Қазақстанда деректі фильм түсіру, табыс, кейіпкер таңдау – Қанат Бейсекеевпен MediaHub

Қазақстанда деректі фильм түсіру, табыс, кейіпкер таңдау – Қанат Бейсекеевпен MediaHub

ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің ақпаратына сүйенсек, 2015 жылдан 2019 жылға дейін 5 жыл ішінде елде 135 фильм түсірілген. Оның 75-і – деректі фильм. Пандемия кезінде деректі фильм түсіріп, ТМД-ға аты танылған жандардың бірі – Қанат Бейсекеев. Huawei ұйымдастырған Media Hub-тың қонағы болған қазақстандық режиссер елде деректі фильм түсірудің қыр-сырын айтып, тілшілердің сауалына жауап берді.

Massaget.kz тілшісі осы сауалдардың жауабын жинап, оқырман қауымға ұсынады.

- Қазақстанда деректі фильм түсіріп, табыс табуға бола ма? Демеуші табу жағы қалай?

- Иә, болады. Документалист-мамандар жеткілікті табыс табады. Бірақ басты мақсат – табыста емес. Адам қалай табыс табамын деп емес, саламның қалай көшбасшысы боламын деп бас қатыру керек, меніңше. Егер өз салаңның кәсіби маманы, майталманы болсаң, атақ-абырой да, табыс та өзі-ақ келеді. Ондай маманға қомақты қаржы төленетіні түсінікті.

Киноматография саласында кәсібилер аз. Документалистикада мүлде жетпейді. Қазір кез келген ұйым бір-бір видеопродакшн ұстап отыр. Оларға қаншама маман керек?

Қазір деректі фильм түсіруші режиссерлер түрлі фестивальге қатысады. Оның көрсетілімінен дивидент алады. Халықаралық қордың грантын жеңіп алып та фильм түсіруге болады. Мемлекеттік органдар мен жеке меншік компаниялардың тапсырысы тағы бар. Телеарналар мен стрим-алаңдарға да деректі фильм қажет. Яғни, салаңызды шын сүйетін маман болсаңыз жеткілікті – демеуші де, қаржы да табылады.

Мен көбіне YouTube-ке арнап деректі фильм түсіремін. Табысым да сол жақтан. Демеушілер де бар. Өз басым демеуші іздеп көрмеппін. Өздері тауып келеді.

- Деректі фильмнің көркем фильмнен қандай айырмасы бар?

- Көркем фильм түсіріп көрмеппін. Деректі фильм түсіруден жинаған тәжірибем мол. Сонда байқағаным – деректі фильм жанры өте еркін, белгілі бір ереже, тәртіп, шаблон жоқ.  Сценарийді қалағаныңша өзгертесің. Бір қызығы, деректі фильмнің қалай аяқталарын өзің де білмейсің. Болжап болмайсың. Соңы – беймәлім: түйіні мен ойын фильм тәмам болғанда ғана ұғынасың. Картинаны жолай жүріп өзгерте беруге болады. Шығармашылық еркіндік басым.

Ал көркем фильмде олай емес. Белгілі бір сценарийге бағынуың керек. Сюжеттік линия болу керек дегендей.

Деректі фильмде ең маңызды нәрсе – дыбыс. Кейде әуеннің құндылығы түсірілген картинадан да асып түседі. Дыбыспен көрерменді оңай баурауға болады. Манипулация жасау да оңай. Сондықтан кейде "мен көрерменмен ойнап отырған жоқпын ба, артық кеткенім жоқ па" деп өзімді сынаймын. Музыка табуға, оны қоюға жауапкершілікпен қараймын.

Егер деректі фильм – баяндау болса, музыка – сол баяндауға, сторителлингке әр беретін қуатты құрал.

Деректі фильмнің режиссерінде қолтаңба болуы тиіс. Өзіндік стиль мен ерекшелік, фишка болғаны жөн.

- Деректі фильмге деген көрерменнің сұранысы бар ма?

