Өнер жұлдыздары өз жаңалықтарымен бөлісуде.
Сәкен Майғазиев «Асыл ана» күйтабағын жарыққа шығарды
Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының иегері, «МузАрт» тобының әншісі, «Парасат» тобының продюсері Сәкен Майғазиев өнерсүйер қауым назарына «Асыл ана» атты күйтабағын ұсынды. Әншінің жеке ән жинағына өз орындауындағы «Асыл ана», «Арайлым», «Әкешім» т.б.әндері енген. Ерекше дауыс иесі Сәкен Майғазиев күйтабағын «Меломан» дүкендер желісінен алуға болады.
«Алдаспан» тобы якутиялық әнші Юлианамен өнер көрсетті
Әр аптаның демалыс күндері «СТВ» арнасынан көрсетілетін «Акустика. Живой звук» бағдарламасына «Алдаспан» тобы мен якутиялық әнші Юлиана Кривошапкинамен бірге қатысты.
«Юлиана біз сияқты «The Spirit Of Tengri» заманауи этника музыка фестиваліне қатысады. Ол шаңқобызда ойнап, көмеймен қайлап, ән айтады. Бірлесе жасаған импровизациялық шығармамыз тамаша шықты деген ойламыз. Бағдарламаны алдағы күндері тамашалайтын қалың көпшілік өз бағасын берер деген ойдамыз», - дейді «Алдаспан» тобының мүшесі әрі продюсері Нұржан Тойшы.
«V-Alem» тобының әншісі Жалын Тілеуберген фильмге түсті
«V-Alem» тобының әншісі, Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының түлегі Жалын Тілеуберген 16 сериядан тұратын «Десант» фильміне түсті. Белгілі актер, сценарист, режиссер Ержан Рүстембеков пен жоба идеясының авторы Данияр Күмісбаев әскери мамандықтың қыр-сырын, оның қаншалықты жауапты іс, кәделі кәсіп екенін көрсетуді көздеген соң, «Десант» сериалын түсіруді қолға алған. Фильмде Мерей Маханов, Ұлан Болатбеков, Олжас Жақыпбаев, Жалын Тілеуберген сияқты жас актерлер бой көрсетеді.
«Фильмге түсуге кастинг жүріп жатқанын естіген бойда, досыммен бірге бағымды сынап, барған едім. Араға күндер салып, бейнесынаққа қатысуға шақырту алдым. Жолым болып, Талғат рөліне бекітілдім. Түсірілім жұмыстары Қапшағай қаласындағы ҚР Қарулы күштері Аэроұтқыр әскерлердің 35-гвардиялық десанттық шабуылдаушы бригадасының базасында өтті. Нағыз әскери өмірді өз көзімізбен көрдік. Басында қиын болғанменен, кейін етіміз үйреніп кетті. Еңбегіміздің нәтижесін қыркүйек айында республикалық арналардың бірінен көре аласыздар», - дейді жас актер әрі әнші Жалын Тілеуберген.
«ST Brothers» шығармашылығын шыңдауда
Өнер әлеміне бертінде қанат қаққан «ST Brothers» дуэті шығармашылығын шыңдау үстінде. Еліміздегі этно-джаз бағытын дамытуға сүбелі үлес қосуды көздеген ағайынды Серік пен Тохтар Нұрмолдаевтар өз репертуарларының өрісін кеңейтіп, жаңа әндер жазу үстінде.
«Алғашқы туындымыз «Бауырым-әнім» әніне бейнебаян түсіргеннен кейін, ол республикалық арналардан көрсетілді. Таяуда ғана «Мөлдір сезім» әнін жаздырдық. Алдағы күндері бұл әнге де бейнебаян түсіру ойда бар. «Мөлдір сезім» әні де алғашқы әніміз сияқты авторлық шығарма. Қазіргі таңда, жаңа әндер жаздырып, репертуарымызды толықтырудамыз», - деп Серік Нұрмолдаев дуэттің шығармашылық жоспарларымен бөлісті.
Дайындаған: Ғазиза Ұзақ
Суреттер жұлдыздардың жеке мұрағатынан алынған
writeFlash({"src":"https://www.youtube-nocookie.com/v/IpSpnUbT_UA?version=3&hl=ru_RU","width":"450","height":"330"});