Шығыс күнтізбесі бойынша 2014 жыл – Жылқы жылы. Келер жылдың белгісі сол белгіде туылған адамдар үшін ерекше табысты болады деп есептеледі. Біз ол бақытты өнерпаздар кімдер екенін білмек болдық.
Қазақстанның халық әртісі Нағима Есқалиева 1954 жылы Жылқы жылында дүниеге келген. Эстрадада өзіндік орны бар, ерекше болмысты әнші өте еңбекқор. Дегенмен, соңғы жылдары көбіне ұстаздық қызметпен айналысып, «SuperStar Kz», «X-Factor» сынды жобаларда қазылық етіп, жаңа есімдердің, жаңа жұлдыздардың жануына ықпал етіп жүр. Нағима Есқалиеваны танитындардың көбі оның бірбеткейлігі, қалжыңбастығы мен шындықты тура айтатын мінезін ерекше құрметтейді.
Қазақ кинематографиясында өзіндік қолтаңбасы бар режиссер Талғат Теменов Жылқы жылында туылғанымен Жылан жылында біраз жетістікке қол жеткізді. Тәуелсіздіктің 22 жылдығы қарсаңында мәдениет саласындағы ерең еңбегі үшін «Парасат» орденімен марапатталды. Сонымен қатар, 2013 жылдың қараша айында Бішкек қаласында өткен Ш.Айтматовтың 85 жылдығына арналған IV «ART-ORDO» Халықаралық театр фестивалінде Талғат Теменов халықаралық Шыңғыс Айтматов атындағы сыйлықтың иегері атанды. Қазіргі таңда көбіне театр саласында қызмет етіп жүрген режиссер үшін келер жыл да шығармашылық табысты жыл болады деп сенеміз.
Қарақат Әбілдина да өте еңбекқор әншілер қатарынан. Танымал жолдасы Қыдырәлі Болмановтың арқа сүйер жары, төрт баланың аяулы анасы үй шаруашылығынан қолы қалт еткенде жас жеткіншектерге жетігенде ойнауды үйретіп, шәкірт тәрбиелейді. Осы қарбаластың арасында Қыдырәлі Болмановпен дуэт айтып, хит әндерін ұсынып та үлгеріп жүреді. Биылғы жылы әншінің көп жылдар бойғы еңбегі ескеріліп, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері болып марапатталды. Бұл да әншіні ынталандырып, өз жылында Қарақат Әбілдина бізді керемет туындыларымен қуантады деп сенеміз.
Фархат Әбдрайымов өзінің ерекше түр-пішінінің арқасында кинода біраз қазақстандық кейіпкерлердің бейнесін ашты. Және дәл сол ерекше болмысының арқасында әрдайым режиссерлердің сұранысына ие. Жылан жылы Фархат кинематографиядағы балалар тақырыбына көбірек көңіл бөліп, балаларға арналған телехикаяға және «Аңыздар кітабы» фильміне түсті. Сонымен қатар, жылдың соңында прокатқа шыққан «Бөгдеғаламшарлықтардың қатысы жоқ» фильмінде де бой көрсетті. Жалпы, Фархат Әбдрайымов үшін әр жыл да өзінше табысты сияқты. Өйткені дарынды, еңбекқор актерге кез келген рөлді сомдау қиынға соқпайды.
Өнерлі жұп Берут пен Аиша Жылқы жылында туылғандар. Екі жұптың арасындағы 12 жас оларға бақытты отбасын құруға кедергі болмады. Жылан жылы қазақстандықтар олардың «Мекенім - Қазақстан» бейнеклипін үздік деп тауып, тойларда бірнеше хит әндеріне биледі. Және жақында өнерлі жұптың шаңырағында сәби дүниеге келіп, қос орындаушы екі есе шаттыққа бөленді. Тыңдармандар олардан әрдайым хит әндер мен сапалы дүниелер күтіп үйреніп қалған. Сол себепті келер жылы да осы қарқыннан таймай, халықтың көңілін көтеріп, билететін әндерін ұсына береді деп сенеміз.
Жәния Журинская қазақстандықтарға бірнеше телехикаялардағы рөлдерімен танымал. Алайда нағыз танымалдылық оған «Өкініш» фильміндегі рөлінен кейін келді. Жас актрисаның кино саласындағы жетістіктері әлі алда деп сенеміз. Бәлкім, өз жылында актрисаның мүмкіндіктерін аша түсетін салмақты рөлдер бұйырады деп үміттенеміз.
Сурет: almalove.kz, kapital.kz, aynaline.kz
Дайындаған: Анар Мұстафина