Кәмшат Жолдыбаева – қазақ эстрадасында өнер көрсетіп, халықтың сүйіктісіне айналған әнші, актриса және тележүргізуші. Кәмшаттың артынан ерген жас дарындар мен тыңдармандарына берер кеңесі мен көрсетер бағыты бар ма? Назарларыңызға әншімен жүргізген сұхбат ұсынамыз.
− Сәлем, Кәмшат! Жақында Shine продюсерлік орталығынан кетіп, жеке әнші ретінде өнер көрсете бастадыңыз. Қадамыңыз құтты болғай! Алғашқы сауалымыз – топпен ән айтудың жеке айтудан басты айырмашылығы қандай?
Сәлем, Фариза! Көп рақмет! Иә, расында, топпен айту мен жеке әнші ретінде өнер көрсету екі түрлі дүние екен. Топпен ән салғанда бір-біріңді сезіне білу керек. Біріңді бірің толықтырып, сүрінген жерден жалғап жіберуді үйрену қажет. Топпен жұмыс істегенде ән салу да, би билеу де өзгеше. Ал жеке әнші ретінде сахнаға шығу мүлде бөлек. Халық алдында жеке өзің ән орындау кезінде ерекше сезімде боласың.
− Сізге тойда ән салған ұнай ма әлде эстрада сахнасында жүрген ұнай ма?
Мен той, сахна деп бөлмеймін. Тойда болсын, сахнада болсын, әнді барымды салып орындап, билеуге тырысамын. Халықтың көңілінен шығуды бірінші орынға қоямын.
− Сымбатыңыз бен денсаулығыңызды сақтау үшін не істейсіз? Оқырман қыздарымызға үнемі сұлу, тартымды, сымбатты болу сырларын айтып өтсеңіз?
Таңертең ерте тұрып, спортпен шұғылданған жөн. Менің өмірімнің әр кезеңі әртүрлі деуге болады. Бір кездері мен бар уақытымда бимен айналысатын болсам, бір кездері залға барып, спортпен шұғылданып, уақыт өткіземін. Қазіргі кезде таза ауада жүгіріп не баспалдақпен мініп-түсемін. Әйтеуір өмірімде үнемі қозғалыста болуға тырысамын. Қозғалыс – өмір үшін маңызды. Қозғалыссыз жатқан зат – жансыз дүние. Сондықтан әрқашан қозғалыста болу керек. Бұл – бір.
Екіншіден, тәбетті қадағалау керек. Ол денсаулыққа тікелей байланысты. Мысалы, адам іштей сұлу, сымбатты, дені сау болуына дайын болса, әрі әрекеттенсе, мақсатына жетеді. Көп адам «қуырылған, нан-тоқаш, майлы тағамнан бас тарта алмаймын, тәттіні жеуді тоқтата алмаймын» деп айтады. Ал сымбатты болғың келсе, жегім келмейді деген затты жеу керек. Көкөністер, қайнатылған сорпа, пайдалы тағам мәзіріне өту керек. Біздің жегіміз келетін тағамның көбі зиянды. Өзім де тәттіден бас тарта алмаймын, үнемі тәтті жегім келіп тұрады. Бірақ бұл әдетіммен күресіп келемін.
Үшіншіден, адамның ішінде болып жатқан жайттар. Соны анықтау керек. Ішінде болып жатқан дүниелер сыртқа білінеді. Қызғаныш, көре алмаушылық, ыза, кек, реніш адам өміріне зиянды әсер етеді. Сіз өзіңізді ешкіммен салыстырмауыңыз керек. Ешкімнен ештеңені қызғанбау керек. Санаңызда «гармония» орнықса, өміріңізде де бәрі жақсы болады.
− Өнер саласында болашаққа қандай мақсаттарыңыз бар?
«Басқаларға қарағанда ерекшемін, былай етемін, солай етемін» деп айта алмаймын. Болашаққа деген үмітім зор, алайда әлі көп еңбектену керек. Әндер жазып, сапалы бейнебаяндар түсіргім келеді. Бағытты әрдайым өзгертіп, жаңа қырымнан көрінуге тырысуым керек. Өздігімнен дамып, жан-жақты болуға ұмтыламын. Тағы бір жайт, киноиндустриясына қатысты. Өзімнің ойымдағы бірер образдарды сомдап, режиссерлер сондай кинотуындыға шақырып, рөл ұсынса екен деп тілеймін.
− Ол қандай образдар?
Агент! Иә, мен бала күнімнен халық арасында жүріп, бүркеншік агент, шпион болуды армандайтынмын. Адамдардың арасында қарапайым жан секілді жүріп, шын мәнінде бір құпиялы тапсырманы орындап жүргенімді елестетемін. Алайда менің негізгі мамандығым – әнші. Біз, керісінше, ашық болуымыз керек. Халыққа жақын болып, жайдары көңілмен, бар өнерімізді көрсетеміз. Сондықтан арманымдағы образды, ең болмағанда, киноға түсу арқылы жүзеге асырсам деп тілеймін.
