- Негізгі бет
- Тұлға
- Жұптары жарасқан қос...
Жұптары жарасқан қос әнші – Жанболат пен Жазира
Өнерімен елді тәнті еткен Жанболат пен Жазира есімі көпшілікке жақсы таныс. Сахнада жұбы жазылмаған қос әнші өмірде де көпке үлгі болардай берекелі отбасы. Біз қос әншінің отбасылық өмірімен жақынырақ танысу мақсатында арнайы сұхбаттасқан болатынбыз. Бір үйдің тұтқасын берік ұстап отырған Жазира Байырбекова жас келіндер мен бойжеткендерге арнап ақыл-кеңесін де айта кетті.
- Өнерде де, өмірде де бірге қол ұстасып келе жатқан жарасымды жұпсыздар. Осындай татулықтың, жарасымдылықтың сыры неде?
Жанболат:
- Біз көп балалы отбасынан шыққанбыз. Ата-анамыздың тәрбиесін бойымызға терең сіңіріп өстік. Баланың анаға, ананың балаға махаббатын тәлім-тәрбиесімен сусындап, ата-анамызға қарап бой түзедік. «Әкеге қарап ұл өсер, анаға қарап қыз өсер» дегендей екеуміз де отбасындағы өз орнымыздың қандай екенін жақсы білеміз. Біздің татулығымыздың сыры да өз орнымызды біліп, бір-бірімізді түсініп жасаған әрекетіміз дей аламын.
Жазира:
- Тату, жарасымды отбасы болу үшін оған жасырын сырдың қажеті жоқ. Ең бастысы ерлі-зайыптылардың арасында кешірімшілдік пен түсіністік болса кез келген отбасында ынтымақ-бірлік болады. Өйткені кемшіліксіз, пәк адам болмайтынын ескерген жөн. Кішкентай нәрсені үлкен ұрыс-керіске айналдырмай, түймедейді түйедей қылып немесе тырнақ астынан кір іздемей кешірімді болған жөн. Кешірім мен сабырлылық әрдайым бірге қатар жүруі керек деп ойлаймын.
- Жазира әпке сіз ойлағандай келін бола алды ма?
- Әрине. Жазира ер адамды қалай сыйлауды, үлкенге – құрмет, кішіге – ізет көрсетуді жақсы біледі. Ауылдағы аға-жеңгелерім мен анамның алдында көрегенділігін білдіріп, үлгілі, биязы тәрбиесімен ешкімнің алдын кесіп өтпей кішіпейілділігін танытып, ағайын-туыстарыма сыйластықпен қараған жақсы қасиетін Жазираның бойынан көрдім. Оның бойынде мен қуана, мақтана айта алтын қасиеттері көп. Сөзінің зілі жоқ, айтқан сөзі кез келген адамға жылы тиеді.
- Ерлі-зайыптылардың бір салада, әсіресе өнер саласында жүруінің қиындығы бар ма?
- Мұның ешқандай қиындығы жоқ. Бұл дегенің бір мекемеде қызмет атқарып жүрген ерлі-зайыптылар сияқты, біз де бірге халықтың алдында өнер саласында жүрген жұптармыз. Біздің таңдаған жолымыз, бағытымыз өнер болғандықтан, бір жүкті бірдей көтерсек мұның ауыры білінбей қайта жеңілдей түседі. Өнер жолының қандай екені де бізге түсінікті. Сондықтан қайда болсақ та бірге жүргендіктен, артық ұрыс-керіс, түсініспеушілік орын алмайды. «Қайда жүр екен?» деген уайым болмайды (күліп). Әнді де, киімді де бірге таңдап, көз алдымызда жүреміз. Өз сүйген жарың қасыңда жүргенге не жетсін?! Қарап тұрсаң бұл қиындық емес, бұл – нағыз бақыт!
- Бүгінде жастар жұмысбастылықпен үйленуді кейінге шегеріп жүр. Өздеріңіз неше жаста шаңырақ көтердіңіздер?
