- Негізгі бет
- Тұлға
- Қазақ руханиятының бейресми...
Қазақ руханиятының бейресми көшбасшысы болғанТаласбек Әсемқұлов
Өнерді мұрат тұта отырып, бар болмысын, бүкіл саналы ғұмырын шын мәнісінде ұлтына қалтқысыз қызмет етуге арнап өткен Тұлғалар санаулы. Сол санаулылардың бірі – Таласбек Әсемқұлов. Өнерді өзінің дара жолы етіп таңдаған тұлға. Жазушы, сыншы, аудармашы, кинодраматург, мәдениеттанушы, өнертанушы, үлкен мектеп көрген күйші-домбырашы, ұлттық өнердің тамыршысы, ойшыл, білімдар.
Ұлттық топырағы мықты, өмір бойы өзін-өзі баптап, тәрбиелеген, халық даналығы мен бүкіл жеті ғаламның білім-ілімін бойына жинаған және жинағанының бәрін кәдеге жаратып, Ұлтына, туған халқына қызмет етудің биік үлгісін көрсетіп өткен, халқын сүйетін, тарихын, өнерін қастерлейтін, білімге құштар әрбір жас пен жасамыстың досы болған үлкен Тұлға. Тәуелсіз еліміздің, мемлекетіміздің рухани байлығы.
Әлімсақтан белгілі: ұлтты, этносты өзгеден ерек танытатын – мәдениеті, оның ішінде әдебиеті, өнері, салт-дәстүрі. Осы арқылы ұлттың дүниетаным, өмір сезімі танылады, ділі, болмысы танылады. Т.Әсемқұловтың әдебиет, музыка, бейнелеу, кино, дәстүрлі өнер, тарих, этнография, мифология салаларындағы шығармалары, яғни, жан-жақты да көп қырлы шығармашылығы –ұлттың өзін-өзі жете тануы, терең зерделеуі, рухани түлеуіне бастайды. Өнерді, мәдениетті және осылар арқылы қоғамда да өтіп жатқан үдерістерді түсініп-пайымдауға үлкен үлес қосады.
Т.Әсемқұлов ұлттық бастаудан қанып ішкен, дәстүрдің өзінен шыққан, сондықтан да ой жүлгесі орнықты, тілі бай да көркем, қоғамы мен уақытына сергек суреткер.Оның 80-жылдардағы алғашқы әңгіме-повестерінен бастап, жаңа ғасырда жазылған, негізгі кейіпкерлері Сабыт күйші мен немересі Әжігерей болып келетін «Талтүс» повесі, өкінішке қарай, аяқталмаған «Тәттімбет сері» романы, «Біржан сал», «Тұмар падиша», «Құнанбай», «Көкбалақтың өлімі», «Жезтырнақ» киноромандары бүгінгі қазақ прозасының өзіндік бір ерекше жүлгесін танытады.
Таласбек өмір-тіршілікті тым жақсы білген, өмірлік те, өнерлік те білімі мен тәжірибесі бай жазушы болғандықтан да шығармаларының барлығында дерлік оқырмандары үшін бейтаныс кеңістіктер ашылады. Бұл кеңістіктер, әсіресе, өнер, оның ішінде дәстүрлі өнер, тарих, этнография, мифология салаларындағы еңбектерінде ауқымдана түседі. Оны өз ұлтының тағдырын әлемдік өркениетпен бір аяда қарастыра отырып, ұлттық бейресми тарихымыздағы көптеген ақтаңдақтарды ашқан, баламалы нұсқалар ұсынған үлкен тарихшы деуге болады. Оның көркем шығармаларын былай қойғанда, әлемдік өркениеттер туралы эсселері; әлемдік тарихтан жазған Мысыр пирамидалары, тамплиерлер туралы, Бабылдың күйреуі туралы, Сион пайғамбарларының протоколдары; Томирис – Тұмар падиша туралы, сақтар мен парсылар, қаңлылар тарихы туралы; Қондыгер, Кет-Бұға, Шыңғысхан туралы, сондай-ақ, қазақ бастан кешкен небір нәубеттердің – ашаршылық пен соғыстардың түп тарихтары туралы, тағы да басқа көптеген мақала, зерттеу, эсселері жалпы қазақ тарихында алғаш рет соны қырынан қозғалып, жазылған тақырыптар. Жазушының прозасында, көркем эсселерінде кейінгі қазақ тарихы – Абылай хан, Құнанбай, Абай, Біржан, Тәттімбет, Сүгір, Байжігіт, тағы да басқа көптеген өнерпаздар тұлғаланып шықты.
