- Негізгі бет
- Тұлға
- Жәркен Бөдешұлы: "Сөйтіп,...
Жәркен Бөдешұлы: "Сөйтіп, мені "Жәркен жырау" атандырып жіберді"
Белгілі ақын Жәркен Бөдешұлының әр жылдары БАҚ беттеріне берген сұхбаттарында айтқан әдебиет, өнер, өмір туралы ойларын жариялауды жөн көрдік.
***
Мен жазайын деп жазбаймын. Кейде өміріңе, тағдырыңа байланысты аяқ астынан ой келеді. Кейде көлікте отырған да не басқа бір жұмыспен айналысып жатқаның да өлең келе қалады. Мен сол кезде оны миыма тоқи беремін. Кейін үйге келіп қағазға түсіріп аламын. 10 шумаққа дейін есімде сақтай аламын, егер өлең 10 шумақтан көп болса ары қарай есімде қалмайды. Ал үйде жүргенде ана бөлмеде бір-екі шумақ, асүйде екі-үш шумақ, мына бөлмеде үш-төрт шумақ қалады. Әбден болды-ау дегенде үйдегі апаң оны жинайды.
***
Есенбай Дүйсенбаев деген ағам болды. Марқұм боп кетті. Сол кісі мен туралы үлкен мақала жазды. Мақалада: "Жәркен жыраулық поэзия мен қазіргі поэзияны жалғастырушы" деді. Сөйтіп мені "Жәркен жырау" атандырып жіберді. Мұны мен мақтаныш үшін айтып отырғаным жоқ. Жолдастарымның маған деген ықыласын жеткізіп отырмын. Қайбір жылы одақта кешімді өткіздім. Осылай уақыт деген заулап өте береді екен.
***
Мені жақсы көретін жас ақындар көп. Солардың біразын оқимын. Оқығанда іздеп жүріп емес. Газетке басылғандарын кәдімгідей ашып отырып оқимын. Қарап отырып: "мынау мынандай жазатын, анау анандай жазатын ақын екен ғой" деп ой түйемін. Ал жекелеген кезде "сенен мықты, сенен басқа ешкім жоқ" деп бөліп-жарып айта алмаймын. Бәрі қатарлас, үзеңгі қағыстырып шауып келеді. Олар маған тұлпарлардың жарысы сияқты елестейді. Соған сүйсінемін. Поэзия сонымен дамиды. Жастардың жақсы жағы тек қана қазақ не орыс поэзиясынан ғана емес, әлем поэзиясынан да хабары бар. Және аудармадан да.
***
Отанды сүю кіндік қаның тамған жерден басталады. Соны сағынған кезде қазақтың ерлігі, өткен кеткенінің бәрі еске түседі. Сондықтан сағыныш бәрін алып келеді. Поэманы да, романды да алып келетін сағыныш. Сағынышы жоқ ақын қалам ұстамаса да болады. Менің тұла бойым сағыныш. Жайыртау деген жерде тудым. Адамның жасы ұлғайған сайын туған жерін қатты сағына бастайды екен. Туған жеріңді қатты сағынғанда, ол сені күндіз күлкіңнен түнде ұйқыңнан айырады екен. Сағынып түс көресің, сағынып өлең жазасың. Мені ақын еткен туған жерім. Соның ауасы, топырағы.
***
Әркімнің өз тағдыры болады. Егер менің өлеңім басқа ақындарға ұқсамай жатса тағдырдың ұқсамауынан деп біл. Содан кейін менің туған әкем Қызыр деген кісі. Оның туған ағасы Бөдеш дейтін кісі болған. Мен туғанда сол кісінің қойнына сап берген екен. Солай Жәркен Бөдеш атанып кеттім. Туған әкем мектептің ғылыми мүдірі. Оқымаған кітабы жоқ. Сол кісінің қасында қалқиып отырып өлеңнің не екенін, жыраулықтың не екенін білдім.
***
Құдай қалай жаратты, солай өмір сүріп келе жатырмын. Өтірік айтқан, біреуге жалынған және өзгеге жәбір көрсеткен кісі емеспін. Менің өлеңдерімнің кейбір жерлерін жол-жолымен "ұрлап", өзінің өлеңі етіп көрсетіп жүргендер бар. Оны білсем де "бұл менің өлеңім еді" демедім. Мұны әлгі адамның қаламына менің жазғандарымның тигізген әсері деп қана түсінемін және ол ақынға еш кек сақтамаймын. Өзім кейде ағыл да тегіл сөйлеп кетемін. Енді бірде өз-өзіммен қаламын. Кейде адамда бәрінен шаршау болады екен. Одан құтқаратын тек қана поэзия. Поэзия түсінген адамның бәрінің туысы.
***
Біз бүгінде барлық іс-әрекеттерімізді ұлттық идеологияға негіздеуіміз керек. Неге біз қазақ поэзиясы туралы сөз бастағанда, арыға баруға еріншектік танытып Абайдан бері тарата саламыз? Демек өзіміз көкжиектің арғы жағына үңіле бермейтін болғанымыз ғой. Қазақтың Қазтуған, Доспамбет, Мұрын, Ақтамберді сынды жыраулары қай ұлтта бар екен?
Т. Раушанұлы