2-бөлімі
Әлкей Марғұлан Қаныш Сәтбаевтың өнер саласымен айналысуын, жазушылық қабілеті барын да ескере келе, би өнері ғылымын жақсы меңгергенін, сондай-ақ өзі бастамашы болып жүріп әдебиет, этнография, тарих жөнінде үйірме де ашқанын жеткізеді. "Оқудан бос уақытын студент Қаныш бір ғана ой-санасын дамыту мәселесіне жұмсайды. Көп уақытын Томск университетінің кітапханасында өткізіп, қазақ халқының тарихы, этнографиясы, әдебиеті туралы жазылған мәліметтерді үңіле оқыды. Олар жайында бірнеше мақала жазып, кейбір әдебиет үлгілерін баспаға дайындады. Қаныштың бастауы бойынша, Томск университетінде Шығыс мәдениетін зерттейтін ғылдыми үйірме ашылып, оған Томскіде оқитын студенттердің көбі қатынасады. Үйірмеде якут, бурят, хакас, тұңғыс елдерінің халық әдебиеті, этнографиясы, тарихы туралы баяндама тыңдалады. Қаныштың өзі де қазақ әдебиеті, этнографиясы туралы бір үйірмеде бірнеше рет баяндама жасайды. Онымен қатар үйірме атынан талай рет сауық кешін өткізіп, онда әрбір халықтың ән-күйлерінен, жыр-өлеңдерінен айрықша концерт жасап отырады. Бұл сауық кештерінде де Қанекең қазақ халқының ән-күйлерін жақсы көретінін көрсете алған. Қанекең жұмыстан бос, демалыс кездерін аса қадірлеп, оны көптеген әдеби кітап, қызықты романдар оқумен өткізетін. Қанекең мен оның ағалары Әбең, Ғазиз, Кәрімнің ерекше жақсы көріп, рухани азық еткендері халық поэзиясы, музыка, ән-күй, би болатын. Егер геологияның соңына түспей, бірыңғай әдебиет саласымен кетсе, Қаныш аса талантты жазушының бірі болар еді. Оны Қанекеңнің жас кезінде жазған новеллалары, әдебиет, музыка, би өнері туралы жазған мақалалары, Абай, Жамбыл, Мұхтарға арнап жазғандары айқын бейнелейді.
Қаныш пен оның ағаларының өнерді, әдебиетті, музыканы қадірлеуі – оларға әкелерінен мирас болған іс. Имекеңнің өзі де жас күнінде серінің бірі болған. Музыкамен қатар, Қаныш өнердің бір түрі – биді де қатты қадірлейтін. Полька, мазурка, вальс билерін Кисловодскіде демалып жатқанда Қаныштан жақсы ешкім әдемі билемеген. Сондықтан Горький атындағы санаторийдің карнавалында бірінші жүлдені оған тартады. Қаныштың би өнерін жақсы көруі сонша, Кисловодскіге барған сайын осы күнгі жаңа билерді – фокстрот, танго билерін үйреніп, оларды да әдемі билейтін болды".
Қаныш Имантайұлы Сәтбаев академик, ғұлама ғалым, бас геолог, әнші, домбыраның да құлағында ойнайды, биші, тарих ғылымынан да хабары мол, саясаттанушы, әдебиет саласына, тіпті журналистика саласына да үлкен үлес қосқан, баспа ісі бөлімінен де хабардар (қай кітаптың қанша баспа табақ болатынын өзі есептеп шығарғаны әр мақалаларынан қылаң беріп қалды), ұстаз, педагог, ұйымдастырушы, театр саласын жетік меңгерген. Қандай ғылым саласы болса, баршасын толық игеруге ұмтылған, бар білімді тануға құштар болған, бүкіл өмірін ғылымға арнаған.
Ұқсас жазбалар:
Жазушы Есенжол Домбаев туралы естелік
Кәукен Кенжетаевтың өнегелі өмір жолы