Жак Фреско – тарихтағы танымал футурологтың бірі, ғаламдық өркениет құру идеясынан тұратын "Венера" жобасының авторы. Еңбек жолын авиаинженериядан бастаған ғалым саналы ғұмырын сыни ойлауға, технология жобаларын жасауға арнаған. Соның арқасында "Венера" атты әлеуметтік инженерия жобасын жасап шыққан.
Футурологиялық жоба
"Венера" жобасы – адамзаттың барлық саласындағы ғылыми жетістіктерді пайдалана отырып, жаппай автоматизацияға қол жеткізу арқылы дүниежүзілік ресурстық экономиканы құрып, тұрақты, дамушы, бейбіт ғаламдық өркениетті қалыптастыруды мақсат тұтқан жоба.
Жобаны Жак Фреско мен оның көмекшісі Роксана Медоуз екеуі құрған. Жак Фресконың айтуынша, "Венера" жобасы – адамзат болашағының көрінісі, қоршаған орта мен жоғары технологияның үндескен үлгісі, тұтас әлеуметтік-экономикалық жүйе. Қазіргі нарықтық экономикадағыдай пайда мен табыс табуды емес, ғылым мен технологияны жалпыадамзаттық салаға, оның әл-ауқатын көтеруге жұмылдыру идеясын мұрат етеді.
Ғалымның пікірінше, табыс пен пайда табуға құрылған экономика жер бетінің байлығы мен табиғи ресурсын оңды-солды шашуға, ақырында оның таусылуына әкеледі. Кез келген бұйым мен затты ұзақ уақыт бойы сынбайтындай, бұзылмайтындай етіп жасауға болады, оған ғылым мен технологияның күші жетеді. Алайда нарықтық экономикада зат пен бұйымды ұзақ шыдайтындай етіп жасау тиімсіз, өйткені кәсіпкерлерге үнемі табыс пен пайда әкелетін тауар керек.
Мәселен, қазіргі көлік индустриясын мысалға алып көрейік. Ел арасында қазіргі көліктерді инженерлер емес, маркетологтар жасайды деген түсінік бар. Бұл тегін емес. Өйткені қазіргі автоөндіріс өкілдері көліктерді белгілі бір уақытқа дейін ғана қызмет ететіндей етіп шығарады. Уақыт жақындағанда, көлік бұзылып, бөлшектері істен шығады. Өйткені нарықтық экономикаға тауар мен өнімнің табыс әкелгені қажет. Үнемі сынатын, істен шығатын өнім табиғи байлықты бей-берекет пайдалануға мәжбүрлейді. Бұлай болмас үшін түрлі салаға ғылыми өндірісті енгізіп, тауар мен өнімдерді ұзақ қызмет ететіндей қылып жасаған абзалырақ.
Фресконың дерегінше, егер әлемдік байлықты дұрыс жүйелеп, ақылмен қолданса, жер бетінде 10 млрд адамды емін-еркін асырауға болады.
Ресурстық экономиканы енгізу арқылы қылмыс пен кедейліктен, аштық пен індеттен арылуға болады. Сондай-ақ, қоршаған ортаны ластамай, энергия мен қуат өндірудің балама түрлерін қолданып, экологияны сақтауға мүмкіндік көп. Мәселен, Жактың айтуынша, Гольфстрим жылы ағысын пайдаланып, адамзаттың миллиондаған жылға жетер энергиясын өндіруге болады. Мұнай мен көмір арқылы энергия өндіруден әлдеқайда таза.
Қазір "Венера" жобасының АҚШ-тағы Флорида штатында салынған құрылысы бар. Оны жобаға қызыққандар барып көріп, заманауи құрылыстың үлгісімен таныса алады.
Жобаның мақсаттары
"Венера" жобасының ресми сайтында ғаламдық қозғалыстың мақсаты келесідей деп көрсетілген:
1. Жер бетінің табиғи байлығын адамзаттың меншігі деп тану.
2. Мемлекеттік шекараны алып тастап, біртұтас жаһандық мәдени-экономикалық орта құру.
3. Ақшаға негізделген ұлттық экономикадан дүниежүзілік ресурстық экономикаға көшу.
4. Білім беру деңгейін көтеру мен туу көрсеткішін бақылау арқылы жер беті халқының санын реттеу.
5. Қоршаған ортаны қалпына келтіру.
6. Қала мен транспорт жүйесін, ауыл шаруашылық пен өндіріс саласын энергия үнемдеуші, экологиялық жағынан таза жүйеге ауыстыру. Бұл бүкіл адамзат қажеттілігін қанағаттандыра алады.
7. Корпорация, билік (жергілікті билік, мемлекеттік билік, аймақтық билік) сынды басқару формасынан біртіндеп бас тарту.
8. Технологияны адамзат игілігі үшін дамыту. Соғыс пен басқа да залал келтіруші қарудан бас тарту.
9. Баламалы энергия көздерін қолдану.
10. Адамзатқа ортақ сапасы жоғары азық-түлік өнімдерін шығару.
11. Құрылыс жобаларын қоршаған орта мен экологияға зиянын тигізбейтіндей етіп салу.
12. Адамзаттың шығармашылық және ағартушылық қуатын арттыру.
13. Халық білімін арттыру арқылы санасын ескінің қалдығы (национализм, фанатизм) мен соқыр наным-сенімдерден босату.
14. Элитаризмді жою.
15. Әдістемені ғылыми зерттеулердің нәтижесі арқылы жасау.
16. Адамзатқа ортақ, түсінікті тіл жасау.
17. Адамның индивидуал дамуын жолға қою.
18. Адамзатты ғаламдық өзгеріске зияткерлік және эмоционалдық жағынан дайындау.
Жак Фресконың айтуынша, "Венера" жобасы адамзаттың әлеуметтік-экономикалық дамуының жолы ғана емес, санасы мен ойлау деңгейінің өзгеріп, жаңа өркениеттік құндылықтарды бойға сіңірудің, мүлдем жаңа қоғам құрудың тура жолы.
Жак Фреско жайлы
Жак Фреско 1916 жылы Нью-Йорк қаласында дүниеге келген. Ұлты – еврей. Жак жастайынан зерек, зейінді, ұғымпаз болып өскен, дүниетанымы ерекше, әлемді тануға деген қызығушылығы ерек бала болған. Жеке ойы мен сыни ойлау қабілеті ерте қалыптасқан.
Сондықтан мектеп мұғалімдерімен келіспейтін кездері жиі болған. Мәселен, 14 жасында Жак АҚШ туына бас иіп, ант беруден бас тартып, "адамзатқа ант бергенім артық" деген екен. Бала Жак сол кезден-ақ адамзат деңгейінде ойлау керегін түсінген.
Кейін АҚШ-тың әуе базасында инженер болып жұмыс істеген. Алғаш ұшақ пен ұшу аппараттарын құрастырғандардың бірі. Бірақ соғыс кезінде әскери ұшақ құрастырудан бас тартқан. Өйткені соғысты адамзаттың қас жауы деп ұққан.
"АҚШ соғыс кезінде Манхэттен жобасын жасап, қару-жарақ өндіру үшін қыруар қаржы жұмсады. Ол сол замандағы ең ірі әрі қымбат жобасы болатын. Оған кеткен қаржыны адамзаттың дамуы үшін жұмсаған әлдеқайда ақылға қонымды емес пе?!" – дейді Жак Фреско.