Дәулескер домбырашы, қазақ әні мен күйінің білгірі, дәстүрлі өнер тәжірибесі мен теориясын тел алып жүрген өнер иесі Т.Әсемқұлов шығармашылығының үлкен бір саласы – өнертанушылық зерттеулері. Бұл зерттеулері дәстүрлі өнер, қазақ ән-күйінің көмескілене бастаған ұғым-танымдарын жарқырата өмірге оралтады, оқырман-тыңдарманын ұлттық қағыс, ырғақ, бояу-реңктерге оралтады. Бұл тұста, жалпы, Таласбектің жадында сақтай білу феномені ерекше болғанын айту керек. Ол жазба әдебиеттің көрнекті өкілі бола тұра, қазақтың ауызекі әңгіме дәстүрін қатты ұстанғаны, құймақұлақтығы шығармашылығында үлкен нәтиже берді. Байжұма күйлерін бүгінге жеткізген, байырғы музыкалық терминологияны жаңғыртқан, өзі де домбыра жасаушы шебер оның бұл саладағы орасан еңбегі дәстүрлі өнердің зерттеушісі ғана емес, тікелей мұрагері-жалғасы болуымен де қымбат.
Жалпы, Таласбек шығармашылығының даралығы – оның қай саладағы еңбектерінде де ғылыми негізділік және еркін сұхбаттастық қатар өріліп отыратындығы екенін қадап айтуымыз керек. Қай тақырыпта, қай салада жазса да тізгін бермес тұлпардай жүйткіген оның жазуындағы тағы бір ерекшелігі – балаға да, данаға да түсінікті қарапайымдылығында. Нұрлы білімімен қатар заманға сай ойшылдығында. Бүгінгі заманның мәдени-рухани ахуалын зерделей, конструкциялай білетін жаңашылдығында. Яғни, жаңа мағыналар тудыра алғандығында. Сондықтан да оның жазғандары ыждағатпен оқыған жанға пайдалы білім көзі. Кім-кіммен де білім, парасат-пайымына сай сөйлесіп, пікірлескен Т. Әсемқұловтың сұхбаттары да ойға дертіп тұрады. Туған халқының жақсысына сүйініп, жаманына күйініп, мүмкін кейде ащылау да айтқан, жазған тұстары бар, бірақ, бұл өмірдегі және өнердегі биік өлшемдерге деген адалдығынан туындады.
Т.Әсемқұлов өнерде өмір кешу, өнермен өмір кешу салты, таным-талғам, дәстүр және жаңашылдық, этика мен эстетика жазықтықтарында үнемі кеңінен ой толғап отырды. Өмірдегі және өнердегі ұстанымдары, ізденіс, өсу-жетілу жолдары Таласбектің өзі «ұлы ұстазым» деп таныған, қазақ руханиятының көрнекті тұлғасы – дәстүршіл де жаңашыл көркем шығармаларымен, асқан білімдарлығы, терең парасаты, ұлтжандылығымен халқына қалтқысыз қызмет етіп өткен Асқар Сүлейменов туралы «Кемеңгер өмірінен бір үзік сыр» атты төрт эссесінде жақсы жүлгеленеді. Кезінде «Алматы ақшамында» жарияланып, қалың көпшілік ықыластана оқыған осы эсселер – асқартанудың ерекше бір үлгісі. Және жалпы қазақ әдебиетінде тап мұндай формада жазылған эссе, осынша демократиялық та, элитарлық деңгейде талданған суреткер болмаған шығар. «Кемеңгер өмірінен бір үзік сыр» – Таласбектің ұстазына деген ерекше сағыныш-ілтипаты ғана емес, өзінің кейінгі ұрпаққа айтып кеткен өсиеті де сияқты сезіледі.