- Меніңше, қазір деректі фильм жанры дамып келеді. Бұл  көрерменнің талғамы өскенін көрсетеді. Халықтың жылтырақ, бос дүниеден шаршағаны байқалады. Қарапайым дүниелерді көргісі келеді. Әлеуметтік желіде неге сториз бағыты дамып кетті? Өйткені сторизде жасандылық аз, көргісі келген адамын күнделікті өмірде қандай – сондай бет-бейнеде көреді. Боямасыз болмысын байқайды. Деректі фильмге де көрермен сол үшін келеді.

Деректі фильмде шынайылық, туралық бар. Пафос, жасандылық жоқ. Мен кино түсірерде, кейіпкерімнің шынайы болғанына мән беремін. Өмірде қандай адам – картинадағы бейнесін де дәл солай беруге тырысамын. Бұл қиын, әрине. Өйткені біздің жұрт камераны көрсе, өзгеріп шыға келеді. Камерада мұнтаздай, мінсіз көрінуім керек деп ойлайды. Бұған бұрыннан, кеңес кезінен келе жатқан ТВ-шаблондар, телевидение мектебі ықпал еткен деп ойлаймын. Қазіргі видеопродакшннің стилі ондай емес. Кейіпкер камераға барынша эмоциясын, сезімін көрсетуі керек. Формальды формат жарамайды. Сондықтан деректі фильмге түскен кейіпкерлерім шынайы болса деп ойлаймын.

Ал көрілім туралы айтсақ, жаман емес. Менің маманданған платформам – YouTube. Фильмдердің қаралымы нашар дей алмаймын. Кейбірі 500 мың көрілімнен асқан. Бірақ Binocle айдарымен түсірілген фильмдердің көрілімі көп болса деген тілек бар. Өйткені соған тұрарлық. Қозғалған әлеуметтік тақырыптары керемет.

Кейінгі кезде YouTube-те орыс тілінде контент көбейді. Бізге ТМД-ның орысша контенттерімен бәсекелесуге тура келеді. Сондықтан қазақстандық көрерменге айтар тілегім бар. Қазақстандық блогерлердің контентін көріңіздер дегім келеді.

- Кейіпкердің фильмге түсуге бас тартатын кезі бола ма?

- Иә, болады. Ондай жағдайда ештеңе істей алмайсыз. Сөйлесіп, көндіріп көруге болар, бірақ бекер болуы мүмкін.

- Фестивальге арнап фильм түсіресіз бе?

- Фестивальге арнап деректі фильм түсіргенді аса ұнатпаймын. Шектеу мен тайминг бар. Еркіндік аз. Сондықтан бұл салаға аса барғым келмейді.

- Тақырыпты қайдан табасыз?

- Тематика табу қиын емес. Қазақстанда әлі қаншама қозғалмаған, түрен түспеген тақырыптар жатыр. Айналаның бәрі тақырып дегім келеді. Кейбірі дап-дайын фильм. Ал кейбіріне біраз тәжірибе мен өре керек. Кей тақырыпты қозғау үшін пісіп-жетілу керек деп ойлаймын.

Мәселен "Әйел" ("Жена") фильмін түсіруге келгенде қиналдым. Өйткені бұл проблеманы бәріміз білсек те, көріп жүрсек те, деректі фильмдегі көрінісі мен идеясы мүлде бөлек. Сол форматты таба алмадым. Қоғамның жаралы жеріне қанжар сұқпас үшін сүзгі керек болды. Фильмді қайта-қайта жөндедік. Соңында нейтрал нұсқасын көрерменге ұсындық.

Кейде тақырып өздігінен келеді. Осыдан бір жыл бұрын шыққан "Жеңіл ақша" ("Легкие деньги") фильмінің тақырыбы ойда жоқта келді. Пандемия басталған тұста, лотерея, бәс тігу, капперлік сынды тез ақша табудың жолы көбейіп кетті. Айнала толған жарнама. Алматының көшесінде келе жатып, қаптаған ломбард, микрокредит, букмекерлік контораларды көріп таңдандым. Бұған дейін ондайды байқамаған екенмін. Сөйтсем елімізде жеңіл ақша мен несие ақша беруші ұйымдар кәдімгідей көбейіп кеткен екен. Оның үстіне, блогерлер де жеңіл ақшаны жаппай жарналамап, насихаттап жатқан кезі. Мұндай жарнаманың жауапкершілігі зор. Қаншама адамды жарға жығуың мүмкін. Блогерлер соны түсінбейтіні қынжылтты мені. Содан капперлік, бәс тігу, блогер тақырыбында фильм түсірейін деген ойға келдім.

