- Негізгі бет
- Тұлға
- Қазақ тарихы: Ұлы...
Қазақ тарихы: Ұлы адамдар достығы
Ұлылардың достығы – нағыз достық. Алыптардың достығы деп айтсақ да болады. Қиын шақта бір-біріне сүйеу, ортақ іске қолдаушы болған жандар. Олардың қызығушылығы мен шығармашылығы да, өмірлік көзқарасы мен істеген істері де – бір. Осындай адамдардың достығына қарап, нағыз достық қандай болу керек дегенге жауап табамыз. Әрі қандай адамдар бір-бірімен дос бола алады, достықтық заңы қандай екен – оны да түсінеміз.
Ендеше, қазақ тарихында болған ұлылар достығы жайлы сөз қозғасақ.
Керей мен Жәнібек хандардың достығы
Қазақ хандығын құрған Керей мен Жәнібек хандардың достығы – білдей бір мемлекеттің іргесін қалаған ұлы достықтың бірі. Екеуі ағайынды, аталас туыс болса да, алдыңғы орында ара-ағайындығы емес, достығы бірінші тұрған. Керей сұлтан Жәнібекті өзбек ханы Әбілқайыр қарақшыларынан құтқарып, ажалдан алып қалған екен.
Кейін екеуі тізе қосып, бас біріктіріп, Әбілқайыр ханнан азат шығып, қалың елдің қамы үшін бөлек орда, бөлек мемлекет құрады. Жетісу бойында Қазақ хандығының туын тіккенде, екеуі билікке таласып, бірінің жолын бірі кескен емес. Жәнібек ағалық танытып, Керейге жол береді. Жәнібек Керей хан дүние салғаннан кейін барып хан тағына отырған.
Кенесары хан мен Ағыбай батыр достығы
Қазақтың соңғы ханы Кенесары елдің басын біріктіру жолында көптеген тұлғалармен жақсы байланыста, ізгі достықта болған. Солардың арасында Ағыбай батырмен достығы ерекше болған деседі. Мәселен, Көкбай ақынның "Абылай" атты кітабында "Абылайлап" атойлаған Кене сұлтан мен "Ақжол" деп ұрандатқан Ағыбай батырдың достығы жекпе-жектен басталғаны айтылған. Көкшетау өңірінде болған тойда батырлар сайысына шығып, екі күн жауырыны жер иіскемеген Кенесарыны дәл осы Ағыбай батыр қағып түсірген екен. Содан Кенесарының әкесі Қасым хан бейтаныс жас жігіттен жөн сұрап, "Кенесарыға серiк болатын нағыз батыр екенсiң" деп батасын берген екен.
Осыдан басталған достық үлкен мұратқа ұласып, бірі Арқада, бірі Бетпақдалада отаршылдық жүйеге қарсы көтеріліс пен қол бастайды. Кенесары хан боп ақ киізге көтерілген кезде, Ағыбай батырды әскерінің бас қолбасшысы етіп тағайындаған. Жорыққа аттанарда, шабуылға шығарда хан батырынан ақыл-кеңес, майданның бағыт-бағдарын сұрап отырады екен.
Кенесары Ағыбайды iш тартып «көсе» деп әзiлдейтiн болған. Өмірінің соңында екі дос азаттық жолында жараланып, қаза табады.
Исатай мен Махамбеттің достығы
Қазақтың танымал тұлғаларының достығы жайында айтқанда, Исатай мен Махамбеттің бауырластығын шет қалдырып кете алмаймыз. Бірі – саяси көсем, бірі қайсар қолбасшы болған жандар.
Екі тұлғаның достығын біріктірген, тізе қостырған – отарлық қысымға қарсы елін азат ету идеясы. 1836-1838 жылдары Бөкей ордасы мен Кіші жүздің батыс бөлігінде ұлт-азаттық көтереліс ұйымдастырды. Алайда бұл көтеріліс Азия мен Еуропаны жалғаған ұлт-азаттық бас көтеру болғанымен, аяғы қайғымен аяқталды.
Арпаластың басында тұрған Исатай батыр Ақбұлақ шайқасында мерт болды. Досынан әрі өмірлік мақсатынан айырылған Махамбет батыр іш-құса болып, бар ақындығын жолдасы – Исатайдың қаһармандығын бейнелеуге арнаған.