Т.Әсемқұлов әдебиет пен өнерге өткен ғасырдың 80-жылдары келгенімен, шығармашылығының дәуірлеу кезеңі осы ғасырда басталып, есімі мен өнері соңғы оншақты жылда дүйім қазаққа белгілі болды. Бұл, бір есептен, еліміз Тәуелсіздігімен – рухани-ақпараттық кеңістігімізге Қазақ елінің алғашқы бейресми де мазмұнды басылымы «Алтын Орда» апталығының шығуына байланысты еді.Таласбек талантының көзін ашқан, жазғандарын қалың қазаққа паш етіп, бір үтірін де қалдырмай жариялап, құлашын кеңге жайғызған – кезінде осы «Алтын Орда» апталығында Бас редакторлық еткен Мейірхан Ақдәулетұлындай білімдар аға-дос тұлға болды. Сәл кейініректе осы апталықта басшылық жасаған талантты, рухтас іні-досы Дәурен Қуат, содан кейін Ұлттық кітапханада Бас директор болып тұрған кезінде бірнеше жыл жарық көрген «Айт» журналының шығуына қолдау көрсеткен қазақтың білімдар, дана ұлы Мұрат Әуезов, соңғы бес-алты жылда бүкіл жазғандарын жарқыратып «Алматы ақшамында» жұртқа танытқан Қали Сәрсенбайдай Бас редактор, білікті замандасы екенін айтпасқа болмайды. Жақсы аға демекші, өмірінің соңғы оншақты жылында Досхан Жолжақсыновтай аға-досқа жолығып, рухани қуанышқа кенелді, өзі үшін жаңа бір салада қыруар еңбек жасады.
Таласбек қай салада еңбек етсін – алған нысанын, материалының өзін, айналадағы контексін бүге-шігесіне дейін зерттейтін, сонсоң өзінің ұшқыр суреткерлік қиялына, парасатты көркем сөзге жүгінетін. Өнердегі биік өлшем дегенде – оның өмірінің соңғы кезеңіндегі қазақтың көркем киносы саласындағы еңбектері аталуы керек. Оның киноромандарының біразын жоғарыда атап өттік. Ал, Т.Әсемқұлов сценарийлері негізінде режиссер Д.Жолжақсынов түсірген «Біржан сал» қазақтың өзін өзімен табыстырған, ұмыт болып бара жатқан жадысын оятып, халық ретіндегі мәртебе мақтанышын танытатын; «Құнанбай» фильмі ұлттық тарихтағы тұлғаның орны мен рөлін жаңаша зерделеген көркем фильм болып, ұлттық киномызға олжа салды.
Таласбек «Тұмар падиша» сценарийі бойынша голливудтық «Александр», «Гладиатор» сияқты фильм түсірілсе деп қатты армандаушы еді… Осы тұста тағы бір өкінішімізді айтпай қала алмадық. Ол – қазіргі таңда республика Мемлекеттік сыйлығына лайықты ұсынылып отырған «Құнанбай» көркем фильмі авторларының қатарында көрнекті сценарист Т.Әсемқұлов аты-жөнінің болмауы. Олай дейтініміз, сценарий авторы фильмнің идеясы мен түсірілімі кезеңдеріне бастан-аяқ қатысып, түсірілім аяқталған соң дүние салды. Демек, фильм экранға шыққан кезде жоғары баға алған, сондай-ақ, фильм сыйлыққа ұсынылуына байланысты республикалық баспасөзде «…көтерген жүгі тарихи жағынан салмақты сценарий,.. бай мазмұнда жазылған көркем…» («Тау тұлғадан тағылым тарқатқан», «Егемен Қазақстан», 04.08.2016) деп атап көрсетілген киносценарий авторының сыйлыққа ұсынылуға әбден хақы бар еді. Бұл жәйтті Қазақстан Кинематографистер одағы, әсіресе, ана тіліміздің мәртебесін қорғайтын «Қазақ тілі» қоғамы неге ескермеді екен деген өкініш бар. Таласбектей талантты тізімге қосуға әлі де болатын шығар, талқылау әлі аяқталған жоқ қой…
Сергек жанды суреткер Т.Әсемқұлов үшін өмірдің барлық сәті қымбат, барлық құбылысы ардақты болды. Кез-келген оқиғадан үлкен мағына табатын, кез-келген құбылыстың мәнін айыра білетін ол өмірді, адамдарды сүйді. Сондықтан да адамның қадірін, жардың және перзенттің қадірін, жақсының қадірін, ұстаздың қадірін, ағаның қадірін, інінің қадірін, достың қадірін, шәкірттің қадірін білді. Жаны жақсыға ашық болды, талантты тез танып, рухани қолдау көрсетуге келгенде алдына жан салмады. Оның Мейірханмен (Ақдәулетұлы) бірігіп сонау Маңғыстауда бір өзі бір институт болып өз бетінше жұмыс жасап, қазақ мифологиясын мүлдем жаңа сапалық биікке көтерген Серікбол Қондыбайды танып, оған билік тарапынан көмек көрсетілуіне қозғау салуы, өз тарапынан да рухани қолдау көрсетуі – осының бір анық көрінісі.
