Абай атындағы қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында «Казкоммерцбанк» АҚ қолдауымен өтіп жатқан ІІІ Халықаралық опера және балет өнерінің фестиваліне арнайы шақырылған маэстро Марко Балдери дайындық пен қойылымдардан тыс уақытта Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық Консерваторияға ат басын бұрып, екі күн қатарынан жас өнерпаздарға мастер-класс дәрістерін өткізді.
Мастер-класс дәрістері Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық Консерваторияның кіші камералық залында өтті. Консерватория студенттері мен ұстаздарының алдына шыққан Марко Балдери өз сөзін таныстырудан бастады. «Ерекше құрмет көрсетіп, мені дәріс өткізуге шақырған консерватория басшылығына алғыс айтамын. Ал, енді болашақ опера жұлдыздарын тыңдауға дайынмын» деді маэстро.
Консерватория студенттері кезекпен Пуччини, Верди сияқты өнер тарландарының операларынан үзінді орындады. Маэстро Балдери жас өнерпаздардың орындауындағы партияларды тыңдап болған соң, әрқайсысымен жеке-жеке жұмыс жасай бастады. Маэстро партиядағы сөздерді тереңірек түсініп, олардың мағынасына аса мән беру керектігін айтты. «Өкінішке орай, сіздер итальян тілін жетік меңгерген жоқсыздар. Соның салдарынан кейбір сөздерді дұрыс айтпай, мағынасын білмей жатырсыздар. Ал мағынасын терең түсінбей жатып, образға кіре алмайсыздар. Есесіне өз кейіпкерлеріңіздің бар болмысын ашып, оның жан-дүниесін көрсете алмайсыздар. Сондықтан да тіл білімін тереңдете түскендеріңіз абзал. Ал ән орындау шеберлігін жоғары бағалаймын. Кең тынысты дауыстарыңыз бар. Оны көрсете білдіңіздер. Өнерлеріңізді ары қарай шыңдай түсіңіздер. Менің айтқан ақыл-кеңестерім сіздерге үлкен септігін тигізеді деген үміттемін» деп Марко Балдери дәрістерді қорытындылады.
Дайындаған: Ғазиза Ұзақ