Ақынның әр өлеңінде ел мен жұрт қамы үшін қан төккен, сол мақсатқа бел буған ерлер бейнесі жасалса, Исатай – сол ерлерді бастаушы, халық үшін жанын қиған батыр әрі соғыстағы ерліктің, түкті жүрек пен өрліктің символы болды. "Исатай деген ағам бар", "Мұнар күн", "Тайманның ұлы Исатай", "Мінкен ер", "Тарланым", "Исатайдың сөзі", "Мінгені Исатайдың Ақтабаны-ай" өлеңдерінде тұтастай ел бастаған ер бейнесін сомдады.
Исатай деген ағам бар,
Ақ кіреуке жағам бар, – деп жырлады.
Сүйінбай ақын мен Дәурен салдың достығы
Бұл екі тұлғаның достығы Жетісу аймағында ХІХ ғасырда ақындық пен әншіліктің мектептің қалыптасуына үлес қосқан қос тұлғаның алып достығы еді. Ақындар мектебінің бастауында Сүйінбай Аронұлы тұрса, әншілік музыка мектебінің бастауында Дәурен сал Құдабайұлы жарқырады.
Дәурен Құдабайұлы қатарласы, досы Сүйінбай Аронұлы сияқты есімі елге ерте жайылып, 25 жасқа толған кезінде сал атағына ие болған. Ақын Сүйінбай мен композитор Дәурен сал даңқы қырғыз-қазақ арасына бірдей тарап, қырғыз мәдениетіне де біраз ықпал жасаған. Екеуі де тұрмыстық шаруаларға немқұрайлы, селқос қараған көрінеді, көбінде шығармашылыққа бет бұрған. Алайда екі достың тағы бір досы – Тайбағар Тұрпанұлы атты Жетісудің төбе биі болған. Тайбағар би қос досына тіреу, пана болған. Сүйінбай ақын, Дәурен сал және Тайбағар би – үшеуі ажырамас дос әрі аталас туыстар болған. ХІХ ғасырдың соңына дейін шапырашты тайпасы бір-бірінен қыз алыспаған.
Шоқан мен Достоевскийдің достығы
ХІХ ғасырда қазақ даласына өнер-білім мен ағартушылық, ғылымның алғашқы белгілері келе бастағанда қазақ пен орыс ойшылдарының арасында достық нығая бастады.
Сондай достықтың бірі – Шоқан Уәлиханов пен орыс жазушысы Федор Достоевскийдің достығы. Шоқан Достоевскийден 15 жас кіші. Жазушымен 19 жасында танысқан. Бірақ достық жастыққа қарамайды. Бір-бірімен тез тіл табысып, таныстығы мәңгілік достыққа айналады.
"Мен ешқашан да, тіпті өзімнің туған бауырыма да сізге дегендей жақындықты сезінген емеспін" деп жазыпты Достоевский Семейде жүріп Шоқанға жолдаған хатында.
Шоқан мен Достоевский Омбыда, Семей мен Санкт-Петербургте бірге жүрген, кейін Шоқан туған жеріне, Орталық Азия мен Шығыс Түркістанға аттанған кезде, екеуі алты жыл бойы бір-бірімен хат алмасып тұрған.
Екі тұлғаның достығына себеп болған нәрсе – жалпыадамзаттық идеялар. Бірі-бірімен жазысқан хатта әлемдік деңгейдегі проблемаларды қозғап, бір-бірімен ой бөліскен екен.
Шоқан ауру мен іш-құсадан қайтыс болғаннан кейін де орыс жазушысы жас қазақ ғалымымен болған достығын ұмытпаған. 1866 жылы Шоқан марқұм болғаннан кейін Достоевский өзінің әйелі А.Г.Достоевскаяға "Мына үлкен ағаш сандықты көрдің бе? Бұл – менің Сібірлік досым Шоқан Уәлихановтың сыйлығы. Сондықтан ол маған қымбат. Мен қолжазбаларым мен хаттарымды, аса қымбат естеліктерімді осында сақтаймын" деген екен.
Абай мен Евгений Михаэлистің достығы
Абай мен орыс зиялысы Евгений Михаэлис ХІХ ғасырдың 70-жылдары Семей қоғамдық кітапханасында танысқан. Бұл кездесу жайлы абайтанушы ғалым Асан Омаров зерттеуінде "Михаэлис өзіне керек бір кітапты іздеп кітапханаға келіп тұрғанда, сол жерде Толстойдың кітабын сұрап Абай да тұр екен. Михаэлиске қыр қазағының сол кітапты сұрауы таңсық көрінеді. Сондықтан ол Абайдан "Толстой неге керек?" деп сұрағанда, Абай өзінің кітап қарастырып жүрген жайын айтады. Содан екеуі кітапханадан бірге шығып әңгімелесіп-ақ кетеді", - деп жазады.
