10 тамыз күні Түркістан облысы, Ордабасы ауданында жазушы-драматург, қоғам қайраткері Дулат Исабековтің кітапханасы ашылды. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады. Салтанатты жиынның ашылу салтанатына ҚР Жазушылар одағының мүшелері, белгілі ақын-жазушылар, зиялы қауым өкілдері қатысып, сөз сөйлеп заңғар жазушыны құттықтады. Қасыбек Иса, Қасымхан Бегманов, Құлбек Ергөбек, Бексұлтан Нұржекеев, Мархабат Байғұт, Еркінбек Тұрысов сияқты елімізге белгілі тұлғалар жылы лебіздерін білдірді. Кітапхана әрі мұражай есебінде салынған ғимаратта жазушының кітаптары және марапаттары, шығармашылығы мен жеке өміріне байланысты түрлі бұйымдар бар. Сонымен қатар, шығармашылықпен айналысуға арналған заманауи үлгідегі жұмыс үстелі және демалатын жеке орын тағы бар. Кітаптар сөресінде қазақ және әлем әдебиетінің түрлі жауһарлары бар. Кітапханаға 2500 кітапты жазушының өзі табыс еткен. Болашақта олардың қатары арта бермек. Бұл кітапхана тек Ордабасы ауданының тұрғындарына ғана емес, сонымен қатар ауданға келген қонақтарға да жұмыс жасайды. Жиынның соңында Дулат Исабеков келген қонақтарға, әріптестерге, оқырмандарға алғыс айта отырып, осы шығармашылық үйде әлі талай тың дүниелер жазатынын жеткізді. Естеріңізде болса, Дулат Исабеков атамыз сайтымыздың Айна бағдарламасында қонақта болды. Сөз өнерінің қадір-қасиетін терең ұғынған хас суреткер әңгімесін жазуға деген іштегі құпия арманның қалай пайда болғаны туралы естеліктерден бастаған еді. Сұхбат екі бөлімнен тұрады. Қарап көріңіз!