Таласбек талантты жастарды қатты қолдады, олар туралы қуана жазды. Оның сыни талдаулары да өзгеше сипатты – мақала-эсселерінде шығарманың жазылу контексі, ізденістер жүлгесі, құрылымы талданып, түйін нәтижеге алып шығады. Мұның жарқын бір мысалы – Таласбек сыншының осы «Алматы ақшамында» жарияланған, өзіндік классикалық талдауының үздік бір үлгісі – «Оператор жайлы аңыз немесе Дидар Амантайдың «Көзіңнен айналдым…» әңгімесін оқығанда туған ойлар» атты мақаласы. Сыншының қай мақаласы да зерделі жастар үшін білім көзі болды десек, артық емес. Шығармалары туралы азды-көпті пікір білдірген жастардың жетістіктерімен қатар, ойлануы тиіс тұстары туралы да ақ адал пікірін білдіріп отырған ол білімді, білікті, өнерлі замандастарын туысындай көріп өтті. Ол тек қана көлгірлікті, жалған көшбасшылықты, қалың оқырман-көрермен-тыңдарманға арзан алданыш –ақылмандықты, қызыл сөзді сапырған өтірік білімсінуді суқаны сүймеді…
Өз ғұмырында көп нәрсе тындырған, ойлау жүйесі ерекше, дара суреткер Т.Әсемқұлов ендігі жерде өзі ұстазы туралы айтқанындай, «адамзаттың рухани байлығын еселеп өсіретін нұрлы тұлғалардың қатарында» тұрады.Оның мол рухани мұрасын «ұлтым» деген ақжолтай жас ұрпақ оқып-зерттеп, сусындайтынына күмән жоқ.Оның шығармашылығы туралы аз-кем ой-пікірімізді өзінің мына бір пікірімен қорытындылау орынды. «…Асқар Сүлейменовтің жазба мұрасынан, ауызша айтқандарынан сіз ешқашанда радикалдық, диссиденттік ой-пікір ұшырастыра алмайсыз. Оның жалғыз ғана елеусіз қаруы – өнер туралы, жалпы мәдениет туралы бейтарап, бейбіт пікірі еді. Бірақ, бұл мәселенің сырт көрінісі ғана еді. Ойлы, ақылды пікір адамның ішкі дүниесін жаңғыртады, атадан балаға мұра болып ауысқан жалған идеалдардан, жасанды құндылықтардан арылтады. Ал, ұрпақ рухани құлдықтан құтылғанда саяси күрестің керегі де болмай қалады. Сіз мақсатыңызға жеттіңіз. Баяғы аталарымыздай алмас қылышпен емес, сертке берік қалам және ала қағазбен…». Бұл пікірлер ХХІ ғасыр басында қазақ руханиятында бейресми көшбасшы болған Т.Әсемқұловтың өз шығармашылығына да бек қатысты.
Сөз соңында Таласбектей тұлғаның құнарлы да мол рухани мұрасымен қалың жұртшылықты қауыштыру жолында үлкен еңбек етіп, «Otuken» сайтының жұмысын жалғастырып, ұрпағын әлпештеп тәрбиелеп отырған аяулы жары, көрнекті мәдениеттанушы, мифолог, философ Зира Наурызбаеваға үлкен ырзашылық. Бұл күндері туғанына алпыс бір жыл толған Асыл достың жаны жәннатта болғай деп тілейік.
Әлия Бөпеженова
А. Оралқызы