Бүгін – көрнекті актер, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Есболған Ботабайұлы Жайсаңбаевтың дүниеге келген күні.
Қалың қазаққа көгілдір экран мен театр сахнасындағы Серке, Жапал, Қаспақбай, Әлібек, Сейіт, Ятчель, Нарша, Қараман, Хасен, Нарымбет рөлдері арқылы жақсы таныс табиғи талант иесі тірі болғанда 74 жас мерейтойын атап өтер еді...
Белгілі жазушы Рымғали Нұрғалиев айтқандай, «мұрнына дейін күлетін актер» Есболған Жайсаңбаев 1940 жылы Алматы облысы Қапал ауданы Ақсу ауылында дүниеге келген. Бала шағынан ән салып, Молықбай өнерімен, Сара, Ілияс, Ғалидай ақындар жырымен сусындаған Есболған орта мектепті бітірісімен, яғни, 1958 жылы М. Әуезов театры жанындағы екі жылдық студияға режиссер Ә. Мәмбетовтың шеберханасына оқуға түседі.
Е. Жайсаңбаев сахнада алғаш рет З. Шашкиннің шығармасы бойынша қойылған "Замана осылай басталады" қойылымында Покудин рөлін сомдаған. Одан кейін өз буыны, талантты жастармен бірге Қ. Шаңғытбаев, Қ. Байсейітовтың "Беу, қыздар-ай!" (режиссер Ә. Мәмбетов), Гогольдің "Үйлену" комедияларында Серкенің, Подколесиннің рөлдерін ойнады.
Актердің ғұмырындағы ең жұлдызды рөлі – Ш. Айтматовтың "Жәмилә" повесі бойынша қойылған "Аңсаған менің әнімесіндегі" Сейіт болды. Театр мамандары мен көрермендерін шынайы, табиғи ойынымен баурап алған Есболған Жайсаңбаев М. Әуезовтың Абайындағы" Көкбай мен Нарымбетті, "Еңлік-Кебектегі" Жапалды, Ш. Айтматовтың "Ана-Жер-анасындағы" Бекташты, З. Ақышевтің "Жаяу Мұсасындағы" Қаспақбайды, С. Жүнісовтың "Ажар мен Ажалындағы" Олжатайды, У. Шекспирдің "Асауға-тұсауындағы" Груманы, О. Бөкеевтің "Құлыным меніңдегі" Дулатты, Ш. Хұсайыновтың "Алдар Көсесіндегі" Сырдақты, М. Әуезовтың "Қарагөзіндегі" Наршаны т.б бас-аяғы қырық шақты комедиялық, драмалық рөлдерді сомдау арқылы репертуар ауқымын кеңейтті.
Саналы ғұмырын қазақ өнеріне арнаған Есболған Ботабайұлы кино саласында да қызғылықты, сәтті бейнелерді жасады дей аламыз. Атап айтар болсақ, "Бәрі де сенбіден басталған" (1978 жыл) фильміндегі Темірбек, "Ауылнайда" (1978 жыл) Бекен, "Доланада" (1979 жыл) Мәлібек, "Туған далада" (1971 жыл) Кейіпкер т.б. Актердің кино өнеріндегі ең үлкен еңбегі – "Мосфильм" киностудиясы түсірген үш сериялы "Ақ бақсы" көркем фильміндегі (1982-83 жылдары) Ятчоль бейнесін жасауы болды. Бұл кинокартинаны бүкіл одақ көрермені сүйіп көрген деседі.
Е. Жайсаңбаев мұнан басқа радиода, телевидениеде, дубляжда көп жұмыс атқарды. Сондай-ақ, Ш. Айтматовтың "Қош бол, Гүлсары" повесін және түрік жазушысы О. Кемалдың "Қылмысты" романын қазақ тіліне аударып, сахнаға лайықтап жасап шыққан. Ал чех жазушысы М. Гашектің "Сайыпқыран солдат Швейктің басынан кешкендері" романын аударып, радиопьеса жасап, эфирде өзі орындаған.
Өнерде сіңірген еңбегі, жан-жақты таланты үшін актер 1976 жылы ҚазКСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет Грамотасымен марапатталады. 1988 жылы оған КСРО еңбек сіңірген әртісі атағы берілді. Осыдан кейін көп ұзамай, 1938 жылы мезгілісіз дүние салады.
Сүйікті жары, сахналас серіктесі, белгілі өнер шебері Салиха Қожақова екеуі үш ұл өсірді. Әке өсиетіне адал үш азамат та бүгінде өз саласында ел игілігі үшін қызмет етуде.
Салиха Қожақова, актердің жары:
- Театр турлы ойласам, Есболғанның тым ерте, қырық жасында дүниеден кеткені есіме түседі. Қаншама атқаратын жұмысы бар еді... Балалары, немерелері әлі күнге дейін «Атамыз тірі болғанда ғой, көліктің алдына отырғызар едік...» деп айтып отырады. Иә, тіпті көзін көрмеген немерелерімнің өзі солай айтады. Сондай кездерде еріксіз көзіме жас аламын. Құдайға шүкір, Есболған кетсе де, оның ізін суытпайтын балаларым, немерелерім, шөберелерім бар. Есболған жас кезінде маған «Салиқа, су әкеліп берші» деп жиі айтатын, сондайда су әкеліп берсем, «бала-шағаңның қызығын көр» дейтіні бар еді. Сондайда жап-жас болып неге мұндай сөздер айтады екен деп ойға бататынмын. Кейін жетпістен асқаннан кейін маған бата беріп кеткені екені ғой деп айтып отырамын. Өзі де ерте кететінін білгендей... Шүкіршілік, Есболған көрмеген жақсылықтарды көріп, немере, шөбере қызығын көрудемін. Қанша уақыт өтсе де, Есболғанды ешқашан ұмытпаймыз. Арамыздан кеткеніне 31-32 жыл болыпты. Ол біздің жанымызда, жүрегімізде, халықтың аузында. Көзін көргендер оны «қара бала» атап, ол ойнаған рөлдерді көргенде «Есболған өзі болғанда қатыратын еді» деп айтып отырғанын естимін. Жас кетсе де, артынан көп еңбек қалдырғанын білеміз. Театр актерлері ішінде ең жас кеткені Есболған. Әрине, арман деген таусылмайды, ортамызда жүрсе ғой деп армандап отырамыз, жүрегіміз ауырады... Жыл сайын халқы еске алып, арнайы кештер ұйымдастырады, теледидардан бағдарламалар беріп, газет-журналдар мақала арнайды, кітабы, фотоальбомы шықты, оның атында мектеп бар, мүсін-бюсті қойылды. Сондықтан, 100 жыл өтсе де Есболғанның есімінің ұмытылмайтындығына сенемін.
Ұлттық өнер үшін тер төккен Есболған Жайсаңбаев сынды таланттардың бейнесі таспаларда ғана емес, халқының жүрегінен өшпей, жас ұрпаққа өнеге болып, қазақ өнерімен бірге жасай беруі тиіс. Және Есболған Жайсаңбаевтың қанша комедиялық болса да, астар ағыны мұңға бастайтын адами, шынайы бейнелері де ел есінде мәңгі қалады деп сенеміз.
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева
Сурет: teatr-auezov.kz