«Кәукен Кенжетаев - кино, театр, әншілік, ұстаздық өнерге алғаш жол салғандардың бірі. Мұндай тұлғаны бағаламауға негіз жоқ. Кәукен еңбектері – келер ұрпақтың зерттеп-зерделейтін мұрасына айналуы тиіс».
Әшірбек Сығай
Бүгін - қазақ өнерінің қаһарманы атанған Кәукен Кенжетаевтың туған күні. Кәукен Кенжетаев 1916 жылы 25 ақпанда Павлодар облысы, Баянауыл ауданында дүниеге келген. 1936-1941 жылдары Мәскеу консерваториясының жанындағы қазақ студиясында білім алып, 1942-1946 жылдары Хабаровск қаласындағы шекарашылар ансамблінде еңбек жолын бастаған.
1946 жылдан бастап Қазақ опера және балет театрының әншісі болған Кәукен Кенжетаев, Е.Г. Брусиловскийдің «Ер Тарғынында» Тарғын, «Жалбырында» Жалбыр, «Қыз Жібегінде» Бекежан, «Дудар-айында» Семен, Дж. Вердидің «Аидасында» Аманасро партияларын орындап, опера рөлдерін сомдады. Бұл Кенжетаевтың орындаушылық талантын шыңдаған образдар болды.
1950 жылы Алматы консерваториясын бітіріп, кәсіби әнші дипломын алғаш алғандардың бірі Кәукен Кенжетаев еді. Ол Құрманғазы оркестрі мен симфониялық оркестрдің құрамында жұмыс істей жүріп Кеңес Одағы республикаларын түгелге жуық аралап, Қытай, Монғолия, Польша, Румыния, Түркия, Үндістан, Египет, Грекия, Ливан сияқты елдердің сахнасында қазақ әндерін асқан рухпен орындады.
Кәукен Кенжетаев - театр сахналары мен қоса көркемсуретті фильмдерде көптеген рөлді орындап, көрермендерден өз бағасын алған актер. Олар - «Біздің сүйікті дәрігер» фильмінде әнші-дәрігер, «Ел басына күн туса» фильмінде Бауыржан Момышұлы, «Ән қанатында» фильмінде Нұртаза, «Қыз Жібек» фильмінде Базарбай және т.б. «Қалқаман-Мамыр», «Сапар», «Баян жүрек», «Кемпір мен шал» сынды опера либреттоларының авторы. Мұнымен қатар, «Сильва», «Тыныш шаңырық», «Фигораның үйлену» опера либреттоларын қазақ тіліне аударған.
«Мәжит Бегалин» ,«Асылдар мен Ардақтар», «Дархан дарын», «Егер сурет сөйлесе», «Сахна тағылымы», «Шәкен Айманов» атты кітаптары жарық көрген «Шәкіртсіз ұстаз – тұл» деген аталы сөзді бойына сіңірген Кәукен Кенжетайұлы Т. Жүргенов атындағы өнер академиясында ұстаздық қызмет атқара жүріп, өнер жолында көптеген шәкірт тәрбиелеп шықты. Елге танымал сахна шеберлері Р. Рымбаева, М. Ілиясова, Қ. Болманов, Е. Шәкеев, М.Нүркеновалар – Кәукен ағаның ізбасар шәкірттері.
1959 жылы Қазақ ССР халық әртісі атағын иеленген. Еңбек Қызыл Ту орденімен, медальдармен марапатталған.
ҚР Халық әртісі, режиссер Маман Байсеркеұлы: «Кәукен негізінен – опералық әнші ғой. Бірақ ол кісі қазақы әндерді де жақсы орындаған. Домбырамен Мәдидің, Естайдың, Ақанның, Біржанның әндерін осы Кәукеннің орындауында көп естідім. Оның шығармашылық ортасы ұлы адамдардың айналасында өтті. Құрманбек Жандарбеков, Байғали Досымжанов, ағайынды Абдуллиндер, Ғарифолла Құрманғалиев, Жүсіпбек Елебековтердің ортасынан шықты. Бұл – ұлы мектеп қой», - дейді.
Ұлы мектептен тәлім алған әнші, актер, режиссер 2008 жылы 15 наурызда 92 жасында дүниеден өтті. Бүгін тірі болғанда 99 жаста болар еді. Келер жылы Кәукен ағамызға 100 жыл толады. Жүзжылдықтар жүгін арқалап 100 ғасырға жетерлік мұра қалдырған қазақ өнері қаһарманының 100 жылдық мерейтойын қалай өткізетініміз алдағы уақытта бізге сын болмақ, ағайын.
Сурет: massaget.kz
Е. Жұмабайұлы