Жаздың жайма шуақ күндерін қазақ эстрадасының жарық жұлдыздары қалай өткізуде?! Қалың көпшілікпен бөлісер қандай жаңалықтары бар екен?!
Майра Мұхаммедқызы (Керей) бесік тербетуде
«Шығармашылығымды былай қойып, күндерімді бесік тербетумен өткізіп жатырмын. Бар назарым, бар көңілім қызымда. Кішкентай қызым Аида бес айға толды. Күннен-күнге тәтті қылықтары шығып, айналасын күлкі-думанға бөлеуде. Өзі әкесінен аумайды. Нәзік болғанмен «мінезі» бар. Ара-тұра оны да көрсетіп қояды. Шамасы, мінезі жағынан маған тартқан. Амандық болса, күзге қарай шығармашылығыма ден қоярмын, әзірге сәбиімді әлдилеп жүрмін» - дейді опера өнерінің майталманы Майра Мұхаммедқызы (Керей)
«Алдаспан» тобы күйтабақ жаздыруда
Нұржан Тойшы, «Алдаспан» тобының мүшесі әрі жетекшісі:
«Жаз басталысымен көпшілік демалысқа шықса, біз тәулік бойы жұмыс жасаудамыз. Топтағы жігіттер оқуларын аяқтады. Күндеріміз студияда альбом жазумен өтуде. Көктемде Тұңғыш Президент қорынан күйтабақ шығаруға қажетті грантты иеленген едік, дәл қазір сол күйтабақты жаздыру үстіндеміз. Сонымен қатар, төкпе және шертпе күйлер енген тағы екі альбом жазып жатырмыз. Үш бірдей альбомды тамыз айында жарыққа шығармақ ойымыз бар. Телевизиялық жобаларға қатысуға шақыртулар алдық. Алла қаласа, ол жұмысты күзге таман қолға алмақпыз. Сондай-ақ, қазіргі таңда СТВ арнасының эфирінде өтіп жатқан "SPIRIT OF TENGRI" фестиваліне қатысудамыз. Өнерімізді жоғары бағалайтын тыңдармандарымыз бізге қолдау білдіреді деген сенімдеміз»
«Art-Dala» репертуары толықты
Назым Шегебаева, «Art-Dala» тобының мүшесі:
«Өткен айда Франция астанасы Париж еліне барып, концерттік бағдарламаға қатысып қайттық. Мерекелік кештерде, телевизиялық бағдарламаларға қатысудамыз. Күні кеше Астана күніне орай ұйымдастырылған гала-концертте өнердегі әріптестерімізбен бірге өнер көрсеттік. Шілде айының аяғында Оңтүстік Корей еліне жол жүреміз. Гастрольдік сапарлармен қатар, студияда жаңа шығармалар жаздырып, репертуарымызды кеңейтудеміз»
«Тұран» этно-фольклорлық ансамблі бесікті болды
«Қазіргі таңда шығармашылығымызға үлкен көңіл бөліп, алдағы концерттерге дайындық үстіндеміз. Шілде айының аяғында еліміздің бірқатар өнер қайраткерлерімен бірге Оңтүстік Корея еліне барамыз. Ал тамыз айында Венгрияда өтетін түркі елдерінің құрылтайына қатысамыз. Астана күніне орай жеке концертімізді өткіздік, мерекелік кештерге қатыстық. Өз шығармашылығыма келер болсақ, «Толқын легі» атты жеке күйтабағымды шығарып, тұсау кесер кешін өткіздім. Басты қуанышымыз тобымыздағы Абзал Арықбаев әке атанды» - деп ансамбль жаңалықтарымен жетігенші, әнші-сазгер Қорлан Картенбаева бөлісті.
Қорланнан кейін әке атанған Абзал Арықбаевты «Massaget.KZ» ойын-сайық порталының атынан құттықтап, хабарласып, сұхбаттасқан едік.
- Абзал, бесікті болыпсыз! Құтты болсын! Кішкентайыңыздың бауы берік болсын! Үлкен азамат болып өссін!
- Ай, рахмет, айтқандарыңыз келсін!
- Әке болған қандай екен?!
- Керемет! Тіпті, әсерімді сөзбен жеткізе алмаспын. Тамаша!
- Шекесі торсықтай ұл сыйлаған жарыңыздың қалы-қалай?
- Шүкір, жарым Альбинаның жағдайы жақсы. Аман-есен аяқ-қолын бауырына алды.
- Кішкентайыңыздың есімін қойдыңыздар ма?
- Иә, атын атасы, менің әкем Мирас деп қойды. Ұлым 28 маусым күні дүниеге келді.
- Журналистер күнінде туылған екен ғой..
- (Күлді) Иә, бәлкім, келешекте журналист болып қалатын шығар.
- Сіз үшін өте қуаныштымыз, Абзал! Мирастың бауы берік, ғұмыры ұзақ болғай!
- Әумин, рахмет!
Дайындаған: Ғазиза Ұзақ
Суреттер жұлдыздардың жеке мұрағатынан алынған