- Негізгі бет
- Тұлға
- «Қазақ вальсінің» авторы...
«Қазақ вальсінің» авторы Латиф Хамиди жайлы не білеміз?
Латиф Абдулхаұлы Хамиди 1906 жылы 17 шілдеде туған. Өз ұлты татар. Қазақ губерниясында туылса да оның өмірі мен шығармашылығы Қазақстанмен біте қайнасқан. Ол 1933 жылы Ташкенттегі Татар институты мен Мәскеу бірінші музыкалық техникумын бітірген соң Қазақстанға келеді. Жас Латифтың қоржынында сол кездің өзінде-ақ танымал әндер мен аспаптық пьесалар (татар ақыны Мұса Жәлелдің сөзіне жазылған «Алғашқы вальс», «Көңілді жастық шақ» маршы) болған.
Музыкадағы алғашқы еңбек жолын Алматы қаласындағы Қазақ мемлекеттік драма театрында жетекшілік қызметімен бастаған Латиф қазақ халық музыкасын тануға көп күш салады. Сол жылдары ол Қазақ радиосының хорына тұңғыш рет көпдауысты халық әндерін дайындайды. Кейін Латиф Хамиди Семейдегі музыка-драма театрына ауысқан соң көптеген ел-жерді аралап, жол бойында қазақ халық музыкасын тануға мүмкіндік алады. Сол гастрольдік сапарларында ол көптеген халық әндерін нотаға түсіреді, оның ішінде қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының шығармашылығын да зерттей түседі. Бұл материалдары оның бірінші операсының құрамына енеді.
Латиф Хамидидің тұңғыш шығармаларының бірі – «Қызыл қыран» («Красный сокол») ең сәтті туындыға айналады. Себебі, бұл шығарма Қызыл армияның 15 жылдығына арналған тұңғыш көпдауысты әні. 1936 жылы сазгер Мәскеуге қайта барып Мәскеу консеравториясының Татар опералық студиясында екі жыл уақыт білім алады. Бұдан кейін ол Қазақстанға қайта оралып, қазақ халық аспаптары оркестрінің жетекшілігін өз мойнына алады. |
Кейін Латиф Хамиди Қазақ мемлекеттік капелласының жетекшісі әрі дирижері болады. Ұлы отан соғысы жылдарында сазгер Кеңес одағының батыры Нұркен Әбдіров жайлы ән жазады, бұдан бөлек көптеген соғыс әндерінің авторы атанады. Сазгер қазақтың жаңа музыка мәдениетіндегі Абай әндерінің игерілуі, опера жанрындағы ақын бейнесі жөнінде бірнеше мақала жазып, зерттеу жүргізеді. Бұл мақалалардың көпшілігі «Әндер, романстар, «хорлар» (1957), «Балаларға арналған фортопианолық пьесалар» (1965), «Абай» операсы» (1966) деген кітаптарына енген. Л.Xамиди Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының иегері болады.
Сазгер көптеген хорлық өңдеу, әндер, романстар, вальстар жазды, солардың ішінде “Қазақ вальсі” және “Бұлбұл” шығармалары оны танымал етті. Латиф Хамиди бұдан бөлек патриоттық, тарихи тақырыптарға да музыка жазды. Композитор шығармашылығының шарықтауы “Абай”, “Төлеген Тоқтаров” (А. Жұбановпен бірлесіп жазуы), “Жамбыл” операларынан да анық байқалады. Ол музыкалық мәдениет тарихында қазақтың халықтық музыкасын жинаушы – этнограф және музыкалық, оқулық басылымдардың авторы ретінде ел есінде қалды. 1933 жылдан Алматы қаласында тұрды. Қазақ ССР-інің халық әртісі, еңбек сіңірген өнер қайраткері. 1933 жылдары қазақтың халық әндері мен күйлерін жинап, оны нотаға түсіруге атсалысты.
Дайындаған: Ардақ Құлтай
Дереккөз: madenimura.kz
Сурет: өңделген
А. Құлтай