Хит Леджер немесе «Джокер»

22 қаңтар – әйгілі Хит Леджер дүние салған күн. 2008 жылы 28 жастағы австралиялық актер дәрігерлердің байқаусыз дозаны артық беріп жіберуінен көз жұмған еді. Леджер көрермендер үшін Бэтменнің дұшпаны жауыз Джокер рөлінде жақсы танымал. Ол өзін «Қара рыцарь» фильмінде жаңа қырынан танытқан болатын. Назарларыңызға Хит Леджерге кештеу болса да «Оскар» алып берген фильмге қатысты және жаңа бейненің қалай жасалғаны туралы мәліметтер ұсынамыз.

Кейіпкер қалай таңдалды?

Алғашында режиссер Кристофер Нолан Леджерге «Бэтмен: Бастау» фильмінің басты рөлін ойнауға ұсыныс жасайды. Бірақ австралиялық актер басты кейіпкер өзін қызықтырмайтынын айтып, бас тартады. Нолан болса актерді жібермей, келесі бір «Қара рыцарь» атты фильміне түсуге шақырады. Хит бұл ұсынысты қабыл алып, бір шарт қояды. Ол шарт "өзінің Джокері 1989 жылы шыққан Джек Николсонның «Бэтмен» атты киносынадағы  Джокерге ұқсамаса екен" деген мәнде болды.

Шын мәнінде бұл екі кейіпкер екі түрлі еді. Николсон сомдаған кейіпкер сайқымазақ, күлдіргі болса, Леджердің Джокері есалаң, нақұрыс, актердің өзін қорқытар біреу болды. Крис Нолан не себепті бұл рөлге дәл осы Хитты таңдағаны жөнінде: «Себебі ол көзсіз батыр» деген екен.  

Кейіпкердің пайда болуы

Джокер бейнесін ойлап табу үшін Хит Лондон қонақ үйлерінің біріне қамалады. Актер бір айы бойы кейіпкерінің бейнесін толық зерттеп, жаттығулар жасайды. Ұзақ ізденіп, идеяларын жетілдіріп, жаңа образ жасап шығарады. Ал, Хит үрей шақыратын күлкі ойлап табады. Осылайша бұл рөл Леджерге «үлкен еңбекпен» беріледі. Ақыр аяғында аяушылық пен қорқу дегенді білмейтін жауыз-баскесер бейнесі жасалып шығады. Бұл Джокер үшін ешқандай шекара жоқ, ол бәріне бара алады.

Хит сұхбаттарының бірінде: «Жауыздық бәріміздің бойымызда бар. Тек оған нақ сол күйінде қарау керек. Мысалы, менің шикі етті қалай жейтінім, ол менің аузым мен көздеріме қалай әсер ететінін дәл солай қабылдау керек. Бұл – жәй ғана жауыздықты сезінуге, ақыл-ойыңды басқа арнаға бұруға көмек беретін бейне», - деген екен.

 Социопат және музыкант

Түсірілім кезінде Нолан Леджерге толықтай еркіндік берді. Іс-қимылдарын өз қалауынша жасауға, тіпті сценариіне өзгеріс енгізуге де мүмкіндік жасады. Есесіне қателеспеді.

Жаңа бейне тамаша болып шықты. Әрине тақыр жерден өнер тумасы анық. Хит те өз бейнесін ойлап табуда бұрынғы кейіпкерлерге сүйенді. Мысалы, оның дауыс мәнері Николсон қаһарманына ұқсап шықты. Мінез-құлық, жүріс-тұрысы белгілі екі кинодағы жарқын бейнелерге көп келеді. Бұл жаңа бейне Малькольм МакДауэлл тамаша сомдаған баскесер-социопат Алекс ДеЛардждың «Желікпе апельсин» фильмідегі бейне мен «Sex pistols» тобының панк-рокеры Сид Вишестің бейнесіне ұқсайды. Леджер бұған тек кішкене бүкірейіп жүру, қолын сермеп сөйлеу, ерекше жаратылыс иесі болып көріну секілді жаңа элементтер үстемелеген. Осылардың нәтижесінде пайда болған зұлымдықтың жаңа бейнесі ағылшындық «Empire» журналы анықтаған 100 үздік туындының рейтингісінде үшінші орын алды.

Жаңа Джокердің бет-бейнесін танымал голливудтық гример кіші-Джон Кальон жасап шығарды. Костюмін экспрессионист-суретші Френсис Бэкон салған.

Дақпырт

Фильм түсірлімі аяқталған соң «актер психикалық ауруға ұшыраған» деген сөз тарап, Хиттың қатты көңіліне тиеді. Леджердің өзі түсірілімнен кейін тәулігіне тек екі сағат қана ұйықтай алатынын айтқан. Актердің көптеген бағалаушы көрермендері 2008 жылдың 22 қаңтарында болған жағдайды осымен байланыстырады.

Бірде актерлер Хитті түсірлім алаңынан мүлде басқа кейіпте көреді. Мысалы, Леджердің серіктесі Кристофер Пламмер оның соңғы киносы «Дәрігер Парнастың қиял әлемі» турасында әңгімелесіп, қызы Матильданың сүйікті сериалын талқылаған екен. Ол бұрын мүлде олай жасап көрмеген. Кристофер Ноланның айтуы бойынша, Хит түсірлім алаңында скейдбордпен сырғанаған және басқаша көрінген. Бэтман рөлінде ойнаған Кристиан Бейл де Леджердің Джокер рөлінен кейін тым «ақымақ» болып кеткенін айтады.

Джокер бейнесі Хит Леджердің аяқталған соңғы жұмысы болды. Ол дүние салғаннан кейін тура бір жыл, бір ай өткен соң «Оскардың» ең үздік екінші кезектегі ер адам бейнесі аталымын иеленді.

Дайындаған: Нұржігіт Айдархан

Сурет: rg.ru