- Негізгі бет
- Тұлға
- Жұлдыз ғұмыр...
Жұлдыз ғұмыр
Әлемнің әнсүйер қауымы 25 маусымда 50 жасында өмірден өткен «поп музыка патшасы» – Майкл Джексонның жарқын бейнесін мәңгілік ұмытпайды.
29 тамыз күні аты аңызға айналған американдық әншінің туғанына 55 жыл толды. Поп-музыка патшасы Индиана штатының Гэри қаласында дүниеге келген. Майкл отбасындағы тоғыз ағайындының жетіншісі. Бес жасында «Jackson Five» тобының мүшесі атанып, көп ұзамай бас вокалшының орнын иеленеді. 1979 жылы Майклдың «Off the Wall» атты жеке альбомы шығып, әндері АҚШ мен Ұлыбритания елдерінде үлкен танымалдылыққа ие болады.
1982 жылы «Thriller» атты екінші альбомы жарыққа шығады. Әншінің бұл альбомы адамзат тарихындағы ең көп данамен сатылған диск саналады. Әлем түкпіріне 70 миллион данасы таралған. «Thriller» альбомы Майклдың жеті «Грэмми» сыйлығын иеленуге көмектесті. 1991 Майкл Джексон Sony Music атты компаниямен келісім-шартқа отырып, «Dangerous» альбомын шығарады. Осы қадамының арқасында жарқын жұлдыз шоу-бизнесте өз орнын алды.
«Jackson Five» тобы
Майкл Джексонның ата-анасы мен бауырлары
1968 жылы Jackson Five Motown Records-пен келісім шарт жасасып, I Want You Back, ABC, The Love You Save және I'll Be There секілді атақты хиттерді жазды. 1970 жылдары «Jackson Five» тобының жанкүйерлері азайып, Майкл Джексонның жеке мансабы арта түседі.
«The Wiz» фильм-мюзиклі
1977 жылы Майкл Джексон «The Wiz» фильм-мюзиклінде бағын сынап көріп, атақты композитор және продюсер Куинс Джонспен танысады. Онымен бірігіп 1979 жылы «Off the Wall» альбомын шығарды. Диск АҚШ мен Ұлыбритания елдерінде хит-парадтарының алдыңғы қатарларынан орын алып, ал альбомдағы Don't Stop 'Til You Get Enough композициясы алғаш «Грэмми» сыйлығын алуға көмектеседі.
"Ай жүріс"
1983 жылы «Motown 25 years» шоуында көпшілікке «ай жүрісін» таныстырады.
1987 жылы әнші «Bad» альбомын шығарады. Бұл альбомдағы барлық әндер хит-шерудің алдыңғы орындарына жайғасып, әлемге 29 миллион данамен таралған.
Сол жылы Джексонның өмірі баяндалған «Moonwalker» ("Ай бойымен қыдырушы") кітабы жарыққа шығады.
Жұлдызды әлемге әйгілі еткен композициясының бірі - «Black Or White».
1993 жылы қыркүйекте Мәскеудің үлкен спорттық «Лужники» алаңында Майкл Джексон концертін өткізеді.
1995 жылы жанкүйерлері сүйіп тыңдаған әндерімен аралас жаңа 15 әуен қосылған «HIStory» альбомы жарық көрді. АҚШ-да 7 миллион тиражбен таратылды, ал әлем бойынша 15 миллион.
1996 мәскеулік «Динамо» алаңында өнер көрсетеді.
1997 жылы HIStory — Blood on the Dancefloor тректерінің билеуге ыңғайлы ремикстері пайда болады.
2001 жылы қазан айында «You rock my world» әніне әйгілі актер Марлон Брандоның қатысуымен бейнебаян түсіреді. Осы жылы табысы қоғамдық қорға аударылған What more can I give өлеңін жазады.
2003 жылы «Number Ones» атты альбомы жарыққа шығады. Ішіндегі ең үздік ән де «Number Ones» аталады.
2004 жылы арнайы 5 дискіден тұратын «The Ultimate Collection» мен концерттік бағдарламалары жазылған альбом жарыққа шығады.
2008 жылдың тамызында «King of Pop» атты студиялық альбомы көпшілікке таныстырылады.
2011 жылы қазан айының аяғында Америка соты Майкл Джексонның жеке дәрігері Конрад Мюррейді қастандық жасады деп айыптап, төрт жылға бас бостандығынан айырады.
Әншінің мансап жолында жарыққа шыққан альбомдары 750 миллион тиражды құрайды. Арасында ең танымалы - «Thriller» альбомы.
Майкл Джексонның қоржынында 350 марапат, соның ішінде 15-і «Грэмми» сыйлығы (14 жеке мансап жолында , ал 1 отбасымен бірге «Jackson Five» тобының құрамында болған кезде алған).
Майкл Джексон заманның ең танымал әншісі ретінде Гиннес рекордтар кітабына енген.
Витилиго (денеде ақ дақтардың пайда болуы) ауруына байланысты Майкл Джексон денесіне көптеген пластикалық операциялар жасатады. Оның терісі 1980 жылдары ағара бастайды. Әнші ауруын жасыру үшін, операцияны терісін ағартқысы келетіндіктен жасағанын айтады.
1993 және 2003 жылдары жас жеткіншектерді азғындағаны үшін екі рет сот алдында жауап берген. Бірінші жағдайда айғақтар жеткіліксіздігімен ақталса, екінші жағдайда толықтай ақталып шыққан. Мұнымен қатар бизнестегі серіктестері де бірнеше рет сотқа шағым түсірген.
Әйелі Лиза-Марии Преслимен бірге
Пэрис-Майкл Кэтрин Джексон, Майкл Джозеф Джексон, Бланкет Джексон
Майкл Джексон екі рет үйленген. Алғашқы жары – Элвис Преслидің қызы Лиза-Марии Пресли. Қос ғашық 1994 жылы үйленіп, 1996 жылы ажырасып кеткен. Бірақ жұлдыздар өмірлік дос болып қалды. 1996 жылы медбике қыз Дебби Роуге үйленеді. Бірге тұрған үш жылда екі сәбилері дүниеге келеді: ұлдары – Майкл Джозеф Джексон (1997) және қыздары Пэрис-Майкл Кэтрин Джексон (1998). Үшінші сәбилері 2002 жылы өгей анадан дүниеге келген.
Әйгілі әнші 2009 жылы 25 маусымда небары 50 жасында көз жұмды.
Дайындаған: Қарлыға Бүйенбай
Сурет: mk.ru
Қ. Бүйенбай