Кәмшаттың жеке архивінен
− Тамаша, бұл тілегіңізді белді режиссерлер оқып, сізді дәл сол рөлге шақырсын деп тілейміз! Өнерден басқа қандай салаға қызығасыз? Өзіңіздің психологиялық ұстанымыңыз бар ма?
Мен өзімді адамдарды артынан ерітетін, үлгі болатын адаммын деп айта алмаймын. Инстаграмда сурет салып, «сіздер де ерте тұрып, жүгіріңіздер» деп шақырсам, халықтың назарынан тыс қалмайтынын байқадым. Халықтың мұны керек ететінін сеземін. Егер мүмкіндік болса, болашақта кітап жазып, халыққа насихаттауға тырысқым келеді. Бізде кітап көп. Алайда заманауи талапқа сай, спорт, дұрыс тамақтану, сымбатты сақтау жайында қазақша жазылған кітап жоқтың қасы. Кітаптың көбі орыс тілінде. Ал ауылда тұрып, қазақша сөйлейтін қыздарымыз қайтпек? Олар да сұлу, сымбатты, дені сау болғанын қалайды. Өзінің үлгі тұтатын адамынан кеңес күтеді. Оларға арнап кітап жазып, барлық ақпаратты сауатты, толық жеткізгім келеді.
− Адамдардың көре алмаушылық қасиетіне қалай төтеп бересіз? Біреудің ащы сөзін көтере аласыз ба?
Инстаграмды айтып тұрған шығарсыз. Расында, ауыр, ащы сөздер мол. Олармен еш күреспеймін. Егер адам ағынан жарылып, жақсы, игі лебіздерін білдіріп жатса, жазбасам да, ішімнен әрдайым рақмет деп, риза боламын. Олардың жақсы көріп жазып отырғанын сеземін. Парақшама кірсеңіз, сағаттап отырып, неше түрлі пікір оқуға болады. Жағымсыз пікір жазатын адамдар өз ойымен өзі тұншығып жатыр деп ойлаймын. Өмірге қанағатсыз, қалыптаспаған адам деп санаймын. Олай жазғанша өзіңді дамытуға тырысу керек. Мен ешкімді тәрбиелеп, өзгерткім келмейді. Егер менің тұлғам біреуді қызықтыратын болса, біреуге менің өнерім ұнаса, ризамын. Бірақ біреуге ұнау үшін жанталаспаймын. Әркім өз өмірін ойлауы керек. Біреуді балағаттап, уақыт өткізетін адамдарға өмірінің солай өтіп, күйіп кететінін айтқым келеді. Бұл өкінішті-ақ. Қолыңызда мүмкіндік бар кезде, өмірде аяқ басып жүргеніңізде өзгеріп, жақсаруға тырысыңыз. Дұрыс бағытқа ұмтылуға кеңес беремін.
− Қазір, қыркүйек айында, алыстан бөтен қалаға оқуға келген студенттер көп. Сіз де кезінде туған жеріңізден шалғай кетіп, Алматыға келдіңіз. Сізге үйренісу қиын болды ма? Сөзіңіз, тәжірибеңіз студенттерге демеу, көмек ретінде бір-екі ауыз сөз айтып өтсеңіз.
Фариза, адам жаңа нәрседен қорқатыны белгілі. «Мына жұмысты бастасам, қалай болады екен? Ана жаққа барсам, жүре аламын ба? Жаңа орында қалай өмір сүремін екен?» деген сияқты екі ұдай ойда жүріп, қиналатын кездер болады. Түбінде ештеңеге өзгермеуі мүмкін. Яғни, уақытымыз әлгіндей ойлармен кетіп қалады. Менің кеңесім – бірінші істе, сосын ойланасың. Бірінші қадамыңды бас, қорықпа. Өзіңнің үйреншікті аумағыңнан шыға білуің керек. Бір орында отыра берсең, ештеңеге жетпейсің. Істегің келе ме? Байқап көр. Алғашқы қадамыңды бас. Көшуді ойладың ба? Көш. Үй жалдап, тұрып көр. Кейіннен артқа шегінесің бе, әлде сол орынды ұнатып, қаласың ба, өз еркіңде. Бірақ, айтайын дегенім, қорқынышты билеп, ойыңды жүзеге асыруың тиіс.
− Тамаша! Кеңестеріңіз – алтын қазына. Сұхбатымыз қызықты өтті. Сізге көп рақмет! Айтар әніңіз көп болсын, бейнебаяндарыңыз мол болсын! Өнеріңіз өрге жүзсін!
Әмин, сізге де көп рақмет! Іске сәт!