Журналист деген статусты ала салып, әрлі-берлі шапқылай беріппіз. Сол өткен 2-3 жылдың өзінде (асып-таспай айтсақ А.Қ.) бұл мамандықтың қыры мен сырын танып келдік. Машақаттанып жаза беру бір басқа да, оқырманға жеткізу әдістері мен формалары бір басқа әңгіме. Анығын айтсақ, фототілшілердің өнері өте бір қызық әрі қиын жол.
Мұның ішінде жас фотограф Серік Өтегенұлының шығармашылығы мен жеке біліктілігін айтып өтуге болатын шығар. Серік қазірде «Ашық алаң» газетінің фототілшісі қызметінде. Бір ғана сәтке – өмірдің өзін сыйғыза салатын маман иегерлері әрқашан да қоғамды бейнелеген. Қалтарыс-бұлтарысын айнытпай ой арқалататын өнер иесінің өз өмірі мен шығармашылығын алдарыңызға өзі ұсынсын. Сұхбат – көпшілігіңізге қызық болады деген ойдамыз.
«Суретке түсірер алдында да, түсірген соң да ойлану керек,
ал түсіріп жатқан сәтте болмайды»
Анри Картье-Брессон
– Серік, фотографияны таңдаудағы мақсатыңыз не? Әлде бұл бала кезден бергі арманыңыз ба еді?
– Фотография арманым да, мақсатым та болған емес. Студент кезімде қызығушылықпен өзіме кәсіби фотоаппарат сатып алдым. Барлығы осыдан басталды. Көшеде, сабақта, жүрген жерлерімде қызықты жайттарды, кейде Республика сарайында, Жазушылар одағында өтіп жатқан іс-шараларға өз бетімше барып, суретке түсіріп жүретінмін. Сондай жерлерде қолына фотоаппарат ұстаған газеттердің фототілшілерін (қазіргі әріптестерімді) көріп тұратынмын. Осындай іс-шаралардың бірінде Асылхан Әбдірайымұлы ағамызды көрдім. Ол кісіні «Жас алаш» газетіндегі «Асылханның фотосы» деген атпен және «Фотоөнер» бетінен танитынмын. Сол жерде ағамен амандасып, фотоға қызығатынымды және фото түсіруді үйренгім келетінін айттым. Асылхан аға мені сол күннің ертесіне жұмысына шақырды. Сосын білгенін айтып қолында барын беріп көмектесіп жүрді. Міне сол кезден бастап ол кісі маған фотографиядағы және өмірдегі де ұстазым болып келеді.
Фотографияға деген қызығушылығым мені фотожурналистикаға алып келді. Фотожурналистикадағы алғашқы қадамым 2009 жылы «Жас қазақ» газетінен басталды.
"Аламан бәйге"
– Қазір елімізде бұл сала қаншалықты керек? Деңгейі қандай және қаншалықты жұмыстар жасалып жатыр?
– Қазіргі таңда бұл саласыз өмірді елестетудің өзі қиын. Салт-дәстүрді, туризмді насихаттауда, жарнамада және қазіргі кезде кең таралып келе жатқан фотосаяхат саласында оның алатын орны ерекше. Сондай-ақ, еліміздің тарихында фотошежіренің маңызы өте зор.
Деңгейіне келсек, Еуропа елдерімен, Қытай, Ресей, тіпті Өзбекстан Республикасымен және т.б. мемлекеттермен салыстырғанда, анағұрлым төмен тұр. Бізде жекелеген кәсіби, тәжірибелі фотографтар бар болғанымен, республикалық деңгейде жұмыс жүргізетін, насихаттайтын ұйымдар жоқ. Бүкіл республика бойынша бірде-бір жоғарғы оқу орнында фотосуретші немесе фототілші мамандығын дайындайтын кафедра жоқ. Тек санаулы ғана оқу орындарында фотожурналистика пәнінен дәріс беріледі. Осының өзі еліміздегі фотографияның қаншалықты деңгейде екенінін байқатады.
Осы ретте 2010 жылы Асылхан Әбдірайымұлының бастамасымен, баспасөзде жұмыс істейтін фототілшілер бірігіп «ФОТОӨНЕР» қоғамдық бірлестігін құрған едік. Бірлестіктің басты мақсаты – еліміздегі фотографияның деңгейін көтеру, жастарды осы салаға дайындау.
Құрылғаннан бастап бірлестік фототілшілердің басын қосып, оларды ел мүддесі үшін жұмыс істеуге шақыруда. Бұл ретте 30-дан аса фотосуретшінің басын қосқан «Тәуелсіздік тағылымы», ардагер фототілші ағамызды еске алуға арналған «Қайрат Мұстафин – 80» атты фотокөрмелер мен еліміздің табиғатын, салт-дәстүрін дәріптеу мақсатында «Қызғалдақтың отаны – Қазақстан», «Шәлкөде – елдің жайлауы» атты фотосеминар әрі тәжірибе алмасу фототүсірілімдері өтті.