Ал "Ұстаз" фильміне үлкен ниетпен келдім. Қоғамда мұғалімдерге деген негатив көбейіп кеткені маған ұнамады. Қарағандыда Юрий Пак есімді ұстаздың оқиғасы жан-дүниемді дүр сілкіндірді. Сонау АҚШ-та жүргенде естіп, қатты толғандым. Сол кезде ұстаздың шынайы бейнесі жайлы фильм түсіру ойы келді. Басында фильмді Орталық Азия бойынша түсіремін деп жоспарладым. Алайда Қырғызстаннан тапқан ұстаз фильмге түсуден бас тартты. Содан Қазақстанда жүріп түсіруге тура келді.

- Цензура бар ма? Фильмге қалай сүзгі жасайсыз?

- Басты критерий – фильмдегі ой қаншалықты адекват деген сауал. Оны қоғам қабылдай ала ма? Соған мән беремін. Кейіпкер кейде қоғам қабылдауы қиын нәрселерді айтуы мүмкін. Егер оның айтқаны ақылға қонымды болса, онда фильмге міндетті түрде енеді. Былайша айтқанда, цензура жоқ.

Кейіпкерлеріме фильмді өзгертуге, редакторлық жасауға жол бермеймін. Олар да фильмді басқа көрермендермен бірге YouTube-тен көреді.

- Тыйым салынған, өзіңіз барғыңыз келмейтін тақырыптар бар ма?

- Жоқ, десем болады. Тек жалған, өтірік тапсырыспен фильм түсіргім келмейді. Басты ұстанымым - сол. Жалпы тапсырыспен фильм түсіруге қарсы емеспін. Бірақ оның сюжеті, идеясы жалған, шындыққа сай келмесе, ол тақырыпқа қол салмаймын.

- Бір фильмді түсіру үшін қанша уақыт кетеді?

- Орта есеппен 1,5-2 ай. Бір фильмді түсіріп жатқанда, екінші фильм монтаждан өтіп жатады. Алдағы жарты жылдың жоспары үтір-нүктесіне дейін сызылып, жазылып қойған. Бос уақыт жоқ.

-  Деректі фильм түсіру үшін білім қажет пе? Яғни, оқу оқып, режиссерлік мамандық алып дегендей...

- Егер оқу оқуға, мамандық алуға мүмкіндігіңіз болса, онда оқыңыз. Бірақ деректі фильм түсіруге деген ынта-жігер басым, оқуға мүмкіндік болмаса, онда энтузиазммен-ақ үйренуге жол ашық. Америкада New York Film Academy-да оқып жүріп, көп нәрсе үйрендім. Бірақ оның бәрін фильм түсіруге қолдандым дей алмаймын. Негізінен осы күнге дейін жинаған тәжірибемнің көп көмегі болды. Сондықтан бұл салада басты нәрсе – үйрену мен тәжірибе жинау.

- Шетелге кеткіңіз келмей ме?

- Жоқ. Менің арманым – қазақтан шыққан деректі фильм түсіруші әлемдік режиссерге айналу. Өз саламның кәсіби маманы атану. Ол үшін шетелге кетіп қажет емес. Менің ортам осы – Орталық Азия мен Қазақстан.

- Қазақстаннан шыққан, болашағы зор қандай режиссерлерді білесіз?

- Кинорежиссерден Тимур Бекмамбетовті айтуға болар. Жас режиссер ретінде Әділхан Ержанов, Айсұлтан Сейітов, Малик Зенгердің болашағы өте зор, меніңше.  

- Қанат, бүгінгі Media Hub-тың қонағы болғаныңызға көп рақмет! Ісіңіз берекелі болсын!

Қ. Слямбек