Қазақ операсының жұлдызы Сұлтан Байсұлтанов өмірден озды

Қазақ операсының жұлдызы Сұлтан Байсұлтанов өмірден озды

Қазақ өнері қара жамылды. Күні кеше опера өнерінің хас шебері, Қазақстан Республикасының халық әртісі, Абай атындағы Мемлекеттік Академиялық Опера және Балет театрының тенор дауысты әншісі Сұлтан Байсұлтанов 65 жасқа қараған шағында дүниеден өтті.

Әнші Н.А.Римский-Корсаков атындағы Ленинград консерваториясын бітірген. С.Р.Рязанцев сыныбында білім алған. Абай атындағы Қазақ опера және балет театрында 1979 жылдан бері жұмыс істеп келген еді. Ол «Евгений Онегин», «Травиата», «Риголетто», «Чио-чио-сан», «Трубадур», «Турандот» және т.б. операларда басты партияларды орындаған. Біраз жылдар бұрын ауыр науқасқа шалдыққан еді. Дертіне қарамастан ол театрдың бас директорының орынбасары болып, жас өнерпаздарға білім беріп, әрдайым жанынан табылатын қамқоршы жан еді.

«Арқа сүйер Сұлтан ағамыздан айырылғанымыз, жалғыз біздің театрымыздың ғана емес, күллі қазақ мәдениетінің орны толмас қайғысы деп білемін. Сұлтандай ағамыздан ойда-жоқта айырылып қалатынымызды кім білген десеңізші?! Екеуміз талай мәрте сахнада өнер көрсеттік. Әрдайым қамқор болатын, жүзінен күлкі кетпейтін әзілқой жан еді. Ешуақытта ешкімге қабақ шытпайтын, үнемі жадырап жүретін. Жатқан жері жайлы болсын!» - дейді театр әртісі, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Жәмилә Баспақова.

Майра Мұхаммедқызы (Керей), ҚР еңбек сіңірген қараткері, «Тарлан» сыйлығының иегері:

«Әттең, өмір-ай! Сұлтан аға өмірден ерте кетті ғой. Сахнада талай бірге махаббат рөлдерін сомдап едік. Орны толмас өкініш. Ағамыздың қазасы қабырғамызды қайыстырды. Алла алдынан жарылқасын! Жатқан жері жайлы, топырағы торқа, иманы саламат болғай!»

Марқұмның денесі оның отаны Шешенстан жеріне жеткізіліп, жерлеу рәсімі туған топырағында өтеді.

“Massaget.KZ” танымдық, ойын-сауық порталы Сұлтан Байсұлтановтың отбасы мен әріптестерінің қайғысына ортақтасып, көңіл айтады!

Дайындаған: Ғазиза Ұзақ

Суреттер: gatob.kz

Ғ. Ұзақ