Бүгін Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, танымал әнші Жұбаныш Жексенұлымен сұхбат құрудың сәті түсті. Massaget.kz оқырмандары үшін уақыт бөліп, әдемі әңгіме айтқан ағамыздың сұхбатын оқып көрейік.
– Біз тыңдағымыз келетін әнді айтқыңыз келе ме, әлде өзіңіздің айтқыңыз келетінді айтасыз ба?
– Өзімнің айтқым келетін әнді айтқым келеді.
– Неге? Сонда тыңдарманның не тыңдағысы келетініне мән бермейсіз бе?
– Неге мән бермеймін? Егер мен өзім айтқым келмейтін нәрсені халық тыңдағысы келсе, мен ол үшін қиналғым келмейді. Әнді халыққа өтетін және өтпейтін ән деп екіге бөліп алып жатырмыз. Бірақ енді халыққа өтеді екен деп кез келген әнді айта бермейміз ғой? Мысалы халыққа өтеді деп қарақалпақтардың әлгі «Бара алмадым қасыңа» деген секілді әндерін айта бермеймін. Тіпті маған біреу келіп «осындай ән («Бара алмадым қасыңа») айт, миллиардер боласың» десе де, айтпас едім. Ол менің деңгейімдегі ән емес. Халық сүйіп тыңдайтын да әндерім жоқ емес. Ән бірінші өзіме ұнауы керек. Әйтпесе оны қалай айтамын? Әйткенмен өзіме ұнамаса да тапсырыспен орындауға мәжбүр болған кездерім де болды.
– Сіз – өнер адамысыз. Сізде де шығармашылық тоқырау сияқты кездер болатын шығар...
– Ондай кездер болады. Талай болған.
– Дәл қандай шақтарда болады және қанша уақытқа созылды?
– Менде мұндай кездер радиодан кім көрінген ән шырқап жатқан кезде, өзі айтып жатқан әннің авторын білмесе де аузын жыбырлатып жатқан кезде болады. Олар тіпті әннің не туралы екендігін де, шығу тарихын да білмейді. Егер үңілсе, білер еді. Бірақ үңіліп қарауға өресі жетпейтін адамдар қазақ эстрадасында қаптап жүргенін шын сезінген кезде, мүлде ән айтуды қойғым келіп кетеді. Осындай сәтте өзіме-өзім «Мен не істеп жүрмін? Мен не үшін ән айтып жүрмін?» деген сұрақ жаудырамын. Мен олармен бәсекелессем де болар еді. Егер жан-жағымның бәрі сауатты әрі таудай биік болса, онда сондай әншілермен бәсекелескеннің өзі қызық.
Музыкаға қатты беріліп, күні-түні студиядан шықпайтын кездерім де болды. Бірақ қазір эстрадада түрлі жәйттар болып жатыр ғой. Өнерге көлденең кіріп кеткендер көңілімді қалдырды. Мен дәл қазір сондай жағдайда жүрмін деп айта аламын. Қазір ән айтуға ұялатын да болып жүрмін. "Басқа жұмыс жасасам қалай болады?" деп те ойланамын. Әйткенмен әзірге менің қолымнан басқа жұмыс келмейтін сияқты. Сондықтан ән айтып жүре тұрамын. Бірақ ертең дұрыс жұмыс шығып жатса, сол жаққа кетіп қалуым әбден мүмкін.
– Әлеуметтік желілердегі «Жұбаныш Жексенұлылардың» қайсысы өзіңізсіз?
– Мен ешқандай әлеуметтік желіде жоқпын. Тіпті оның не екенін де түсіне бермеймін. Интернет арқылы сценарий алу, сурет жіберу деген жұмыстарға ұлдарым көмектеседі. Хат алмасу үшін де солардың жәрдеміне мәжбүрмін.
– Журналистер тарапынан сізді қандай сұрақтар мезі етеді?
– Қазіргі журналистердің сауаттылығына өте күмәнмен қарайтын болдым. «Мен» деген басылымдар мен телеарналарда және радиода жұмыс жасайтын біраз журналистерді танимын. Бірде бір журналист өнер тақырыбында қызу әңгіме айтылып жатқан сұхбат алаңында маған «Сіз әйеліңізді қызғанасыз ба?» деп сұрақ қойды. Осы сұрақ мүлде ұнамады. «Әрине, қызғанамын. Шошқадан басқаның бәрі жұбын қызғанады ғой. Шошқаға қарағанда, мен дұрыстаумын ғой» деп жауап бердім. Одан соң қайтадан өнер жайлы салмақты тақырыпты қозғап кеттік.
Артынша сол басылым суреттерім мен сұхбатымды жариялап, оған «Мен әйелімді бір кісідей қызғанамын» деп тақырып беріп қойыпты. Бұл деген нағыз масқара ғой? Оларға қатты ренжідім. Тіпті ренішімді өздеріне де білдірдім. Жетіп тұрған өресі сол шығар. Осындай тақырыппен сұхбатты халыққа өткіземін деген оймен жасап тұр, әрине. Оларға менің өнер жайындағы ойым емес, әйелімді қызғанатыным не қызғанбайтыным қызық болып тұр. Содан бері журналистерден көңілім қалып кетті.
– Сұхбатыңызға рақмет, аға! Massaget.kz ұжымы атынан мына бір сыйлығымызды естелік ретінде қабыл алыңыз!
Сұхбаттасқан: Ақерке Әбілхан
Сурет: Ақерке Әбілхан