- Негізгі бет
- Тұлға
- Жанна Орынбасарова: ...
Жанна Орынбасарова: "Халықтың көз алдында емес, жүрегінде болсам деймін"
Жанна Орынбасарова – әнші, продюсер, жақында болатын "Астана жұлдызы" ұлттық музыка бәйгесінің музыкалық продюсері. Бүгін ол бізге атышулы осы шара жайлы айтып, өзінің ойларымен бөліспек.
– «Астана жұлдызы» ұлттық музыка бәйгесінің елімізде бұрын-соңды болған музыкалық байқаулардан айырмашылығы қандай? Ол еліміздегі басты музыкалық жүлдеге айнала ала ма?
– «Астана жұлдызы» шарасы сөзсіз бұрын болған музыкалық байқаулардан ерекшеленеді. Бұндай бәйге Қазақстанда алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Жұмыс өте ауқымды, өте көп болды, ол әлі де жалғасуда. Бұл шара жарыс, сайыс, байқау емес, бәйге, сыйлық ретінде болады. Яғни өзінің өнерімен, дарынымен, еңбегімен ерекшеленген жұлдыздар өзінің өнер жолындағы еңбегі үшін бағаланады. Осыған байланысты бәйгеге қатысатындарға да, оларды бағалайтындарға да «Астана жұлдызы» ұлттық музыкалық бәйгенің ерекшелігін түсіндіріп жеткізуге тура келді. Бұл бәйге кәсіби дәрежеде өткізіледі. Мысал ретінде, батыстағы «Грэмми» байқауын келтіруге болады. «Астана жұлдызы» келесі жылдары жалғасын тауып, уақыт өте ең белді сыйлыққа айналады деп сенеміз.
– Байқаудың мақсаты не? Оны ұйымдастыруға не түрткі болды?
– Қазірде ашық мүмкіндіктер уақыты. Кімнің мүмкіндігі болса, сол теледидар мен радиодан жиі көрініп, естіледі, сол танымал болады. Бірақ олардың сапалылығы екінші рөлде қалып қояды. Біздің мақсат – осы байқау көмегімен халықтың музыкалық талғамын жоғарылатып, сапаға деген құштарлығын ашу. Ал әншілер мен орындаушыларды өз өнерін шыңдауға талпындырып, оларды жаңа деңгейге көтергіміз келеді.
Бәйге Астана қаласы әкімдігінің бастамасы бойынша іске асырылып отыр. Шара Астана күнінің 15 жылдығымен тығыз байланысты. Соңғы 15 жыл – біздің елдегі музыка өнерінің шыңдалып, жанданған кезі. Осыған байланысты байқауда 15 аталым тағайындалды.
– Байқауға қатысушылар қандай талаптар бойынша таңдалды?
– Басты талап орындаушының соңғы 1,5 жылда музыка саласында белсенді болуы. 350 үміткер 15 аталым бойынша сұрыпталды. Әр орындаушы жайлы материалдар жинап, оны әділ қазыларға ұсындық. Қатысушыларды таңдағанда өзіміздің жеке талғамымызға сүйенбедік, мысалға қатысушылар арасында мен бұрын-соңды естіп-көрмеген орындаушылар да бар.
«Астана жұлдызы» ұлттық музыка байқауында қазылар ретінде біздің шоу-бизнесте танымал 100 сарапшы болады. Кәсіби мамандар қатарында мәдениет қайраткерлері, әншілер, сазгерлер, радио және тележүргізушілер, фэшн индустрияда танымал адамдар бар. Оларды бәрі таниды, бәрі оларға сенеді, сондықтан қазылар жұмысы мөлдір, әділ болатындығына еш күмәніміз жоқ.
– Жалпы өнерде әркез теледидарда, сахнада, газет-журнал беттерінде жүрген жұлдыздар болады. Ал басқалары жиі көрінбей-ақ өнермен айналысады. Сіз екіншілердің қатарына жататын сияқтысыз. Өзіңіз осы жайлы не ойлайсыз?
– Мен сонау 1998 жылғы «Жас Қанаттан» бастап өнер жолындамын. Менің әндерім шығып, бейнебаяндар түсіріліп отырады. Алайда мен халықтың мазасын алып, қайта-қайта көзге іліне бермеймін. Менің қарқыным тез емес, алайда қадамымды нық басамын. 15 жыл бойы мені танып, сүйіп қалғандар да аз емес. Сапалы музыка жасап, сапалы бейнебаян түсіруге тырысамын. Халықтың көз алдында емес, жүрегінде болсам деймін.
Мен де осы «Астана жұлдызы» ұлттық музыка байқауына қатысамын. Жоспарда Алматыда күздің соңында концерт өткізу бар. Осындай керемет шараларға продюсер болу мен үшін үлкен құрмет. Сапалы музыкаға қатысты әр шараға үлесімді тигізгім келеді.
– «Астана жұлдызы» ұлттық музыка бәйгесіне басты қонақ ретінде не үшін Джамаланы таңдадыңыздар?
– «Астана жұлдызы» бәйгесіне қатысушылар, қазылар, барлық қонақтар үшін музыкалық мереке болмақ. Солардың көңілінен шығу үшін барынша жан-жақты, дарынды әртісті іздедік. Таңдау Джамалаға түсті. Бұл украиндық әнші джаз, соул, классика және басқа стильдерді үйлестіре отырып, өзінің керемет туындыларын орындайды. Ол әр әнді өзінің стиліне бейімдейді. Джамала сахнада әнші, биші, әртіс болып, өзінің орындауынан нағыз шоу жасайды.
– Біздің отандас орындаушылар түрлі халықаралық байқауларға қатысуы жайлы не айта аласыз?
– Біріншіден бұл сайыстардың барлығы жас дарынды орындаушылар үшін үлкен ынталандыру. Осы сайыстарда жақсылардың ішінен үздіктер алынады. Олар әндерін жанды дауыспен орындап, халықаралық сахнаның талаптарына үйренеді. Біздің отандастар осындай сайыстарға барынша көп қатысу керек. Шет елден сапаны үйреніп, елге қайтқанда сол дәрежеден түспеуі керек. Қазақстан – таланттарға бай ел. Тек оларды үйретіп, демеу беріп отыру керек.
– Ал сіздің өзіңіздің оқушыларыңыз бар ма?
– Өзімнің оқушыларым жоқ, шәкірт алу, біреуге продюсер болу жайлы әлі ойланып көрмеппін. Алайда соңғы кезде көптеген жас таланттар көңілімнен шығуда. Болашақта бұл сұрақты қолға аламын деп ойлаймын. Әзірге мен тек өз-өзіме продюсермін. Жалпы бізде продюсер мен әртістің қарым-қатынасы реттелген емес. Олар бір-біріне қалтықсыз сеніп, әркім өз ісімен айналысуы керек.
Келе жатқан шара үшін қатты уайымдап жүрмін, алайда бәрі ойдағыдай өтеді деп сенемін. Бұл жерде көп сұрақ әртістерге, сенімге байланысты, бұл жоба мүлдем коммерциялы емес. 5 шілде күні Астанада өтетін гала-концертте қызыл жол, сәнді көйлектер, лимузиндар, әдемі концертті бағдарлама, нағыз шоу болады. Сыйлық ретінде жүлдегерлерге арнайы жоғарыға бағытталған жұлдыз беріледі. Бұл сыйлық әншінің танылуы, еңбегінің бағасы болмақ. Жүлде отандық музыканы жаңа сатыға көтеруі тиіс.
Сұхбаттасқан: Сания Аринова
С. А