– Қазақстанға келем деп қашан шештің? Бұл шешім неге байланысты туды?
– Мажарстан Ғылым академиясының Көне тарих бойынша зерттеулер тобында ғылыми жұмыспен айналысамын және мажардың көне тарихына қатысты шығыстық дереккөздерді зерттеймін. Менің ойымша, бұл тақырыпта жұмыс істеу үшін қазақ, орыс тілдерінде оқи білудің пайдасы мол. Мажардың ертедегі тарихына қатысты деректердің түркі халықтарының тарихы үшін де маңызы зор екені белгілі. Докторлық диссертaциямды (Ph.D) Вена университетінде жазып жатырмын. Қазақ тілін оқуды екі жыл бұрын Дәуіт Шомфаи Қараның көмегімен бастадым. Кейінірек Қазақстандағы Мажар елшілігінен мемлекетаралық келісім бойынша қазақ елінде білім алуға болатындығынан хабардар болдым. Докторантураға құжаттарымды тапсырып, грантын жеңіп алдым. Осы стипендиямен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің түркітану кафедрасында докторлық жұмысымды жазып, ғылыммен айналысып жүрмін.
– Шығыс, оның ішінде Орта Азия сені несімен қызықтырады?
– Будапешттегі Петер Пазмани католиктік университетінің араб тілі және тарих факультеттерін тәмамдағанмын, сол себепті де, шығыстанудан аздап сусындадым. Тақырыбым бойынша зерттеу жүргізу үшін түркі халықтарының тілдері мен тарихын білудің маңызы ерекше деп білемін. Орта Азия түркілері тарихының зерттелмеген тұстары өте көп. Әсіресе, Кеңес Одағы құлаған соң, көп мәселелерді қайтадан қарап, зерделеу керек сияқты. Түркілерге қатысты кейбір сыртқы дереккөздердің оларды «варварлар», яғни жабайылар деп бұра жазғандары бар. Еуразия көшпенді халықтарына қатысты жаңа ғылыми бағыттар көп мәселені пәнаралық көзқараспен, бір емес бірнеше саланың талқысына бірдей салып, қайтадан қарастыруға тырысып жатыр, мұны өте құптаймын. Шығыс дереккөздеріндегі 9-12 ғасырларда өткен араб жаулауының түркі халықтарына әсері, исламның ықпалынан болған өзгерістер қызықтырады. Докторлық зерттеуімнің тақырыбы да – осы.
– Сен үшін қазақ тілі қандай тіл?
– Бала күнімнен тіл үйренуге жақын болдым. Ағылшынша, немісше, арабша еркін сөйлеймін және парсы, латын, грек тілдерін оқыдым. Ана тілім мажар тілі болғандықтан, қазақ тілін үйрену өте қиын тиеді деп ойламаймын. Тілді жаттықтыру мәселесіне келсек, көпшілік орысша сөйлейтін Алматыда бұл мақсатты тез жүзеге асыру оңай емес. Сөздер саны көбірек қазақ-ағылшын сөздігі болса, жаңа сөздерді үйрену үшін көмек болар еді. Қазақ тілі – мен үйренген алғашқы түркі тілі. Қазақтың күнделікті сөйлеу тілінің күрделілігі керемет ұнайды. Тілде халықтың мәдениеті мен ойлау жүйесі анық көрінеді. Сондықтан қазақтілді ортада жүргеніме қуанамын.
– Қазақ мәдениетінің мажарларға ұқсас тұстарын байқаған жоқсың ба?
– Қазақтар мен мажарлардың арасындағы мәдени ұқсастықтарды екі топқа бөлер едім. Біріншіден, көне дереккөздерде «түркілер» деп жазылған мажар мәдениетіне тән белгілер. Оның классикалық мысалы – ат мінген көшпенділердің өмір салты. Екіншісі – кейінгі тарихқа қатысты қабат, яғни қыпшақтар мәдениеті. Оның бір мысалы аттың аяғына салынатын шідердің бір түрі, мажарша ньүг (nyűg), оны «қыпшақ шідері» деп те атайды. Одан басқа ұқсастықтар мол. Мәселен, қазақ келінінің жасау салатын сандығы, біздің Келендье сандықтарына өте ұқсайды. Этнограф емеспін, мұндай ұқсастықтардың мол екені күмәнсіз.
– Саған ұнаған қазақ салты, дәстүрі қайсы?
– Жылқыны өте жақсы көремін. Атқа мінемін, ат үстінде садақ атамын. Сондықтан қазақтардың қыз қуу ойыны қатты ұнайды. Өкінішке қарай, әлі қыз қууға қатыса алмадым.
– Қазақстанда мажар болып өмір сүру сезімі қандай?
– Қазақ елінде мажар болып өмір сүру сезіміңе әртүрлі жағдай әсер етеді. Бізге «туыс» деп қарайтындар көп. Кеңсайда жерленген қыпшақ текті мажар түркітанушысы Иштван Мандоки Қоңырдың есімін қазақтардың көпшілігі біледі. Ол кісі туралы қазақтармен түрлі жерде әңгімелестім. Такси жүргізушісі, тауға саяхаттап шыққан адамдар немесе көшедегі кітап сатушы да түркітанушы ғалым туралы білетін болып шықты.
Қазақтар – бауырмал халық. Менің мажар екенімді білсе, олардың маған ықыласы тіптен ерекше. Байқағаным, қазақша сөйлегенім қазақтарға ұнайды, кейде тіпті күтпеген жерден қонаққа шақырып жатады.
Сұхбаттасқан
Раушангүл ЗАҚАНҚЫЗЫ,
Будапешт – Алматы, «Айқын».