- Біз отбасын құрғанымызда мен 18 жаста, Жанболат 23-те болды. Қай кезде үйлену керек деген ой болған жоқ ол кезде. Ішкі сезіміміз және үйленудің реті осы жаста келді. Ерте үйлену керек деп басып айта алмаймын. Өйткені, бақыт біреуге ерте, біреуге кеш келеді. Ерте үйленгендердің бақытты болып та, ажырасып кетіп те жатқандары бар. Сол сияқты кеш отбасын құрғандар да бір нәрседен қалып қойдым демей, бақытты тұрып жатқандары жетерлік.
- Жазира әпке, негізі қыздың қай жаста тұрмысқа шыққан дұрыс деп санайсыз?
- Өзім ерте тұрмыс құрғаннан кейін ерте шыққан дұрыс шығар деп ойлаймын. Алла қаласа өзім де жас келінді шаңырағымызға түсірсем деймін. Өзім қай жаста тұрмысқа шықсам, келінімнің де сол жас шамасында босағамызды аттағанын қалаймын. Өйткені, 17-18 жасар қыздардың өмірге деген ұстанымы, көзқарасы енді қалыптасатын кез. Бұл жаста бойжеткен тәрбиеге көніп, тез бейімделгіш, тіл алғыш болып келеді. Ал, жиырма бестен жоғары жастағы арулар өмірлік ұстанымдары мен қағидаларын анықтап алғандықтан, келін болып барған отбасына сіңісіп кетуі, меніңше, қиын болу мүмкін. Ол үйдің мүшелері мен қыздың ойы, пікірі, мінез-құлқы бір-біріне сәйкес келмей жатады. Келін өзінің бағытымен өмір сүргісі келетін жағдайлар да кездеседі. Бірақ нақты осындай деп кесіп айтуға да болмайды. Өйткені, кей жағдайда отбасын кеш құрып, ата-енесінің тілін тауып, бақытты болып жүргендер де баршылық. Ал, жалпы қыз қай жаста тұрмысқа шықса да сол үйдің тәрбиесіне бейімделіп, отымен кіріп, күлімен шығуға тырысқаны жөн деп ойлаймын.
- «Абысын тату болса ас көп» дегендей, абысын-ажындарыңызбен араларыңыз қандай?
- Абысындарыммен осы күнге дейін айқайласып, ұрысу түгілі, жеңіл сөзге де келіп көрген емеспін. Кейбір отбасыларын байқап жатсаң абысындар бір-бірімен күндес болып, ұрысып жатады. Мұндайдан Алла сақтасын. Біздің үйде жеті үйден келген, жеті түрлі тәрбие көрген келіндер бар. Осы жеті келінін бір үйдің қыздарындай тату етіп, бірлігін жарастырып, бір-біріне бауырмал етіп отырған енемнің арқасы деп айта аламын. Сол абысындарды басқаруда енемнің ақыл-кеңесі, орынды сөздері бізге қашанда терең ой салады.
- Абысындар арасындағы татулықты қалай сақтауға болады?
- Кез келген нәрседе ең алдымен жүрек таза болу керек. Ешқандай адамға жамандық ойламаса, әр адамның ниеті таза болса – жасап жатқан, ойға алған жұмыстары алға жүріп, Алла оның ісінің, жоспарларының берекесін береді. Отбасындағы қарым-қатынас та берекелі болады деп ойлаймын. Кейбірінде тума қиеттерден қалыптасқан өзгеріссіз мінездер болады ғой. Егер жанындағы адамы (жолдасы, достары т.б.) кең пейілді, ұстамды, адамгершілігі мол болса, серігінің осал мінезін түсініп, соған қарай ыңғай татынып, арадағы қатынасты суытпайды. Ал, мінезінде осалдығы бар адам да түсінік болса жақсылықтан қапы қалмай, ол да мінезіндегі ұнамсыз қасиеттерінен арылғаны жөн дер едім. Әрбір адамға Алла жанындағы серігін түсінігі, адамгершілігі бар, кең пейілді етіп бергей!
- Ене мен келін арасындағы татулық кімге байланысты?
