазақ елінің әйгілі альпинисі Анатолий Букреев «Эверест» деп аталатын голливудтық фильмдегі кейіпкерлердің бірі атанды. Фильм қазіргі таңда Қазақстанның барлық кинотеатрында көрсетіліп жатыр.
Анатолий — 1996 жылы 10 мамырда Эверест тауының баурайында болған қайғылы оқиғаның қатысушысы (“Эверест” фильмі өмірде болған оқиғалардан құралған). Соңғы лагерьден жер бетіндегі ең биік таудың шыңына 33 адам шығуға ұмтылып, олардың басым көпшілігі дегендеріне жетеді. Бірақ бесеуі қайтар жолда тау бөктерінде жатуға қалады. Букреевтің барлық клиенті тау шыңына шыққан және аман қалған. Оларды құтқару үшін ол жеті түнде қақаған аязға қарамай тауға шығып, тыныссыз жатқан жандарды лагерь шатырына алып келген.
Алайда мұндай ерен ерлік жасаса да, Букреев Балтазар Кормакурдың фильмінде басты рөлде ойнамайды. Оған кінәлі 10 мамырдағы оқиғадан кейін Outside журналына сыни мақала жазған, одан кейін кітап жазған америкалық журналист Джон Кракауэр дейді. Ол оқырманға Анатолийді жауыз адам ретінде танытады.
Анатолий Букреев ХХ ғасырдағы ең мықты альпинистердің бірі әрі бірегейі болды. Ол оттегімен демалу маскасын кимей жиырма бір рет «өлім алаңына» барған, 80 күннің ішінде төрт рет қатарынан сегіз мың метр биіктікке көтерілген. Ол қайда барса да, өзімен бірге Қазақстанның көк туын тастамаған.
Анатолий 1958 жылы 16 қантарда Челябинск облысы, Коркино қаласында дүниеге келген. Челябинсктегі оқуын аяқтаған соң, тауға жақын болу үшін Қазақстанға қоныс аударады. Алматы қаласында бірнеше жыл жасөспірімдерге арналған спорт мектебінде шаңғы спорты бойынша бапкер қызметін атқарып, 1993 жылдан бастап тау нұсқаушысы әрі бапкері болады.
Ол 1997 жылы 25 желтоқсанда қазақстандық кинооператор Дмитрий Соболевпен бірге Италия елінің танымал альпинисі Симоне Мороға ілесіп жүріп, көшкіннің астында қалып көз жұмды. Анатолий Букреев "За личное мужество" (1989ж.) орденін, "Ерлігі үшін" (1998ж.) медалін, Дэвид Соулс атындағы америкалық Альпа клубының арнайы альпинистерге тағайындайтын сыйақысын, т.б. көптеген марапат алды.