«Шәлкөде – елдің жайлауы» жобасында еліміздің әр аймағынан, Алматы мен Астанадан және Моңғолия мен ҚХР-дан кәсіпқой фотосуретшілер келіп, үш күн жайлауда жатып, әрі сол өңірдің тыныс-тіршілігі мен табиғатын фотоға түсіріп, бір-бірімен тәжірибе алмасып қайтты. Алдағы уақытта осы түсірілімнің фотокөрмесін өткізу ойда бар.
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің журналистика факультетінде Асылхан Әбдірайымұлы фотожурналистика пәнінен студенттерге дәріс береді. Жақында осы факультетте баспасөзде істейтін фототілшілер мен студенттердің кездесуі өтті.
Бұдан бөлек, ардагер фототілшілеріміздің осыдан 60-70 жыл бұрын түсірген еңбектерін жинақтап, баспадан фотоальбом шығару жоспарлануда. Бұл альбомда еліміздің әр салада қызмет еткен ғалымдарының, өнер иелерінің, спортшыларының және т.б. көптеген ұлы тұлғалардың суреттері жинақталған.
"Арғымақ"
"Ғашықтар"
Сондай-ақ, ҚХР-да фотография саласынан профессор атағы бар Түсіпбек Сләмқұлұлының «Фото өнерінің 100 сұрағы, 100 жауабы» атты кітабы төте жазудан аударылып жатыр. Алла қаласа, көп ұзамай фотосүйер қауымның қолына тиеді деп ойлаймыз.
Азды-көпті атқарылып жатқан осындай жұмыстар уақыты келгенде өз жемісін беріп, елімізде өзге өркениетті елдердегідей Фотосуретшілер одағы құрылып, ел мүддесі үшін жұмыс істейді деген сенімім мол. Бұл орайда қолымыздан келгенше өз үлесімізді қосуға тырысамыз.
– Фототүсірілім кезінде шабыт қалай келеді? Әуесқойлық пен кәсібиліктің арасында қандай айырмашылық бар?
– Бір сәттік кадрды түсіру үшін ерінбей, оның бірнеше нұсқасын түсіріп көру керек. Фотосуретшілер де өзге шығармашылық адамдары секілді еңбегінің сәтті шығуынан ләззат алады және сол ләззат оларды алдағы уақытта да іздене түсуге жетелейді. Нағыз фотограф үшін сәтті жасалған бір кадрдың өзі үлкен жетістік және біраз күнге «азық». Аз да болса саз шыққан кадрдан көңіл-күйің көтеріліп, шабыттанып кетесің. Ал егер сол дүниең баспасөз беттеріне жарияланғанда немесе фотокөрмеден орын алып, көпшіліктен мақтау естісең, тағы бір марқайып қалатының рас. Еңбегіңнің осылайша еленуі келесі шығармаларыңның сапалы бола түсуіне көп ықпал етеді.
Ал әуесқойлық пен кәсібиліктің айырмасына келсек, кәсіпқойлар – өмірін фотоға арнаған жандар. Олар фотография деген үлкен саланың ішінен фотожурналистика, спорт, табиғат, шоу-бизнес, кала, түнгі көрініс және т.б. түрлі бағыттарды таңдап алады және сол бағытта ізденеді.
Ал әуесқойлар фотоға күннің батқаны мен таңның атқанын жалықпай күтетін кәсіпқойлар сияқты ден қоймауы мүмкін. Олар өздері немесе өзгенің түсірген суретінен ләззәт алушылар. Көпшілігі жүрген жерлерінен естеліктер қалдыру үшін де фотоға қызығады. Дегенмен әуесқойлар да елдегі фотоөнердің дамуына бей-жай қарамауы мүмкін. Оның үстіне бүгінде фотоға қызығушылар саны күннен-күнге артып келеді.
– Суретке түсіру өнер ме, әлде хобби ме?
– Өнер деп те, хобби деп те айтуға болады. Меніңше, хоббиге қанағаттанбаған адамдар өнерге бет бұрады. Өйткені фотоны өнер ретінде алып жүру оңай шаруа емес. Басқа салалар секілді бұған да көңіл бөліп, іздену керек.
– Фототілші болудың қыр-сыры мен қызығын айтып берсеңіз?
– Меніңше, өз саласына жан-дүниесімен берілген маман үшін сол саладан қызықты ешнәрсе жоқ. Күнделікті оқиғаларды, қоғамның тыныс-тіршілігін, қала мен ауылдың, табиғаттың әсем көріністерін тарихқа дәл сол қалпында қалдыратын фототілшілер өз мамандығын мақтан тұтады деп ойлаймын.
Бұл сала үнемі қозғалысты талап етеді. Күнде жаңа бір тақырыпты түсіргің келіп тұрады. Жұмыстан тыс уақыттарда кейде түнгі қаланы, кейде жауыннан кейінгі керемет көріністі түсіріп, демалыс күндері табиғат аясында әрі демалып, әрі фотоға лайықты кадр іздеп жүресің. Осының өзі – үздіксіз шығармашылық, тынымсыз ізденіс, ләззат сыйлайтын жұмыс.
Әңгімелескен: Ардақ Құлтай
Сурет: Серік Өтегенұлының жеке мұрағатынан