- Енені сыйлата білу – әр келіннің күйеуіне байланысты деп ойлаймын. Мысалы, менің жолдасым өз анасын өте қатты жақсы көреді, өте қатты құрметтейді. Жанболат үшін өмірдегі ең бірінші адам – анасы. Мен соны көре тұра, енемді қалай сыйламаймын?! Өйткені, болашақта мен де ене болатынымды ойлаймын, екіншіден енеме қандай жақсылық жасасам келінімнен де сондай жақсылық міндетті түрде келетініне сенемін. Сол екі нәрсені келін еске ала отырып және енесіне «күйеуімді, сүйген адамымды өмірге әкелген адам» деп құрметпен қарау керек. Енеңе жасағаның алдыңа келетінін ұмытпаған жөн. Сондай-ақ, ене мен келін ғана емес, мұнда ер азамат та үлкен рөл ойнайды. Өйткені, ұл баланың себебінен келінін сыйламайтын енелер де болады. Кейін келіннен де сый кетеді де, енесімен жақсы қатынаста бола алмайды. Осы орайда ер азамат ене мен келіннің арасын егер суық болса, оны ретке келтіріп, екі жаққа бір-бірінің жағымды тұстарын сөздің орайын тауып айту арқылы әрдайым ақылмен жеткізу керек деп ойлаймын.
- Сөздеріңізден байқасам енемен қарым-қатынастарыңыз жақсы сияқты. Енеңіз жайлы айтып өтіңізші...
- Енем келін түсірген соң, бір аптадай үндемей жүріп, келген келіннің мінез-құлқын бақылап, біліп алады. Содан кейін оның мінезіне қарай сөйлеп, әрекет ете бастайды. «Бұл келіннің қай жерін тәрбиелеу керек, тәрбиенің қай жерінде ақсайды, бұған қалай сөз айтқан дұрыс? Ұрысып айтқанды көтере ме, әлде «қызым саған айтамын, келінім сен тыңда» деп астарлап айтқанды түсіне ме?» деген сияқты жағдайларды енем алдын ала анықтап алады. Енем мені де осылай бақылаған болатын, өзімнен кейін түскен келіндерге де осылай істегенін байқадым. Өте сабырлы, әр нәрсені байыппен жасайды. Егер ашуланса келіндерін ұрысып, бір сілкіп алады. Бірақ мұндайы өте сирек. Өйкені, біз келіндері енемізді ашуландыруға дейін жеткізбейміз. Қазір енді енеміз де қартая бастаған. Осыдан жиырма жыл бұрын енем өте қатал болған, оның көзқарасын келіндер айтқызбай-ақ ұғатынбыз.
- Жазира әпке, жолдасыңыздың бойындағы ерекше қасиеттерін (өзіңізге ұнайтын) атап өтіңізші...
- Жанболаттың бойындағы ең үлкен қасиеті - жоғарыда айтып өткендей анасын қатты құрметтегені. Ол анасының бетіне қарап бір ауыз сөз айтқан емес. Оның осы қасиетін мен қатты жақсы көремін, жоғары бағалаймын. Жанболат осындай болғанда одан туған бала да ата-ананы құрметтей білетініне сенемін.
- Сахнамен қатар үй шаруаларына қалай үлгеріп жүрсіз?
- Мен сахнадан, жол жүруден тағы басқа да нәрседен шаршағанда демалу үшін үй жұмыстарын істеймін. Тамақтар пісіріп, үй шаруаларын атқарып, ойымды өзге арнаға бұру арқылы шаршаған көңілімді тыныштандырып аламын. Сондықтан үйдегі жұмыстар мені шаршатпайды, керісінше мені сергітіп, миым тынығып қалады. Бірақ үй шаруасымен күнде айналысамын деп айтпай-ақ қояйын. Өйткені, біз отбасында үшеу болғанымызбен, өзіміз ғана тұрмаймыз. Үйге келетін қонақтар бар, кейде жұмыс істейтін ағайын-туыс та келеді. Әйтеуір, үйімізден адам үзілмейді. Барлығы да сенімді, жақын адамдарымыз. Жанболат екеуміз де көп балалы отбасынан болғандықтан, көпшілік ортаны, үйімізде де көп адамның болғанын қалаймыз. Сондықтан да есігімізді қаққан адамды төрімізге шығарамыз. Дастарханды да ұзынынан үлкен етіп жайып, жақсы әңгімелерді айтып отырған бізге ұнайды.