Содан кездесу жолдастыққа ұласып, рухани достарға айналған. Қазақ ақыны жер айдалып келген зиялымен батыс мәдениетін, орыс ағартушылық жолын таниды. Михаэлистің айтқан ойлары Абайдың көзқарасы мен дүниетанымына әсер етті.
Михаэлис Абайды орыс әдебиетінің озат ойлы өкілдерімен, олардың шығармаларымен, Ресейдің ішкі өміріндегі жаңалықтармен, таныстырды. Сол дәуірдің танымал ғалымдары Г.Спенсер, Чарлз Дарвиннің еңбектерін оқуға кеңес берді.
Екі тұлғаның достығы жайлы "Абай жолы" роман-эпопеясында жақсы суреттелген. Семейге келген Абай міндетті түрде Михаэлиске ат басын бұрып, кешкі уақытын зиялымен бірге өткізетін. "Менің көзімді ашқан – Михаэлис" деген сөзді Абай ауызынан тастамаған көрінеді.
Мағжан Жұмабаев пен Максим Горькийдің достығы
Қазақ пен орыс зиялыларының достығына мысал тағы бір оқиға – Мағжан Жұмабаев пен Максим Горькийдің достығы.
Мағжан орыс жазушысы Горькийдің шығармашылығын оқып өскен, оны жоғары бағалаған. 1924 жылы Мәскеуде Горькийге арнап "Сұңқар жыры" атты бүтін аударма кітап шығарған.
1929 жылы Мағжан "Алқа" ұйымын құрғаны үшін 10 жылға сотталып, Карелия лагеріне айдалады. Бұған Максим Горький мен оның әйелі Екатерина Пешкова араласып, жаза мерзімі 7 жылға дейін азайтылады. Мағжан 1936 жылы бостандыққа шығады. Бірақ арада бір жыл өтісімен, 1937 жылы желтоқсанда "жапон тыңшысы" деген жаламен қайта тұтқындалып, артынша ең ауыр жазаға кесілді.
Шыңғыс Айтматов пен Мұхтар Шахановтың достығы
Қос бауырлас халықтың достығы тұлғаларының достығынан байқалады. Шыңғыс Айтматов пен Мұхтар Шахановтың үндестігі әдебиетте "Қос бәйтерек достығы" атауымен қалды.
1968 жылы Мәскеуде жас ақындардың жиыны өтіп, сонда қырғыз ақыны Жолон Мамытов Мұхтар Шаханов пен Шыңғыс Айтматовты таныстырады. Осы күннен бастап екеуінің достығы үзілмеген, сызат түспеген көрінеді. Ақын мен жазушы бірігіп, "Ғасыр айрығындағы сырласу. Құз басындағы аңшының зары" атты кітап, "Сократты еске алу түні" атты пьеса жазады. Бұл туындылар әлемнің 12-13 тіліне аударылған.
"Шыңғыс Айтматов пен Мұхтар Шахановтың бірлесіп жазған, түрік тіліне аударылған "Құз басындағы аңшының зары" (Ғасыр айрығындағы сырласу) атты кітабы бүкіл түрік рухының тереңдігін тануға, оның пайымды парасатын саралауға зор әсер етті. Екі алып тудырған шығармаға үлкен құрметпен қараймын!" деген екен болгар ғалымы Юруслан Болат шығармаға баға беріп. "Егер маған ғарышқа көтерілу бақыты қайта қонса, Шыңғыс Айматов пен Мұхтар Шахановтың шығармаларын өзіммен бірге алып ұшар едім" деген екен моңғол халқының тұңғыш ұшқышы Жугдэрдэмийн Гуррагча.
Осы шығарманың арқасында қос азаматтың достығы әлемдік деңгейге көтерілді. Олардың достығына қызыққан да, алып қашпа әңгіме таратқан да көп болған. Соның себебі болса керек, Мұхтар Шаханов өлеңдерінде достық тақырыбын көп қозғайды. Бір жағынан, өмірінде Евгений Евтушенко, Расул Ғамзатовпен жақын дос болған адам.
"Екі халық достассын,
Қазақ пенен қырғыздай.
Екі жігіт достассын,
Мұхтар менен Шыңғыстай", – деген сөз қалған.
P.S.: Әрине, ұлылардың достығын бөліп-жарып қарауға болмайды. Адалдық пен достық сынды ұлы құндылықтардың мәнін сезінген, түсінген жандар. Сондықтан қазақ тарихы мен өнерінде, мәдениеті мен дәстүрінде бұдан өзге де достық пен адалдыққа мысал бола алатын шынайы тұлғалар көп. Бұлар деректер жалпы дүниенің бер жағы ғана.
Қ. Слямбек