- Амансыз ба? Қал-жағдайыңыз қалай? Сізді халық сағынды, сахнада көрінбей жүрсіз...
- Көрінбей жүргенде, енді ғана балам Нұрғисаның күзгі демалысын пайдаланып, Астанаға барып келдім. Алматыға көшкен Қазақстан, Хабар секілді телеарна, радиоларға қонақ болып, бағдарламаларға қатысып келдім. Бір жағынан, мен бұрынғыдай жас әнші емеспін. Атымды қалыптастырған әнші болғандықтан, салмақты болу да керек шығар. Жанталасып, ана бағдарламада бір көрініп, мына хабардан бір жылт етіп жүруді өз басым құптамаймын. Адамды мезі етіп, жалықтыруға болмайды. Мәселен біз төбемізге көтеріп, мақтап жүрген асымыз етті күнде жей берсеңіз не болатынын өзіңіз де білесіз. Соңында бесбармаққа қарағың да келмей қалатын жағдай болады. Міне, дәл солай, әркім де ұстамды болуы керек деп ойлаймын.
- Шығармашылықтағы жаңалықтарыңыз көп шығар?
- «Дәрия» тобында домбырамен ән айтқан Айгерім есімді қызбен бірге ән айтып жүрмін. 2-3 әніміз де жазылып қойды. Әннің болмысы бөлек. Заманауи клубтарда айтылатын әнге домбыра қосып айтамыз. Әннің аты – «Маған арна». Екінші ән «Мені ізде». Әні Қайрат Жәнібековтікі, ал сөзі менің ағам Ержан Түсіпбаевтікі. Осы қараша айы мен концерттерден босамаймын. Жаңалығым осы...
Баласы - Нұрғисамен
- Қазір немен айналысып жүрсіз?
- Біздің бизнесіміз – той бизнес. Ал мен қатысатын концерттің көбі қайырымдылық шаралары болып табылады. Жағдайым жақсы, құдайға шүкір. Мен жас болып, Сүйінбай атындағы Филормонияға келгенде Мәдина Ералиевамен жұмыс жасап едім. Ол кісі біздің, жаңа заманның әншілерінің өмірін оңай деп айтатын. 40 күн бойы ауыл-аймаққа жоспар бойынша барып, концерт беру деген қазір жоқ, міне сондықтан да, өнер адамдары қазір көкірек кермей, барға қанағат айтып жүруі ләзім сияқты. Расында да, біз қарапайым халықтан еш айырмамыз жоқ.
- Сіз өте сұлусыз. Жәй сұлу емес, қазақи сұлулық бар десек те болады. Сұлулықтың сыры неде?
- Әрине, ең бірінші мен ата-анама алғыс айтамын. Олар маған осындай сұлулықты сыйлағанына қатты қуанамын. Ал бірақ уақыт келе ол сұлулықты күтпесе болмайды. Ең бірінші, менің ойымда, адамның ұйқысы дұрыс болуы керек. Екінші кезекте адамның өз ортасында гармонияда болуы. Тағы да бір айтарым, қазақтың қыз балалары тамақты аз жесе екен. Қыз бала болғандықтан, олар өзінің сымбат-сәніне қарау керек қой.
- Әлеуметтік желіде жақында ғана «Өмір бір-ақ рет беріледі, сондықтан оны Алматыда өткізу керек» депсіз. Бұл сіздің Алматыға деген сүйіспеншілігіңіз бе?
- Мен он күндей Астанада, тағы он күндей басқа жақтарда болдым. Соның өзінде Алматымды сағындым. Кішкентай кезімнің өзінде Алматы туралы түс көретінмін. Қазір Абай көшесінің көпқабатты үйлерінің бірінде тұрамын. Оныншы қабаттан көліктердің ағылып жатқан көрінісінде де бір әсемдік бар. Шетелге барғанымда да, әуежайдан түсе салып, ерекше сезімде боламын. Сөзбен сезімімді жеткізе алмайтын шығармын.
- Әңгімеңізге рақмет! Аман болыңыз!
Әңгімелескен: Ардақ Құлтай
Сурет: Жеке мұрағаттан