- Әйел заты күйеуінің көңілін қалай аулағаны жөн?
- Әр адамның мінез-бітімі әртүрлі ғой. «Былай істеу керек» деп бір ғана қағиданы айту мүмкін емес. Үйленіп отбасын құрысымен көңілін табамын деу оңай емес. Адамды бірден тану қиын, меніңше. Біздің бір-бірімізді танығанымызға 20 жылдан, ал отбасын құрғанымызға 18 жылдан асты. Ал, қазір Құдайға шүкір қалыпқа құйылғандаймыз ғой. Бір-бірімізді ыммен түсінетін уақытқа келдік. Он сегіз жылдан бергі тәжірибемнен қателеспесем, ең бастысы – ер азаматтың еңсесін түсірмеу керек. Қандай жағдайда болсын әйел адамы ер азаматына қолдау көрсетіп, демеу бола білу керек. Жүйкесін жұқартып, көп сөйлеп миын шаршату да ер азаматқа кері әсерін тигізеді. Әйел адамы айтатын нәрсені «жеті рет өлшеп, бір рет кесіп» ретін тауып айтқан жөн. Қисыны келмеген жерде топ еткізіп айта салу ер азаматтың ашуын шақырады. Ер азаматтың көңіл-күйі қандай екеніне де мән беру керек.
- Жалпы, жаңадан бой түзеп келе жатқан бойжеткен қыздарға қандай кеңес берер едіңіз?
- Тұрмысқа шығар алдында қыздар тереңінен ойланып алу керек. Отбасындағы жауапкершілікке жеңіл қарауға болмайтынын қыз күнінде сезіне білгені жөн. «Мен тұрмысқа шығуға дайынмын ба?», «Ата-енеме жақсы тәрбиемді көрсете аламын ба?» деген сияқты сұрақтарды өзіне қойған дұрыс. Сонымен қатар, келін болып түскеннен кейін сол үйдің ішкі тәртібіне ең кемінде үш жыл шыдап, ыстық-суығына төзе білу қажет. Үш жылдан кейін барып, өз сөзін тыңдата алады, сонда олар да келіннің пікірімен санасатын болады. Ал, келін болып босаға аттасымен «менің пікірім мынандай», «мен осындай болғанын қалаймын» деп басқаларды өзінің айтқанымен жүргізуге, келе салып сол үйдің билігін ұстап, басшы болуға тырысқысы келетін келіндерге мұндай мүлде дұрыс емес деп айтар едім. Өзі сол ортаны танып-біліп алғаннан кейін, келін өз пікірін, ақылын ортаға тастаса болады. Сондықтан жаңадан бой түзеп, тұрмысқа шығуға дайындық үстінде жүрген бойжеткен аруларға ең алдымен сәттілік тілеймін. Болашақ жарларын сәтті жолықтырсын!
- Ұлыңыз ержетіп қалыпты. Өзіңіз ене болуға дайынсыз ба?
- Осы сөзді естігенде жүрегім елжіреп кетеді (күліп). Мен әлі ене болмасам да, қолыма түспеген, әлі танымайтын келінімді жақсы көріп, «жаным» деп еркелетіп аламын. Болашақ келінім үйімізге құт әкелетін сияқты. Оны қазірден жылы қабылдаймын. Маған жақсы, ибалы қызды келін етіп бұйыруын Алладан тілеймін. Болашақ келініміз біздің шаңырағымыздың жанашыр мүшесі болғанын қалаймын.
- Алла әрбір істеріңіздің берекесін берсін, арман-мақсаттарыңыз орындалсын!
Сұхбаттасқан: Гүлмарал Молдиярқызы
Сурет: Жазира Байырбекова
Ш. Талап