Азан шақырып қойған есімі Ғабдулғани, Қаныш атанған геолог-ғалым, минерология ғылымдарының докторы, профессор, академик Сәтбаев десе, қазақ даласының қазба байлықтарын сақтап қалуға бірден-бір ат салысқан адам еске түседі. Бірақ Қаныш Сәтбаевтің алғашқы мамандығы, кәсібі жерді зерттеу, қазба байлықтарды іздеу емес екенін бірі білсе, бірі білмейді.
Баянауыл даласында дүниеге келген Қаныш Сәтбаевтің алғашқы мамандығы – заңгер. Ең қызығы – аталған кәсібін Қ.Сәтбаев бір-ақ рет пайдаланған. Бір сөзбен айтқан кезде бір рет қана сот үкімін шығарған.
Кеңес үкіметі тұсында, шопандардың әрбір қой үшін, тіпті өлгендері үшін де бастарымен жауап беретін кезі. Сол қиын заманда алпысты алқымдап қалған бір қарияның қалың қойын, қар басқан қораның төбесі көтере алмай құлап, қырылып қалыпты. Ақыры қарияның үстінен сот жүріп, сот ісін, үкімін шығару Қаныш Сәтбаевтің қолына түскен. Өзінің кәсібіне адал маман ештеңе ойланбастан, қарияға 10 жыл кесіпті. Сол кезде сот залында шопанға соңғы сөзіңді айт десе керек. Қария:
- Осынша жасқа келген маған тағы 10 жыл бергенің үшін рақмет, айналайын!.. - депті.
Сүйектен өткен сөз сол күні жас маман Қаныш Сәтбаевтің өз еркімен жұмыстан шығуына алып келген. Ең қызығы бұл оның бірінші және соңғы үкімі екен...